Әлем назары қазақ даласында. Торғай атырабынан табылған геоглифтер елдің қызығушылығын тудырып отыр. АҚШ-тың НАСА ғарыш агенттігі тылсым өрнектердің суретін жариялап үлгерсе, шетелдік басылымдар жарыса жазып жатыр. Құпия белгілерді алғаш рет 2007 жылы Қостанай тұрғыны Дмитрий Дей спутник түсірілім арқылы тапқан.
Қаржы саласында еңбек еткен Дмитрий Дей қазір тылсым өрнектерді зерттеуге түбегейлі бет бұрған. Археолог мамандармен ақылдасып, арнайы экспедиция ұйымдастырды. Айтуынша, көне белгілер темір дәуірі мен ғұн-сармат кезеңіне тиесілі болуы мүмкін. Алып шаршы мен айқыш геоглиф осыдан 9 мың жыл бұрын пайда болған деген болжам бар.
Дмитрий Дей, «TURGAI DISCOVERY» ғылыми-зерттеу жобасының жетекшісі:
Торғай үстіртінде 55 геоглиф шоғырланған. Олардың қай дәуірге жататынын сол аумақпен байланыстырсақ, неолит кезеңіне сәйкес келеді. Менің ойымша, тылсым өрнектердің алғашқысы осыдан 9 мың жыл бұрын салына бастаған. Кейінгілері 2700-2800 жыл бұрын аяқталған.
Археолог мамандар Торғай төсін 8 жылдан бері зерттеп келеді. Экспедиция мүшесі Андрей Логвин әзірге нақты тұжырым жасау қиын дейді. Аумақтың топырағына сараптама жүргізілді. Оның нәтиижесіне сәйкес көне белгілер қола дәуіріне жатады.
Андрей Логвин, археолог:
Бұл белгілер салт-жоралғымен байланысты деген болжам жасап отырмыз. Тұрмыстық маңызы болуы ықтимал дегенді де жоққа шығармаймыз. Яғни белгілі бір аумақты айшықтау үшін жасалуы мүмкін.
Төрткүл дүние көз тіккен көне белгілердің түп мағынасын қазақстандық ғалымдар мен зерттеушілер дөп басып айта алмайды. Өйткені елімізде геоглифтерді зерттейтін мамандар мен ғылыми мекеме жоқ.
Хамит Айтқұл, мемлекеттік орталық мұражайдың археология бөлімінің басшысы:
Қазақстан бойынша геоглифтерді зерттеп, оның құндылығын, қайдан пайда болғанын, кімнің қалдырғанын әлі зерттеген адам жоқ, ғалым жоқ.
Торғай даласындағы тылсым өрнектерге НАСА ғарыш агенттігі ерекше қызығушылық танытқан. Таяуда агенттік өкілдері Дмитрий Дейге хат жазып құпия белгілерді зерттеу халықаралық ғарыш станциясының бағдарламасына енгізілгендігін хабарлапты.
astanatv.kz