Састөбенің тұрғындары албастыны көрген бе?

Ел ішінде түрлі адамдар бар. Әңгімелесе қалсаң, небір ғажайып оқиғаларды естисің. Кешегі аптада Түркістан облысындағы Түлкібас ауданына қарасты Састөбе ауылының Насырулла Мұсабеков есімді тұрғынынан (суретте) біз осындай қызықты әңгімелер естідік. 

Бас дәрігер бірдеңені білген сияқты 

«Мен ол кезде өкпеме қатты суық тиіп, қазіргі Т.Рысқұлов ауылындағы ауруханаға түскен едім, – деп еске алады Н.Мұсабеков. – Сол Ванновкадағы орталық ауруханада жаттым. Сонда сияқты тіршілік иесін көзбе-көз көрдім. 

Ауруханадағы балалар дәрігері ұлты кәріс азамат болатын, ол түнде күзетші­лікке қалып та жұмыс істейтін. Қысқасы, бізге бас-көз болатын еді. 

Ол кезде теледидар деген атымен жоқ, ауруханада аптасына бір мәрте «мылқау кино» көрсетеді. Бір күні сондай кинодан соң ұйқыға дайындалып жатқанбыз. Кенет жанымдағы бала: «Ойбай, ананы қара!» – деп үрейлене ай­қайлап жіберді. Бойымды бірден қор­қыныш баурап алды, ал ол нұсқаған жақтағыны көргенде тіпті де есім шығып кетті. Терезеден бізге жалаңаш денесін бастан-аяқ жүн басқан адам тәріздес бір тіршілік иесі үңіле қарап тұрған еді. 

Содан ұл балалар ойбайлап қыздар жататын палатаға қалай қашып кіргені­мізді де білмей қалдық. Енді бізбен олар қосыла шулап, аурухананы басқа кө­тердік. Шуды естіп медбике жүгіріп келді. Бұл кезде әлгі тіршілік иесі бізге енді қыздар палатасының терезесінен қарап тұрған еді. Зәре-құты қалмаған медбике телефонға жүгірген кезде алып-ұшып бас дәрігер де жетті. Бізге: «Шуламаңдар! Ешқайда да шықпаңдар!» – деді де, медбикеге қарап: «Тез үлкендерге хабарла! Қолдарына іліккенін алып осында жет­сін!» – деді. Өзі қолына қанжар сияқты үлкен пышақ ұстап алған. 

Арада көп өтпей үлкендер жағы да жиналып қалды. Қолдарына іліккен тас, таяқ ұстап алған. Бәрі әлгі тіршілік иесіне қарай жүрді. Оның бойы ұзын, денесі ірі екен. Үсті-басын түгел жүн жапқан. Көзі шүңірейген. Мұрны пұшық сияқты, тесіктері үңірейіп тұр, кеңсірігі ішкері біткен. Сөйлемейді, айбат шеккенде ырылдаған сияқты дыбыс шығарады. 

Бас дәрігердің бойы 170 сантиметр­дей, қарулы жігіт сияқты еді. Бірақ әлгіні жасқап, қорқытпақ болып жақындаса, ол ырылдай ұмтылып, қойып кеп жібер­генде бірнеше метрге дейін ұшып кетеді. Тұра салып қайта ұмтылады. Басқалар да қолдарындағымен соққы беруге тыры­сып бағуда. Бірақ әлгіге таяқ батпайтын сияқты, ыңқ етпейді. Өзі қашып құтылу жағын ойламайтын да сияқты. Ұмтылса, ұрса, адамдардың ту-талақайын шы­ға­руға күші жетердей, бірақ өзіне сермел­ген соққыны қайтарудан әрі аспайды. 

Дегенмен адамдар батылданып, ұм­тыла бергесін әлгінің беті қайтайын деген сияқты. Ақырын бұрылды да, баудан шығып, тауға қарай бет алды. 

Бірақ оның соңынан қууға ешкімнің де батылы жетпеді. Сосын әрқайсысы әрдеңені айтып, тарқай бастады. Бас дәрігер бір­деңені білетін сияқты көрінді, бірақ ол жұрттың сұрақтарына жауап қатпады. 

Содан арада 11 жыл өткесін, 1975 жылы мен тағы да өкпемді қатты суықтатып алып, бұл жолы Шымкенттің Шмидт көшесіндегі туберкулезге қарсы диспансерге бардым. Сол жерде рентгенге түспек болғанда бұрын Састөбеде болған бас дәрігерді кездестіріп қалдым. Ол сонда жұмыс істейді екен. «Дмитрий Владимирович, есіңізде ме, 1964 жылы Састөбедегі ауруханаға адам тәріздес бір тіршілік иесі келген еді ғой?» – деп оқиғаны оның есіне түсірдім. Ұмытпапты. «Е-е, ол оның ауруханаға үшінші мәрте келуі еді», – деп қалды. Содан қазбалап сұрай бас­тадым. Бірақ әлгі тіршілік иесі туралы біліп аламын деген дәмемнен нәтиже шықпады, дәрігер маған ештеңе айтпады. «Оны айтуға болмайды. Айтсақ, сотталып кете­міз», – деп өзінің каби­нетіне ке­ту­ге асықты. 

Сол бір тіршілік иесі менің есіме анда-санда түсіп тұрады. Мен оны қыста көрген едім. Жалаңаш денесін жүн басқан ол қар үстімен адымдай ұзап бара жатты. Кейін іздерін өлшегенде адамдікінен кемінде екі есе үлкен екенін көріп тіпті де таңқалғанымыз есімде». 

Састөбелік Н.Мұсабеков осылай дей­ді. Оның айтып берген әңгімесі таяуда ғана ғаламторда үндістандық шекарашылар жариялаған бір жаңалықты есімізге түсірді. Олар Гималай тауларынан адам тәрізді тіршілік иесінің ізін тапқанын жариялаған еді. Әлгінің табанының ұзындығы – 81 сантиметр, ені 38 сантиметр тартқан екен. «Бұл йетидің ізі екені анық», – дейді олар. 

Яғни Қар адамын бүгінде әлем жұрт­шы­лығы «Йети» деген баламасымен атай­ды. Оны кавказдықтар «алмаст» деп те атайды екен. Біздің қазақтың «албас­ты» деп жүргені де осындай тіршілік иесі шығар деп те ойладық. 

2017 жылы болса керек, ресейлік бір ғалым Алтай тауларында Қар адамы бар екенін, оның енді көп ұзамай Шығыс Қазақстан аумағынан бой көрсетуі мүм­кін екенін айтқан еді. Біз сол кезде бұл жұмбақ тіршілік иесі туралы, оны Шығыс Қазақстан аумағынан көрген жер­гі­лікті тұрғындардың бар екені жа­йында танымдық мақала жариялағанбыз. Н.Мұ­са­­бековпен әңгіме кезінде соның бәрі есімізге түсті. Мүмкін Сас­төбенің адамдарының көргені де сондай Қар адамы – Албасты шығар деген ойда қалдық. 

Шөп қорыған жыландар 

Састөбелік Н.Мұсабековтің бізді таң­қалдырған тағы бір әңгімесінде жоғал­ған су мен шөп қорыған айдарлы жыландар туралы айтылады. 

«Бала кезімізде біздің ауыл Қара­үңгір деген жерде тұрды, – дейді ол кісі. – Ол қазіргі Мақталы ауылынан 16 шақырым қашықта еді. Қырық шақты үй отырдық. Кейін жұрт ол жерден көшіп кетті. Қазір елсіз жатыр, ол маңайға адамдар сирек барады. 

Сол Қараүңгірде Үштас деген жер болатын. Тастары үлкен, үймен бірдей. Со­ның бірінің артқы жағында кішкене ға­­на екі шұқырша болушы еді. Олар үнемі мөлдіреген таза суға толып тұратын. Тартылып, қаңсып та қалмайды, асып-төгіліп те кетпейді. 

Басынан ел кеткесін сол шұқыршалардағы су да жоғалды. Үлкендерден бұл жерден су Қараүңгірге ел қоныстанғанда ғана шығады деп ести­тінбіз. 

Осы Қараүңгір жақтан біз інім екеуміз шөп шабушы едік. Бірде қамыс басына киімнен қалқа жасап, түскі кезде демалып жатсақ, ұйықтап кетіппіз. Бірдеңенің ысылдаған үнінен ояндым. Жанымда қақшиып бір жылан тұр екен. Көз қиы­ғымен екінші жаққа қарасам, онда да ысылдап тап осындай жылан тұр. Басында айдары бар. Әріде жатқан інімнің бас жағында да екі жылан тұрғанын көрдім. Зәрем қалмады. 

Бір кезде атамның: «Өзің тимесең, жылан саған тиіспейді. Көрсең, мүмкін болса, бір ыдысқа ағарған құйып қой», – дейтіні есіме түсті. Сосын арқаммен ақырын жылжып, әлгі тұстан шықтым да, сынған банканың жұрнақтарын жинап, дорбадағы ыдыстан айран құйып қойдым. Сосын қарасам, әлгі жыландар көрінбейді. Інімді оятып, бол­ған жайды жеткізгенімде ол ештеңені көріп-білме­генін айтып аң-таң болды. 

Ертеңіне білдік, сол күні біз жылан жұмыртқалаған жерге жатқан екенбіз. Жұмыртқасы қаздың жұмыртқасындай, оңайшылықпен сынбайтын қатты болады екен. Егер де жұмыртқасы жарылғанда олардың бізді шағуы мүмкін еді. 

Содан інім екеуміз бірнеше күн бойы орып, жинаған шөп оншақты шөмеледен асты. Енді оны үйге жеткізуге көлік таппай жүргенбіз. Бір күні шабындыққа бар­сам, шөпке шаншулы бір бесақа тұр, жақын тұста ары-бері өткен машина ізі жа­тыр. Біреулер біздің жиған шөпті ұрламақ болған, бірақ қандай да бір себеппен әкете алмаған сияқты. 

Осыны үйге келіп айтқанымда атам: «Ұрыларды жылан жолатпаған болуы ке­рек. Қазір колхоздан машина, адам сұ­раймын. Барып, шөпті артып әке­ліңдер. Үй­ден көп қылып айран әке­тіңдер, ыдыс­­­қа құйып, әр жерге қо­йыңдар. Адамдарға ескертіңдер, өздері тимесе, жылан оларға тиіспейді», – деді. 

Сол күні жиналған шөпті түгелдей көлікке артып, бірнеше рейс жасап, үйге жеткізіп алдық. Колхоздың машинасын айдайтын бір жүргізушіден олардың шөп ұрлауға барғанын, сонда біздің шөпті қорыған жыландардың оларды жолатпағанын сол кезде өздерінен естідік». 

Міне, састөбелік Насырулла Мұсабеков бізге осындай әңгімелер айтып берді. Айтуынша, ілгеріректе оның бо­йында бір тылсым қасиет пайда бол­ған екен. «Анда-санда құлағыма алда не болатыны туралы дыбыстар келіп тұрады. Неліктен екенін өзім де біл­меймін. Естігенім көп ұзамай орындалады», – дейді ол. 

Осы тылсым қасиетінің арқасында ол айдалада мал жайып жүргенде бірнеше қойын тартып әкетпек болған үш жігітті тәубасына келтірген екен. «Құлағыма осындай үндер келген соң: «Қойларды ала беріңдер. Бірақ бұл жерден кете алмайсыңдар. Машиналарыңның дөң­гелегі жарылады», – деп айтқанмын. Олар бұған құлақ аспай, қойларды артып, енді жүре бергенде көлік дөңге­лектерінің желі өз-өзінен шыға бастады. Олар қатты қор­қып кетті, сосын кешірім сұрап, көліктерін жөндеп алып, тайып тұрды», – дейді Н.Мұсабеков бұл жө­нінде. 

...Иә, өмірде біз сырын ұға бер­мейтін тылсым құпиялар әлі де көп-ау. Сас­төбелік Н.Мұсабековпен бол­ған әңгі­меден кейін біз осындай ойда қалдық. 

Т. ТҰРАН.

Насырулла Мұсабековтің байланыс телефоны: 8-771-684-49-12.

www.zamana.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста