Қыдырбай ақсақал шашы бар жылан көріпті
Қазығұрт ауданының Қақпақ елді мекенінде Қыдырбай Жамалов деген қария (суретте) тұрады. Жасы 80-нің үстіне шыққан бұл кісінің әңгімелері де қызық. Өзі өмір бойы шаруашылықта жұмыс істеген, қой баққан. Қой бағып жүріп кезінде қарияның тауда алып жыланды көрген жайы бары бар екен.
«Ол кезде қазіргідей емеспін, жастау кезім, – деп бастады әңгімесін Қыдырбай қария. – Күн сайын таудың басында мал бағамын. Сондай күндердің бірінде жуандығы етжеңді адамның санына пара-пар келетін алып жыланды өз көзіммен көрдім.
Қолымда таяғым бар еді. Сондықтан онша қорқа қойған жоқпын. Жылан болса, мені көре сала ары қарай кетті. Қас пен көздің арасында төменге түсті, одан жотаға шығып, сол жерде көрінбей кетті. Мен артынша жаңағы жотаға барғанымда тапталып жатқан көк шөпті көрдім.
Екінші рет көргенімде жыланның басы ылдиға қарап жатыр екен. Жәйлап қарасам, басында шашы бар секілді. Бір кезде жылан мені көрді. Екеуміз бір-бірімізге қарап тұрып қалдық. Содан ол ылдиға қарай түсіп кетті. Одан кейін көрген жоқпын».
Қақпақ ауылының тұрғыны Тазабек Құлсейітов те Жаңбырбай қарияның айтқанын рас дейді. Өйткені ауылда тек ол кісі ғана емес, Сман деген азамат пен бір тәжік те алып жыланды көздерімен көріпті.
«Жаңа мына кісі әңгімесінде бір жерін айтқан жоқ, – дейді Тазабек Құлсейітов. – Жақаң жыланды алғашқы көргенінде есінен тана жаздап, жан-дәрмен ауылға қарай қашқан. Үш күннен соң сенер-сенбесімізді білмей біз де сонда бардық. Шынында тау үстінде жайпалып жатқан көк шөпті көрген соң тауда жылан бар екеніне шүбәсіз сенгенбіз.
Ертеректе ауылдың жекеменшік малын бір тәжік жігіт бағатын. Сол төрт рет дәу жылан көрдім дегенде біздер онша мән бермеп едік. Сөзіне қарағанда, ұзындығы шамамен алты мердей болатын дәу жылан бір тасқа оралып жатады екен. Жан-жағында қой-ешкі еркін жайылып жүреді деседі. Сонда ол малға тимейтін қандай жылан?
Қ. МҰХАМЕДЖАН