Құстардың тілін түсінген адам

Құстардың тілін түсінген адам

Ертеде жалғыз сиыры бар бір сіңірі шыққан кедей болыпты. Бала-шағасын асырай алмай қиналған кембағал байғұс ылғи әлгі сиырының аман бұзаулауын тілеп, Тәңіріне жалбарынып жүреді. Өйткені жалғыз сиырдың қою сүтімен балаларын аққа жарытып, бұзауын қысқа қарай соғым етіпті.

Күндердің күнінде сиыры аман бұзаулап, әлгі кісі жылдағыдай балаларынан артылған сүтке су қосып, базарға сатып алтын динар жинайды. Осылай, арадан үш жыл өткенде ме, төрт жыл өткенде ме, әйтеуір қаражаттың басы құралғанда алтын динар салынған белбеуін беліне байлап үлкен шаһардағы базарға бармаққа кемеге мініп сапарға аттанады.
Желкенді кеме суда ұзақ жүзеді. Толқын тудырған тербеліс, төбеден түскен күннің шуағы маужыратып ұйқыны келтіреді. Кейбірі басына қабын жастап, кейбіреулері біріне-бірі басын сүйенген жолаушылар ұйықтай бастайды. Кедей де желкеннің діңгегіне сүйеніп отырған күйі мызғып кетіп, қайта оянып, жамбасын сипаса, беліне байлап алған әмиян-қалтасы жоқ! Ол жалма-жан ұшып тұрғанда байқағаны, біреу байлаған қалтаны шешіп алып кетіпті.
Неше жылдар бойы жинаған қазынасынан лезде айырылып қалғанына сенер-сенбесін білмей басын қос қолымен ұстай алып жерге отыра кетеді. Оның дәл осы қимылын күтіп тұрғандай, қасына бір динар төбеден сыңғыр етіп құлайды. Жалғыз динарды кеме палубасынан жалма-жан алып «бұл қайдан түсті» деп жоғары қараса, кеменің желкен керілген ұшар басыңда бір кішкене маймыл отыр, қолында – кедейдің динар салған әмиян қалтасы. Мұны көрген кедейдің жаны шығып кете жаздайды.
Кеме толқынымен қозғалған сайын бейне суға құлап кетердей болып отырған маймыл кедейдің «әмиянды таста» деген ымына жауап ретінде қалтаға қолын сұғып бір динар тастайды. Ал екінші динарды теңізге лақтырды. Маймыл осылайша, қашан әмияндағы динары таусылғанша кедей байғұстың бір динарын кедейге, екіншісін теңізге лақтыра берді. Ең соңында бос қалған әмиян қалтаны қолына киіп біраз тұрады да ішкі тысын сыртына айналдырып кедейге тастайды. Барлық жинаған қазынасының тең жарымынан айрылған кедей жылап жібереді.
Сол кезде қасына ақ сақалы теңізден соққан желге желбіреген аппақ киімді бір қария пайда болып:
– Ей, мүсәпірім шыныңды айтшы, бұл дүниені қалай тауып едің? – деп тіл қатады.
Кедей жалғыз сиырының сүтіне су қосып сатып, үш жыл жинаған ақшасы екенін жасырмай айтады.
– Алланың сүйген құлы, жүрегің таза екен – шындықты жасырмадың. Бұл шығынға өкінбе, шығын орнына келер, шыбын жан кеудеден ұшса қайта қонбас. Күнәңді жаратушы жеңілдетіпті, – депті тымсылдап.
Сосын әңгімесін ары жалғап:
– Ілгері заманда жер басып жүрген әулиелер көп болса керек. Сондай бір адам құдаймен тілдесіп «құстардың, жан-жануарлардың тілін түсінетін қасиет дарыт» деп жалынады. «Ол неге керек»? деп Жаратушы көнбейді.
Аңғырт адам «қызық көрем» деп жалынып болмаған соң Жаратушы ие амалсыз тілегін қанағаттандырады. Сөйтіп әлгі жан айналасындағы жаратылыстың тілін түсінетін болыпты.
Бір күні есік алдындағы дарақта қонақтап отырған екі шымшықтың сөзіне құлақ түрсе:
– Ертең қожайынның сиыры өледі. Бұзауы жетім қалатын болды. Науасына салған жемінен нәпақа тауып жүр едік, енді қайттік? – деп жатыр екен.
Мұны естіген үй иесі лезде сиырын базарға шығарып сатып жібереді.
Арада біраз күн өткенде үйінің ашылған есігіне қос қарлығаш қонақтап отырып:
– Жақында қатты нөсер болады. Мынау үйге найзағай түсіп, өртенеді, қабырғаға салған ұямызды қайттік? – деп шырылдайды.
Мынау жаманат хабардан үрейі ұшқан әлгі жан жалма-жан үйін сатып, басқа жерге қоныс ауыстырады.
Жаңа қонысы көңілінен шығып, айналасына, ауласына күтіп баптай қарайды. Базардан сиыр сатып әкеліп жемдеп, байлап баға бастайды.
Бір күні ауласына қайдан ұшып келгені белгісіз бір сауысқан қонақтап отырып:
– Ұзамай осы үйдің қожайыны өледі, жемдеп бағып жатқан сиырын жаназасына сояды. Қан-жынға бір тоятын болдық, – деп шықылықтап жар салады.
Әлгі адам мынау сұмдық хабарды естіп, жанұшыра құдайға жетеді.
– О, Құдірет, жан-жануар мен құстардың тілін білетін қасиетті бекер сұраған екенмін! Келетін ажалды күні бұрын естіп қиналудамын! – деп жылайды.
Сонда ұлы Жаратушы:
– Істеген күнәңа орай басыңа ауыртпалық түскенде оны сиырыңа аударып күнәңді жеңілдетпек едім, сен сиырды сатып жібердің. Сосын үйіңді өртеп күнәдан құтқармақ болғанымда қоныс аударып, тағы да өзіңді ажал аузына тостың. Егер әу баста сиырыңды сатпағанда барлық ауыртпалық сол қарамалмен кетер еді де ісің алға басар еді, – депті.
Ей, мүсәпір кедейім, сен бұл хикметке өкпелеме. Маймыл судан келген пайданы суға, таза еңбегіңмен тапқан ақшаңды өзіңе қайтарды. Күнәң ауыр еді – жеңілдеді. Қолыңа тиген қазынаңа береке берсін, – дейді.
Бұл әңгімені төмен қарап тыңдаған кедей басын көтеріп желкеннің ұшар басындағы маймылға қараса, қайда кеткені белгісіз, жоқ екен.
Күнәсін мойындап, көңіліне сабыр келген кедей ұлағатты сөзіне алғыс айтқалы әлгі қария тұрған тұсқа қараса, ол да көзден ғайып болыпты.
Тек бір жас сәби палубада еңбектеп ойнап жүріпті. Ал жолаушылар қалың ұйқыда мынау оқиғадан ешқандай хабарсыз.
Әмиян-қалтасының тысын оңғарып, қолына тиген алтын динарын оған салып болған соң, бұл мұғәниза – сырды терең түсінген кедей дұға оқып, Жаратушыға тәуба айтыпты.

Қабдыл-Уаһап Мағауияұлы, зейнеткер, ҚР білім беру ісінің үздігі

 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста