Қорқынышты төрт әңгіме

1 - ЖАЛҒЫЗДЫҚ


Елсіз иен жапанда жалғыз өзім қалыппын. Жападан жалғыз. Бәлкім олай емес те шығар. Жан-жағыма байыздап қарағым келді. Жоқ қарай алмадым, көзім тарс жұмулы екен. Қанша тырбансам да жанарымды ашуға шамам жетер емес. Сосын ойыма кімді іздеймін деген сауал келді. Шынымен мен кімді іздеймін. Кімді іздеуім керек. Ата-анамды шығар... несіне... олардың да өз әке-шешелері бар, солармен бірге шығар... Ал менің балаларым ше... иә өз балаларымды іздеуім керек! Бұл жолы үстіңгі қабағымның терісін сыпырып тастауға дәс қалдым... деседе жанарым ашылмады... жоқ, менің жанарым ашық шығар. Бәлкім, мен көру қабілетінен айрылған шығармын... тағы талпындым... еш өнім жоқ... мен тағы ойландым. Несіне жанталасам... менің балаларым да өз балаларына кеткен шығар... олардың да өз балалары бар ғой. Жоқ, оларды мазаламайын. Тоқтап дем алғым келді. Жоқ тоқтауға болмайды екен. Неге екенін қайдам, тек алдыға ғана тоқтаусыз жүгіре беруге міндетті екенмін. Бұл неғылған қағида деп ашуландым. Осы қағиданың тас-талқанын шығармақ болып ақыры жер табандап тұрып алдым. Енді жанарым ашылғандай болды... маңайымнан сан милиондаған таныс және бейтаныс адамдар алға қарай жан ұшырып кетіп барады екен... әлде бір тылсым күш алқымымнан езіп алға қарай сүйрелейді... мен өзімді бек қайсар адам есептейтінмін. Қарысып бақтым. Енді көзіме артымда маған қарай келе жатқан балам көрінді... қуанып кеттім. Әлгіндегі тамағымды езген жойқын күштің зұлматын сезінбей де қалдым. Маңдайынан сүйіп, құшағыма қыспаққа балама қарай тұра жүгірдім. Иә, не болған, ұлым менен кері бажылдап қашып бара жатыр. Ол да мен сықылды жалғыз қалып, жабығып, адам танымай қалған шығар. Ақыры қуып жетіп иығынан жұлқа тартып өзіме қараттым. Масқара балам деп қуып келгенім өзім екенмін. Иә, өзім. Тура осы киім, осы сумкамен алғаш мектепке барғанмын. Қолым еріксіз босап кетті. Менің бала бейнем анадайға барып, маған қарап жымиып қойды. Ұлым екен деп алданғаныма ашуым келді. Оған қарамай алдыға қарай тұра жүгірдім... қаншалықты жүгіргенімді білмеймін, әйтеуір бір кезде қаптаған қалың нөпірдің ішінде әкем кетіп барады екен. Бейшара шал қартайыпты... белі бүкірейіп, таяққа сүйеніп әзер кетіп барады. Қолтығынан демегім келді. Қуып жетіп енді қолтығынан ала бергенімде, ол маған жалт қарады. Баж ете қалдым. Әкем деп жетіп келгенім менің қарттығым екен. Бет аузымның алжа-алжасы шығып, маңдайымдағы әжімдердің тереңдігіне көз жетпейтін із қалдырып, таяққа таянып қалт-құлт етіп, әзер кетіп барады... Бала бейнеме қайтқым келді... Бірақ, ол менен қашады. Қарт бейнемнің қасында қалғанға өзімнің дәтім жетер емес.

Мен көзімді тарс жұмып алып, алға қарай қаптаған қалың нөпірдің ішінде жападан жалғыз өзім сызып келе жатырмын...


2 - МҮРДЕ


Ауыл сыртындағы қабірге қарай шұбап келе жатқан топқа таяй бере ол өз көзіне өзі сенбей қалды.

Жан-жағынан қаумалай көтеріп келе жатқан табытта кәдімгі тірі адам, тірі қыз жан-дәрмен үстіндегі ақіретті шеше алмай аласұрып келеді. Табыт алып келе жатқандар мұны көрмеген іспетті.

Барлығының қабағына қайғы орнап, ауыр басып келеді.

Қабіршілерге жетіп келген ол:

– Айналайындар-ау, сендерге не көрінген, тірі адамды ақіретке орап қайда алып барасыңдар!.. – деп анаған бір, мынаған бір жүгіріп жүр.

Шамасы, қыз жақыны болар, белін ұзын ақ шүберекпен байлаған жігіт ағасы:

– Тәйт ары... әкетіңдер мынаны... аруақты қорлат­паңдар... – деді.

Желкелеп өзін шеткері алып шыққан жігіттерге жалбарынып еді:

– Өзіңді де сол қызбен бірге көмсін демесең жоғал көзден... есің ауысқан шығар... бар, ана бұлаққа басыңды малып, есіңді жи!.. –десті.

Бұлақ басына келген ол шынымен жынданған шығармын деп ойлады. Бірақ ақіреттен шыға алмай бұлқынған қыздың өзіне жалынышпен қараған көзі көкейінен кетпей қойды. Ақыры қабіршілер қайтқан соң зират басына тартты.

Жас қабірге жете қабірді құшақтап өкіріп жылап жіберді. “Кешір мені, саған араша түсе алмадым... кешір мені, маған ешкім сенбеді... ”

– Жоқ, бұл сенің кінәң емес, – қыз дауысы жанынан шықты. Селк ете түскен жігіт қате естідім бе деп жан-жағына қарады. Сонда барып көрді. Қабірдің арғы жағында аққұба қыз аппақ ақіретке оранып бүк түсіп отыр.

– Жүр... қашайық бұл жерден...

– Мен кете алмаймын ғой... денем мынаның астында жатыр.

Қыз иегімен қабірді нұсқады.

Жігіт орнынан атып тұрды да ауылға қарай жүгірді. Шеткі үйдің босағасына сүйеулі тұрған күректі ала сала қас-қағымда қабірге келді де жанталаса қабірді қаза бастады. Жан алқымға жетіп қыздың сүйегін көтере бергенде, топырақ гүр етіп оны басты да қалды. Жан дәрмен сыртқа ұмтылған ол жер бетіне шыққанда, өз денесінің қыздың мүрдесімен бірге қалғанын бір-ақ білді.


3 - ЖЕТІНШІ КӨР


Көзі іліне бере оны әлдебір тылсым күш ауылдан шеткері төбе басындағы зиратқа қарай дедектетіп ала жөнелетін-ді. Қалың қорым зираттың арасынан бір тепсеңге әкелетін де жеті орын көрсетіп, бір-бірінен аумайтын жеті көр қазуды бұйыратын. Жанталасып қатқыл жердің керішін сыртқа атып жататын. Күн ұясынан арқан бойы көтеріле оянған ол, денесі дел-сал болып, қара терге малшынып жатып оянатын. Қатарынан үш күн өтті. Алғашында жәй түс шығар деп ойлап жүрген ол қарадай сезіктене бастады. Төртінші күні ұйықтамай бақты. Бірақ таңға жете алмай құлады. Тағы сол зират басы. Жанталасып төртінші көрді қазып жатыр. Қанша тырбанса да қазып бола алар емес. Ақыры күрегіне сүйеніп отыра кетті... ояна келсе екі қолының қары үзіліп, ентігіп жатыр екен. Сүйретіліп орнынан тұрды да, беті-қолын шаймастан зиратқа қарай тартты. Бұрын қанша келіп жүргенімен мән бермепті. Төбенің ортан беліне таман ашық алаңқай көрініп жатыр. Тура соған қарай жүрді. Түсіндегі өзі қазып жүрген көрлер, төртіншісі бітпеген. Үйілген топырақтың қасында түсінде өзі ұстап жүрген шолақ күрек... Ол есінен адасып қала жаздады. Неге екенін өзі де түсінбестен күректі алды да көрді тереңдетіп қаза бастады. Көрді қазып бітіріп сыртқа шыққанында түн ортасы болған-ды. Ол үйіне қайтқан жоқ. Бесінші көрді қазып бітірді... Ақыры жеті күнде жеті көрді бітіріп, “үһ”, деп отырған орнында қисая кетті.

– Сенің міндетің әлі біткен жоқ. Анау тұрған құлыптастарды әкел де, иелерін алып келіп көм, – деді. Құлыптастарға барған ол құлпытастан шолақ Есен, шолақ... ылғи осы ауылдағы өзінің таныстары. Тек жетінші құлыптаста ғана ат жазылмаған, шолақ деп қана астыңғы жағы бос тұр. «Осылардың бәрін алып келіп көмгенде ғана сенің міндетің бітеді...» – дейді тылсым күш. Алдыңғы алтауын таниды, “Ал жетіншісі кім?”. Ойланып таба алар емес, бүкіл ауылда осы алтауынан басқа шолақ ешкім жоқ-ты. Күн бата қойнына айбалтасын тығып алдымен Есенге келді. Алдап сыртқа шақырып шықты да, ту сыртынан балтаны сермеп кеп қалғанда Есен алдыға асығыс аттап кетіп, ол етпетінен түсті. Қылпылдап қайралған айбалта өзінің сол қолының саусақтарын қырқып түсті.


4 - УАҚЫТ


Ол осында келген сайын қабырғаға тақау тұрған дәу сағатты айналсоқтайтын.

– Оған ешқашан жақындаушы болма!.. – деп, мұражайды күзететін шал бажылдайтын.

– Бұл қай заманның сағаты?

– Қай заманда тұрсың.

– Көрсем бола ма?

– Неге?

– Неге тоқтап тұр?

– Асықпасаң өзің-ақ білесің…

– Жарайды ендеше. Бұл өзі не қылған сағат?

– Кім айтты саған бұны сағат деп, бұл уақыт!..

– …

Сол шал туралы достары да көп айтысатын, “осы шал зәуде ғалам сенің бірдеңең, сенен аумайды, жо, сен одан аумайсың” дейтін. Бұл туралы өзі де көп ойлайтын. Бірде шалдан:

– Шал-еке, қай ауылдансың?..- деп сұрады.

Неге екенін өзі де білмейді, әйтеуір осы шалмен сен деп сөйлесетін.

– Сенің ауылыңнан.

– Қойшы, өтірік, біздің ауылда сендей шал жоқ-ты.

– Онда енді болады.

– Расын айт…

– Расы сол, тек ана сағатқа ешқашан жақындама…

Шал кетіп қалды.

Шалдың еш сөзіне сенген де жоқ. Кешке қарай мұражайды жапқалы жатқанда әлдебір үлкен сандықтың ішіне тығылып, қалып қалды. Ел аяғы әбден үзілді-ау дегенде сағатқа келді. Сағат тоқтап тұр. Ол сонда барып көрді, сағаттың тілі ғана бар да, цифрлары жоқ екен. Еппен бетін ашты. Құлағын бұрай бастады. Сырт-сырт… тық-тық… сағаттың тілі кенеттен оңды-солды шыр айнала бастады. Ол гүрс етіп еденге құлады. Есін жиғанда таң атып кетіпті. Ел жұмысқа келіп жатыр екен. Жайлап шығып кетпек болып, есікке қарай таяй беріп сағатқа қарады. Тық-тық етіп жүріп тұр. Сағат түбінде тұрған бала оған қарап:

– Ей, шал, бұл қай заманның сағаты? –деп сұрады.

Оның қолынан бір шумақ кілт жерге шылдыр етіп түсіп кетті.


vk.com

Автор: Мүбарак Қойшыбек 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста