Алғаш осы тақырып туралы сөз еткенде, неге екенін қайдам, есіме психоанализдің атасы саналатын австриялық психиатр Зигмунд Фрейдтің түсті «патша жолы» деп атаған сөзі ойға оралды. Чехияда туылған еврей қанды осы ғалым өз еңбегінде түс туралы осындай бір оқыс анықтама берген. Мүмкін оқыс та емес шығар...
Әдетте түс көру қалыпты құбылыс саналғанымен, оның шытырманға толы сырлары әлі де адам баласына өз сырын толық ашпағаны анық. Қалай болғанда да ғылымда һәм дінде де түстің аян ретінде, яғни жаратылыстың адам санасына жасаған әсері деп қарастырылатынын аңғарғандай болдық. «Түс оңалмай, іс оңалмайды» деп санайды қазақ. Көрген түстің өңімізде қайталануы мүмкін бе? Әрине, бұл сұрақ түсінікті болу үшін мынадай мысал келтірейік: бүгін біреуден бір кітапты оқи тұруға алып жатқан сәтіңіз бұрын да бір қайталанған сияқты болып көз алдыңыздан кино таспасындай зыр етіп өте шықса, сіз не істер едіңіз? Ойыңызға келген осы елес бір айдың, тіпті бірер жылдың алдында көрген түсіңіз болса ше? Бұл жәй адам баласына жұмбақ мәселе сияқты. Әдетте адам түсін зерттеген ғалымдар 8 сағаттық ұйқының шамамен 90 минутында, яғни 20 пайызында адамның түс көретінін және ол түстердің де әртүрлі топтарға бөлінетінін де байқаған.
Енді Зигмунд Фрейдке қайта оралсақ. Ол түстің адам санасына жасайтын әсері мен түс арқылы емдеуде өзіндік сара жол сала білген тұлға ретінде танымал. Оның «Түс жору» (1900), В.Иенсеннің «Градивасындағы» сандырақтар мен түстер (1907), «Бір елестің келешегі» сияқты кесек туындыларында адам психологиясындағы түсіндіріп беруге келмейтін осы бір құбылыстар жайлы жақсы мәліметтер қалдырған. Ол түс көруді, яғни біз сөз етіп отырған өң мен түстің арасын бейсаналылық ұғымына кіргізеді, яғни адам баласының түсіндіріп беруге келмейтін дүниелерінің қатарына қосады. Ал түсінде көрген құбылысты өңінде қайталайтын адамдардың көбіне сезімтал болып келетінін, әрі ол түсте де ұлттық ерекшелік болатынын және оны әр ұлт өзіндік болмыспен қабылдап болжайтынын да жазады.
Берікбол Сағындықов «Ғаламның ғажайып сырлары» атты еңбегінде түс туралы өзіндік жалпылама ой айтқанымен, оны тереңдеу зерттемеген. Әр жаратылыстың осы бір беймәлім сырын ашуда біз қандай да бір қазақ жантанушысының ұлттық менталитетімізге лайықтап жазған еңбегін кездестіре алмадық. Қалай болғанда да мұның бәрі құдіреті күшті Жаратушы тарапынан болатынын ескертумен бастаған Тастақ мешітінің найб имамы Көптілеуов Бақытжан ойын былай жалғастырды:
— Негізінде, бұған байланысты белгілі бір анықтама жоқ, бірақ адам баласы екі нәрседен тұрады: адамның денесі және рухы. «Адам» — денесі көзге көрініп, қолмен ұстайтын материя болса, адам рухы көзге көрінбейтін нәрсе. Жалпы батыстың ғалымдары рух мәселесін зерттегенде «Адамның жаны қандай? Ол неден тұрады? Салмағы бола ма?» деген сұрақтарға жауап іздеп, өлім төсегінде жатқан адамдарды электронды таразыға салып бақылайды. Бақылау нәтижесінде сәйкес бақиға ат-танған адамның салмағының 21 грамға азайғанын көр-іп, адам жанының салмағын осы салмақта деп тұжырымдаған... Жалпы Абай атамыздың да қара сөздерінде айтылады ғой, қазақтың ежелден адамзат дегені турасында адам және зат. Адам деген — адам баласының рухының атауы, ал зат — Құдайдың бізге дене тұрпат жағындағы құрылысы. Адам рухы өлім кезінде адамнан мүлдем ажыраса, ұйқы кезінде де бізден алыстап өзге әлемге саяхат жасайды. Құранда айтылғандай, адамның ұйықтап жатқанда Лаухы Махфузбен (Күллі жаратылыстардың тағдыры жазылған Құдірет кітабы) екі арадағы перде түріледі. Соның нәтижесінде ондағы кейбір мағлұматтар адам жүрегіне түсіп, таңбаланады да, түс арқылы көрініс береді... Ал адам оянған кезде барып, сол рухы көрген дүниесінің кейбірін есіне түсіре алады. Міне, біз білетін мұндай там-тұмдаған ақпараттар осы ғана. Сыры толық ашылмаған қасиетті құран аяттарында һәм ғалымдардың жаңалығына арқау болғанымен, біз бұл тақырыпты толық түсіне алған жоқпыз...
Танымал түрік ойшылы Ф.Гүлен түс туралы мынадай бір пікірлер білдірген: «Түс — аян арқылы ана дүниеге ашылған терезе. Болған және болатын оқиғалардың қаз қалпында немесе кейбір белгілер арқылы көрініс табуы... Түс көрмейтін адам жоқ шығар, сондықтан оны рухтың табиғи көруі деуге болады. Осы арқылы адам баласы тән тіршілігінен бөлек басқа әлемде өмір сүреді және сол әлемде тағдырдың талай сырын сезе алады... Адам түсінде көрген жайттардың өңінде айна қатесіз келгенін айғақтайтын оқиғалар өте көп кездеседі. Егер әрбір адам тек көрген түсінің өңінде қайталанғандығын ғана жинақтаса, бұл том-томдаған кітаптарға арқау болар еді».
Түс көру — уақыт пен кеңестікті өз құзырында ұстаған Жаратушы Иеміздің адам баласына берген керемет нығметі. Бекерден-бекер пайғамбарлықтың қырық алтыдан бірі болып саналмаса керек-ті. Салихалы түсті кез келген адам көре бермейді, ол түрлі кедергілерден өтіп жаны мен рухы парасаттылыққа бейім адамдардың еншісіне беріледі. Оған дәлел де жеткілікті, көрген түсі өңінде қайталанғандардың көбі өнер иелері мен ғалымдар. Мысалы, атақты ғалым Д.И.Менделеев химиялық кестені түсінде көріп, өңінде оны есіне түсірген. «Возвращение к Богу в России» атты кітапта да Островская деген автор шешесінің Германияның Ресейге тұтқиылдан басып кіргенін, соғыстың қалай өрбігенін егжей-тегжейлі бес жыл бұрын түсінде көргенін, расында да, көрген түсі кейіннен таңбалап қойғандай жүзеге асқанын жазады. Ағылшынның атақты жазушысы Чарльз Диккенстікі тіптен қызық. Өз шығармаларын көрген түсі бойынша жазып отыратын оның не жазатыны түсінде аян болған.
Айналып келгенде, тек ғылыммен, әсіресе материямен дәлелдей алмайтын нәрселер бар. Ал түстің өңіңде айнымай қайталануы да сондай өз құпиясымен әлі де болса бөліскісі келмейтін «ана әлемнің» бізге беймәлім, тылсым сырларының бірі болып қала бермек...
kazakzaman.kz