Жолдасым Еркін екеуміз әңгімелесіп отырмыз. Бір кезде ол тосыннан:
- Ереке, сіз өлімнен кейін өмір болатынына сенесіз бе? - деді.
Не дерімді білмей тосылып қалып:
- Кім білсін, ешкім о, дүниеге барып келген жоқ. Адамзат баласы жаратылғаннан бері толғандырған мәселе «о дүние бар ма?» деген сауал. Әлемнің талай ғұламалары өлімнен кейінгі өмір жайлы сан алуан пікір айтқан. Бірі мына өмір жалған, нағыз шынайы өмір өлімнен кейін басталады десе, енді бірі өлген соң бәрі өшеді деп пайымдаған. Расымен де, о дүние бар ма? Болса, қандай? Құранда О, дүниенің сипаты айқын жазылған.
Дегенмен «О, дүниеге барып қайтқан адам жоқ» дей тұрсам да клиникалық өлім кезінде адамның жаны о дүниеге сапар шегеді дейді американдық дәрігер, реаниматор Реймонд Муди. Оның «Өлімнен кейінгі өмір» деп аталатын ғылыми танымдық зерттеу еңбегіне тоқтала кетуге болады. Бұл кітаптағы оқиғалар клиникалық өлімді басынан өткерген адамдардың өз ауыздарынан жазып алынған. Дәрігер- ғалымның пайымдауынша, адамның физикалық денесі әлсіреп, шегіне жеткен кезде оның тіршілігі тоқтайды, яғни клиникалық өлім сәті болады. Алайда өлдіге саналған адам айналасында болып жатқан жағдайдың бәрін көріп, естіп жатады екен. Өйткені мұндай кезде «жан» тәнінен бөлініп, өзін сырттан бақылап тұратын көрінеді. «Баса айта кететін жәйт, клиникалық өлім сәтінде «өлген адам» дәрігерлердің жасап жатқан әрекеттерін айна қатесіз көре алады. Олардың бәріне ортақ тағы бір ерекшелік – тәннен бөлініп шыққан жанның у-шу мен зыңылдаған тынымсыз қатты дыбыстарды ести алатындықтары және өте үлкен жылдамдықпен ұзын қара туннель ішінде жылжитындықтары» деп жазады Реймонд Муди.
Оның өзі де клиникалық өлімді басынан өткізген. Кітап өте тартымды жазылған, онда баяндалған уақиғаларға сенеріңді, не сенбесіңді білмейсің. Дін өкілдері «Өлім» адамның келесі бір өмір сүру деңгейіне өтуі» дейді. Сондықтан өлімнен кейін өмір бар ма деген сұрақ мені де қызықтырады. Қазақтың «шыбын жаным» деген сөзі де осыған дәлел. Сені де адамның мәңгілік өмірі қызықтыра ма? - деп өзіне қарсы сұрақ қойдым.
Ол ойланып отырды да:
- Бірде ұйықтап жатып «бастырылып» қалдым, медицина тілімен айтсам «ұйқы салына» ұшырадым. Түн ортасында шырт ұйқымнан оянғандай болдым дегенім жәй әншейін болды. Не түсiм, не өңiм екенi белгiсiз, қозғала алар емеспiн. Денем қимылдай алмағаны былай тұрсын «ештеңе» айта алмай жатырмын. Үнiм шықпайды. Бәрін сеземін, бірақ қолдан келер қайран жоқ себебі денем сал болғандай қимылдай алмай қалдым. Көз көреді, құлақ естиді, ес бар, бірақ қимыл жоқ. Сөйлеуге де, айғайлауға да, оянуға да шамам келмей, бұрама құбырдың бойымен зуылдай ұша жөнелдім. Сәлден соң құбырдың екінші жағына көз қарықтырар ақ сәуленің ішіне ендім, біраздан
соң ақ сәуле көмескіленіп барып басылды. Қарасам өз бөлмемнің ішінде тұрмын. «Оянып кеткенім бе?» - деймін. Үйдің іші қаракөлеңке, ауа тым қапырық. Айналама көз салдым. Терезе пердесінің ашық қалған жерінен ай сәулесі балаларыма түсіп тұр екен, ендеше желдеткішті ашып, пердені жабайын деп алға жүрсем, аяғым жерді сезер емес, өзімді сондай жеңіл сезініп, терезе алдына қалқып келгендей болдым. Желдеткішті ашайын десем, тұтқаны ұстай алар емеспін, құтты денем ет-сүйексіз жаралғандай. Енді пердені жабайын десем, перде де қолыма ілегер емес. Төсекте жатқан балаларыма қарасам, жамылған көрпелері сусып жерге түсіп кетіпті, көрпені үстеріне көтеріп қайта жабайын десем, тағы да, көрпе қолыма ілегер емес. «Не болды?» - деймін аң-таң болып. Бір кезде төсекте жатқан жұбайыма көзім түсті. Ол қаннен - қаперсіз ұйықтап жатыр. Келесі керуетте о, тоба, мен жатырмын. «Оу, бұл не болды, мен төсекте жатсам, үйдің ішінде жүрген мен кім боламын? Ұйықтап жатып «бастырылғаным» есіме түсіп: «Е, сонда ояна алмай, жаным денемнен бөлініп басқа әлемге өткенім бе? Бәлкім, жер бетінде жүрген соң қайта оралуға әлі мүмкіншілігім бар шығар?!. Олай болса, фәни дүниеге қайта оралуым керек, балаларым жас, оларға кім қамқор болады. Бірақ өмірге қалай ораламын?» - деп сұлқ жатқан денеме қолымды тигізе беріп едім, жүрегім шым етіп, оянып кеттім. Көзімді ашсам төсегімде жатырмын, денелерімді ұстаймын, тірімін. «Ух» деп өмірге қайта оралғаныма Аллаға шүкіршілік еттім.
«Расында, құранда баяндалған о, дүние болғаны ма?» деп сенбейін десем, өзге дүниеде болған кездегі өзім көрген жәйттер көз алдымда. Жан - жағыма қараймын, бөлме іші қаракөлеңке, ауа тым қапырық екен. Терезе пердесінің ашық қалған жерінен ай сәулесі балаларыма түсіп тұрған соң төсектен тұрып, желдеткішті ашып, пердені жаптым. Балалардың көрпелері сусып сәкіде жатқан соң, оларды көрпемен қайта қымтап жаптым да, төсекке қайта қисайдым. Ендеше мен «клиникалық өлімге» ұшырап «Жаным денемнен бөлінген екен ғой. Сонда өлім өмірдің жалғасы болғаны ма?» деген қалың оймен жатып ұйықтап кетіппін.
Ертеңіне жұбайыма болған жайды айтып едім, ол әрине сенбеді, сенбеген соң оны иландыруға тырыспадым, - деді Еркін.
Ерсін Ерғалиев
Дереккөз: el24kz