ДҰШПАНЫҢДЫ КЕШІРІП, БЕТІНЕН СҮЙ
Екі-үш жыл бұрын жанымды қоярға жер таппай қатты қиналдым. Ауырғаным жоқ. Денім сап-сау. Бірақ жаным азапқа түсетін. Ешкім мені түсінбейтін сияқты. Көп ішінде жүрсем де жалғыздық сезінем. Айналамдағы адамдар да, олардың әңгімесі де ұнамайды. Ұнамаған соң жандарында байыз тауып отыра алмай ол жерден кетіп қалам. Қабағым ашылмайды. Жұрт күліп жатқан нәрсеге мен күле алмаймын. Керісінше жылағым келеді. Үйдегі жағдайым да мәз емес. Күйеуімнің сөзі де, балаларымның шуылы да жақпайды. Осылай қиналып жүрген кездерімде бір танысым дем салдыруға кеңес беріп, бір қарияның мекен жайын берді.
Бардым. Ата жас ерлі-зайыптылармен әңгімелесіп, шай ішіп отыр екен. Оларға жанын салып бірдеңелерді айтып түсіндіріп отыр. Шынын айтқанда бірдеңе ұғатындай шамада емес едім. Не айтып отырғандары менің миыма кірген жоқ. Мені де дастарханға шақырып, шай ұсынды. Түсінбесем де әңгімелерін тыңдаған болып отырмын. Сәлден кейін ерлі-зайыптылар атамен қоштасып шығып кетті. Оңаша қалған соң ол кісі мені не мазалайтынын сұрады. Мен сол кездегі үйде, жұмыста болып жатқан проблемаларымды айттым. Ештеңе демеді. Тек тамыр соғысыңды тексеріп көрейінші деп, тамырымды ұстап, ас қорытуым қиындап, бауыр мен өт жолдарының дұрыс жұмыс істемей тұрғанын айтып, ем жазып берді. Сосын құран ашып көріп, тағы сөйледі. Айтып отырмын ғой, сөз ұғатын шамада емес едім. Түк түсінген жоқпын. Соны сезді ме, ата «түсіндің ба?» деп сұрады. Басымды изей салдым. Ұзақ дем салып, берген ақшамды алмады. «Алыстан келіпсің, жол кіреңе жарат», – деп өзіме қайтарып берді. «Тағы келуім керек пе?» – деп сұрап едім, «өзің білесің», – деді.
Шыққасын таксидің алдыңғы жағына отырып, қалаға жеткенше ұйықтап қалыппын. Оянсам миым тұп-тұнық. Бойымда ерекше бір жеңілдікті сезіндім. Көңіл күйім де қалыпқа түскендей. Бірер сағат бұрын ғана еңсемді езген зіл-батпан жүктің қайда кеткенін де білмей қалдым. Дем салдырып тұру керек екен-ау деп ойладым сол кезде. Сол күні түнде түсімде әлгі атаны іздеп жүр екенмін. Барғым келеді екен. Жол түскенде тағы бір барып қайтармын деп ойладым. Біраз күннен кейін сол бәз-баяғы қалпыма қайта түсіп, алдына тағы бардым. Ол кісі дем салып болғасын екеуміз біраз әңгімелестік. Бір қызығы, сол атаның жанында барлық қиындықтарым ұмытылып, жеңілдік сезінемін.
Негізі емші-тәуіптерге сене бермеймін. Танысым «ол кісі дүниені тәрк етіп, бір Құдай деп өмір сүріп жүрген адам» деп мақтағасын барғанмын. Шынында солай екенін барғанда өзім көрдім. Кемпірі мен бала-шағасынан бөлініп, жеке бөлмеде отырады. Уақытын тек кітап оқумен өткізеді екен. Анда-санда мен секілді адам барып қалса, дем салып, ақыл-кеңесін айтып жібереді. Содан не керек, қайта-қайта барып жүріп мен сол кісіден өміріме керекті бірталай сабақ алдым. Ұмытып қалмас үшін әрі бір адамның болса да керегіне жарар деген оймен ол кісінің айтқан ақыл-кеңестерін жазып қоюды жөн көрдім.
* Ең бірінші айтқаны, сен өзің бүтін бір әлемсің. Жан-дүниеңе үңіл. Ауырсаң дәрігер де өзіңде, әділетсіздік көрдім десең сот та ішіңде, жол көрсетіп ақыл айтатын ұстазың да ішіңде. Тек, сен соларды тыңдап үйрен.
* Ол үшін сахар уақытында ұйықтама. Зікір етіп, пікір қыл. Алла-тағалаға дұға тілектеріңді бағыштап, тілегіңді тіле. Алыстан болса да ілім ізде, хикмет үйрен. Бұларды үйренсең екі дүниенің шырағын жағасың. Тамақты аз же, аз ұйықта. Аз сөйле, көп тыңда.
* Кітаптағы ілім-білім бойыма құт боп қонсын десең, кітаптың бағасын түсір деп саудаласпай, айтқан бағасына ал. Ұрлама, қарызға алма. Олай етсең ілім-білім қонбайды.
* Кітап оқығанда заһирына емес, батинына үңіл (сыртына емес, ішіне дегені). Жазылған жайды емес, жазылмаған ойды оқып, астарына үңіл. Неге олай деп жазып отыр? Көп оқыма. Аз-аздан оқып, көбірек ойлан.
* Ешкімге ренжіме, ренжіткен адамдарды кешіріп, оларға алғыс айт. Себебі олар болмаса сен рухани ізденіске түсіп, алға бір қадам да баспас едің. Ол жай ғана ұйықтап жатқан сені түртіп оятып, дұрыс жолға бағыттап, түсіріп жіберді. Сол үшін сен оның бетінен сүйіп қойсаң да артықтық етпейді.
* Сабырлы бол. Әрнәрсенің өз уақыты бар. Сен асыққанмен Алла асықпайды. Ол бәрін уақыты келгенде өз орнына қояды. Тек сен соны шыдамдылықпен күте білсең болғаны.
* Егер садақа бергің келсе, қандас бауырларың мен алыс-жақын ағайын-туғаныңның арасында қиналып жүрген ешкім жоқ па? Сұрастырып біл. Өз туғандарыңның ішінде біреу қиналып жүргенде сен өзгеге жеті теңге емес, жетпіс мың теңге садақа тастасаң да қабыл болуы қиын. Жарылқауды әуелі өзіңнен баста. Сосын ілім-білім іздеген шәкірттер мен елдің қамын ойлап, кітап жазып, т.б. іс тындырып жүрген ғұлама, ғалымдарға берген садақаң тез қабыл болады. Себебі олар мал тауып, бала-шағасын асырайтын уақыты мен күшін ілім-білім ізденіп, жұртқа пайда келтіретін амалдарға жұмсап жүр.
* Құдайы тамақты үйіңде бер. Әруақ сенің оқытқан құраныңды қай кафеден іздеп жүреді?
* Жақсы адамды бәрі жақсы көреді. Ал сен жаман адамды жақсы көр. Оны түзу жолға баста. Мейіріміңді төк, жылы сөзіңді аяма. Оның өзін табуға, Құдайын тануға жәрдемің тисе, сауаптың үлкені сол.
* Адамдар саған ашу-ызамен бірдеңе деп ұрысса жауап қайтарып әуре болма. Үндемесең жеңесің. Сен қайтармасаң да ол өзіне лайықты жазасын алады.
* Жерге, ауаға, суға, ұшқан құс, жүгірген аң, жыбырлаған жәндіктерге назар сал. Бұларды бекерге жаратты ма? Не істеп жүр? Ойланбайсың ба?
* Асыңды адалдап же. Арамнан татып алма. Арам деген не? Білесің бе? (Осы сұрақты қойғанда мен шошқаның еті мен арақ арам деп қойып қалғанмын. Бала екенсің әлі деп күлген атам). Кісінің еңбекақысын жеу арам, біреудің көз жасымен келген табыс арам. Тауып жүрген табысың адал ма? Адал кәсіппен нан тауып же. Балаларыңды адал аспен асыра. Арамнан ауыз тигіздің бітті, ертең оның жазырын өзің татасың.
...Қысқаша айтқанда осы. Бұлардың бәрін бір барғанымда бұлай қысқа да нұсқа айта салған жоқ. Әрқайсысының өзінің қиссасы бар. Ғайса пайғамбар, Мұса пайғамбар заманында дегендей етіп бастап, ой түюді өзіме қалдыратын. Мен сол көп қиссалардан түйген ойларымды қысқаша кеңес түрінде жазып шықтым. Әңгімелесіп болғасын «ата, әңгімелеріңіз керемет қой. Сіздің қасыңызға келсем, күшті болып қаламын» деп мақтасам, «бұлардың бәрі менің ойдан шығарған әңгімем емес. Бұрынғы-соңғы әулиелерден жеткен әңгіме ғой» деп күлімсіреуші еді. «Тілің кәлиманы қайталап, жүрегің өзіңді Жаратқан иеңді сағынып отырса ешкім саған зиян-зақмет келтіре алмайды» дейтін.
Екі жылдай үздіксіз осындай рухани азық алып жүріп, өзіме өзім келіп, ес жидым. Қазір бұрынғыдай қиындық көрсем сұлап түспеймін. Өмірдің диалектика заңына құрылғанын, ақ пен қара, қиындық пен қуаныш, ауыртпалық пен жеңілдік қатар жүретінін түсініп, бәріне мойынсұнғанмын. Содан кейін ба екен, көңіл күйім қалыпты. Түсінгенім, қиындықтар бізге өмір сырын ұғыну үшін берілген сынақ екен. Сосын рухани тазарған ұстаздан сабақ алу өз алдына бір бақыт. Егер менің атам секілді жүрек көзі ашылған қария кезіктірсеңіздер, айрылмай, одан сабақ алуға тырысыңыздар. Ондай қарттардың берері өте көп.........
Қайрат Нұрлықасымұлы
Фейсбуктегі парақшасынан