Менің атам бұрын-соңды кездеспеген кез келген адамның көзіне қарап тұрып, оның аты-жөні кім екенін дөп басып, тура айтатын. Және ол бойындағы ондай қасиеттің барын ешкімге айта бермейтін.
Алайда атамның көріпкелдігі қайтыс болардан 5 жыл бұрын ашылған еді. Оған мына бір оқиға дәлел.
Бірде атам екеуміз Талдықорғандағы өзінің балдызы, менің нағашы апайым Нұржамалдың үйіне бара жатып, жолай қаладағы Қаратал базарынан алма сатып алмақ болып араладық. Талдықорғанға 10 жылда бір келетін Балғабай атам сондағы алма сатып тұрған әр сатушының қасына жақындай бере әр қайсысын өз атымен атағанда олардың таңырқай да, таңқала қарап қалғандары әлі есте. Бұл шамамен 2004-ші жылы болған оқиға.
Ол кезде менің жасым шамамен 14-15-те болатын. Сонда деймін да бір адамның есімін дәл тауып айтса таңқалмас едік-ау, бірақ 10-15 адамның есімін бірінен соң бірін дәл тауып айтып жатса қалай таңқалмайсыз.. Елдің барлығы: «менің атымды қайдан білесіз, қалай біліп қойдыңыз?» деген сұрақтарына: «маңдайыңда жазылып тұр ғой!» деп жымиып қана кете баратын.
Ол кезде ессіз бала болғандықтан ба мен ол оқиғаға аса мән бере қоймаппын. Ал арада жылдар жылжып, айлар өткенде бұл қасиеттің тегін емес екеніне көз жеткізгенімде қатты өкінгенім бар. Соған қарағанда менің атам адамның маңдайына жазылған тағдырымен бірге есімін де қатар оқитын қасиетке ие болса керек.
Ақымақ басым сол кезде атамнан ол қасиеттің не екенін сұрап алуым керек еді. Себебі, дәл қазір атам өмірде жоқ.
Сіз қалай ойлайсыз құрметті оқырман! Бұл не қасиет болуы мүмкін?
Майнұр, Талғар