«Талай тылсымның кілтін таптық» дейміз-ау. Біз білмейтін әлі де талай құпия бар. Оның сырын біле алмай келеміз. Әлі түйсігіміз жетпейді. Жұмбақ жаратылыс. Бұл құпияның сырын аша аламыз ба? Қайдам-ау.
Оны білу үшін әлі қаншама дәуір қажет шығар. Сол кезде барып білерміз. Әзірге жұмбақ күйінде қала береді. Сондай сырдың бірі – адам үшін қауіпті жерлер. Қалғанын қоя тұралық. Соның біріне ғана үңіліп қарап көрелікші. Жол апаты жиі болатын жерлер бар. Мұндай жерлер Қазақстанның кез-келген жерінде кездесуі әбден мүмкін. Ол аумақта неге жол апаты жиі болады? Одан қалай құтылуға болады? Оның жауабын әзірге ешкім айта алған жоқ. Мұндай орындар әлемнің кез-келген бөлігінде де кездеседі. Ғалымдар сол құпияны зерттеуге зейін қойып келеді. Айтарлығы, әзірге ешқандай нақты тұжырым жоқ. «Алаш айнасы» интернет-газеті осы мәселе бойынша зерттеу жүргізді.
Біздің ауыл күре жолдың бойында жатыр. Қазіргі «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» жолының бойында орын тепкен. Ауылдан 10-15 шақырымдай жердегі жолдың бойында жол апаты жиі орын алатын. Адамдар бұл жерді сондай қауіпті аймақтың бірі деп есептейтін. Онда жол апаты орын алатындай қауіпті емес. Айналасы теп-тегіс, жап-жазық жер. Бірақ, жолда келе жатқан көліктер сол аумақта аунап түсіп, соның салдарынан қаншама адам мезгілсіз өмірден өтіп жатты. Осы жай көпті ойландырды. Сондай-ақ, осындай орындар еліміздің бірқатар аумақтарында кездесетін. Мәселен, жолда жүрген адам Оңтүстік Қазақстан облысының Машат, Жамбыл облысындағы Күйік, Қордай асуларының қауіптілігі жайында талай мәрте айтып жататын. Бұл жерлерде де талай адамның өмірі келтеден қиылды. Осыдан кейін апырмай демеске амалың қайсы. Жол жүргенде адамдар тіліңді кәлимаға келтіріп, барынша сақ болуға тырысады. «Сақтансаң құдай сақтайды» деген осындайда еске түседі. Жолда аман-сау жүруді Жаратушы иемізден сұрап жатады.
Сондай-ақ, құлазыған қу далаға да адамдар аттап басқысы келмейді. Оның құпиясы да бар. Қызылорда облысының Сырдария ауданы тұсындағы Қызылқұм беткейінде Дарбаза деп аталатын жер бар. Ол Сыр өңірінің Аманкелді ауылының тұсында жатыр. Жергілікті тұрғындар малғұндар мекеніне аттап басқанды қаламайды. Өйткені елдің аузында жүрген әңгімелер әрбір адамға үрей алып келері сөзсіз. Малғұндар мекен еткен жер неге Дарбаза атанған? Бұл жайында айтылатын түрлі жорамалдар бар. Алғашқысы бойынша, ол ажалға алып баратын дарбаза секілді. Тағы бірі жұмыр басты пендеге сынақ болар жер дегендей мағына береді. Ауыл тұрғындарының айтуынша, аталмыш орында ертеден шайтандар мекен еткен. Көнекөз қариялар ол жайында бұрыннан айтылып келе жатқанын тілге тиек етеді. Бұл аймақ көрер көзге де сұрықсыз. Бұйрат-бұйрат құм жатыр. Ол бірден-ақ еңсеңді езе түскендей. Әйтеуір, адам баласына қолайсыз көрінеді бірден. Мал жайылымы аяқталар тұста сусыз жер басталады. Жердің бетіне ақ сор шығып кеткен.
Үлкен кісілер жастарға ол аймаққа бармауын қатаң ескертеді. Ақ сорды басқан адам талай оқиғаны бастан өткізген. Тіпті «осы жерге келгендерді шайтандар жетекке алып кетеді екен» деген де әңгіме бар. Ауыл тұрғыны Зиятбек Фазылұлы да осындай келеңсіз жайды бастан кешкен. Ағамыз оны жастау кезінде көргенге ұқсайды. «Жас шағымда аңшылықпен айналыстым. Сондықтан көбінде құлан түзде жүруге тура келеді. Осы кәсіптің соңында жүріп, далада қонып қалған кезім де болған. Бірде Қызылқұм жағасында аңшылық құрып жүргенмін. Үйге қайтуға кеш болып кетті. Далада түнеуді жөн санадым. Бір сәтте құлағыма баланың жылаған даусы келді. Жақын маңнан жылқының кісінегені де естіледі. Сақылдаған күлкілер де құлаққа келіп тұр. Жанымды шүберекке түйгендей болдым. Осындай оқиға бала кезімде кездескен. Көзім ауырып, жатып қалған едім. Анам кейпімде шайтан келіпті. Соңынан еріп бара жатыр екенмін. Есімді жисам, анам артымнан жылап қуып келе жатыр екен. Содан кейін Құран сүрелерін жаттап алуға құлықты болдым», – дейді ағамыз ағынан жарыла. Жергілікті жұрттың айтуынша, мұндай оқиғалар шіліңгір шілденің ішінде көбірек орын алады екен. Осы бір өліара шақты малғұндар пайдаланып қалғысы келеді. Әсіресе 20 шілде мен 10 тамыз аралығы – өте қауіпті кезең.
Қазіргі кезде ет жақынын жоғалтып алған адамдардың көбісі Зиятбек ағамызға келеді. Қария қолдан келгенше көмек қолын созуды дұрыс көреді. Қызылқұмның ішінде «Боз ат сойған» деген жер бар екен. Малғұндар құрбандығын сол жерге алып баруға тырысады. Құмның ортасындағы бұл жер де ерекше орналасқан. Ол жерде үлкен шұңқыр жатыр. Бұл шұңқыр – шайтандардың нағыз ордасы. Біздіңше айтқанда, орталығы болып табылады. Бірде ауылдан екі бала ұшты-күйлі жоғалып кетті. Ақырында оларды сол маңнан тапты. Біреуінің өлі денесі қолға іліксе, екіншісі шалажансар күйінде жатыр екен. Осы тектес тағы бір оқиға. Қайсыбір жылдары тыңды игереміз деген желеумен сол аймаққа егін егілген екен. Дегенмен сусыз аймақта ешқандай өнім өсе қоймапты. Оның тағы бір ұштығы шайтандар мекені болғандықтан шығар. Сол тұста жұмыс істеген ауыл тұрғыны трактормен кешқұрым Дарбаза маңында қалып қойыпты. Қанша жанталасса да, көлігі орнынан қозғала қоймайды. Аталмыш орында таң атқанша қалып қояды. Құлағына түрлі дыбыстар келеді. Құран сүрелерін таң атқанша оқып шығады. Таң атқан шақта тракторын оталдырса, ештеңе болмағандай орнынан қозғалып кеткен.
Тылсым сырлар осылайша сыр шертеді. Оған әлі біздің түйсігіміз жетер емес..
Жаңаберген Қорған, Қызылорда
alashainasy.kz