Жалпы, көз тию деген ұғым қазақта ғана емес, әлемнің барлық халықтарында бар және ол ежелден келе жатқан сияқты. Көз тиюді ислам, христиан сияқты дәстүрлі діндер де теріске шығармайды. Осыларға қарап, көз тию дегеннің ойдан шығарылған нәрсе емес, өмірде нақты бар құбылыс екендігін бағамдауға болады.
Ислам діні не дейді?
Пайғамбарымыз «Көз тию – бұл аль-хакк» (ойдан шығарылған емес, өмірде бар шынайы құбылыс) деген. Ислам дінінің білгір ғұламаларының бірі Ибн аль Джавзи: «Көз тию біреудің ісіне іштарлықпен қатты қайран қала қараудың негізінде пайда болады және ол қараған адам тарапынан залал тигізуді ойлау арқылы улы жәндік шаққанындай әсер етеді» -дейді.
Пайғамбарымыз бірде көшеде бетінде қара дағы бар әйелді көріп оған көз тиген, бұдан көз тиюді зазалсыздандыратын адам құтқара алады деген екен. Қасиетті Құранда да көз тиюге қатысты аяттар бар. Яғни, ислам діні көз тию деген құбылысты өмірде бар шынайы жағдай ретінде қабылдайды.
Тіпті, ислам дінінде көз тиюден сақтайтын және көз тиген жағдайда оны залалсыздандыруға арналған арнайы дұғалар бар. Солардың бірі мынадай: «Бисмил-ляяхи юбрикь. Ва мин кулли дааин яшфиикь. Ва мин шарри хаасидин иза хасад. Ва шарри кулли зи айн». Мағынасы: «Алланың атымен. Ол сені жазады. Ол сені барлық дерттен жазады. Және қызғаншақ, іштар адамдардың залалынан қорғайды. Және көз тигіштердің көз тиюінен сақтайды».
Көз тиюдің әсері
Ішітар, қызғаншақ адамдарда көз тигіштік қасиет болады екен. Ондайлар әдетте біреудің жақсы ісін көргенде қызғанышпен қатты таңырқай сұқтана қараса, оның көзі арқылы таралған лас қуат әлгі адамға кері әсерін тигізіп, көңіл күйіне әсерін тигізбек, тіпті әлсіретіп, дертке ұшыратуы, ажал құштыруы да мүмкін екен.
Көз тиюге қатысты бір кісіден естіген мынадай болған оқиға туралы айта кетейін. Бұл оқиға ертеректе, кеңес заманында болған. Ауылда тұратын әлгі кісі шабындықта шалғымен шөп шауып жатады. Сол кезде жанындағы жолмен есекке мінген ауыл тұрғыны өтіп бара жатып, оған сұқтана қарапты. «Жастау кезім еді, шалғыны еркін сілтеп, шөпті жайпаған менің екпінді қимылым әсер етті білем, оның өзіме сұқтана қарағанын байқап, оған қарап амандастым. Содан кішкене уақыт өткенде бойымды әлсіздік билеп, көзім бұлдырап, әлім құрып жүрелеп отырып қалдым» -дейді ол.
Әп сәтте әл-дәрмені құрып, белгісіз дертке шалдыққан ол тұра алмай шабындыққа жата кетіпті. Құдай оңдағанда сол кезде жолмен өтіп бара жатқан салт атқа мінген ауыл тұрғыны қасына келіп, басынан сүйеп орнынан тұрғызбақ болады. Денесі дірілдеп, бойын әлсіздік билеген ол әлгінің көмегімен әзер басын көтеріп отырады. «Не болды?» деп сұраған оған жарытып жауап бере алмайды. Әлгі ақсақал көз тигенін ұғып, кездескен адамдар туралы сұрапты. Содан әлгінде ғана есккке мінген адамның өткенін естіп, дереу атына мініп шаба жөнеледі.
Сөйтіп, есекті жолаушыны қуып жеткен ақсақал әлгіні дедектетіп алып келеді. Қоярда-қоймай түкіртеді. Құдайдың құдыретімен әлгі кісі түкірген соң лезде белгісіз дерттің беті қайтып, қалпына келіпті.
Көз тию біздің өмірімізде жиі болып жатады екен. Көбіміз оны байқамаймыз, түрлі ауруға санап мән бермейміз. Жүрегі лас жаман адамдардың көзі тигенде қатты дертке шалдықтырып, тіпті өлтіруге дейін жеткізсе, басқа әлсіздеулерінің көзі тигенде бойымызды әлсіздік билеп, өзімізді жайсыз сезінгеніміз болмаса, бұның бәрін қан қысымының ауытқуы, басқа да дертке санап онша мән бере қоймаймыз.
Көз тиюден сақтанудың ең сенімді жолы – имандылық, Алланың жолымен таза жүру дейді. Яғни, діни парызын дұрыс орындап, күнәлі істерден аулақ жүретін жандарға көз тию сияқты құбылыс онша әсер етпейді.