Светлана Берекеева түнгі уақытта үй аруағын көретінін айтады. Оның сөзінше, тылсым тіршілік иесі оны ұйықтап жатқан жерінен оятып, атын атап шақырады екен. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ КТК арнасындағы "Астарлы ақиқат" бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Светлананың айтуынша, ол "домовойды" сегіз жыл бұрын сезе бастаған, ал бес жыл бұрын оны анық көрген.
"Оны осымен бірнеше үйден байқадым. Ал одан бұрын, кішкентай күнімнен елестерді көретінмін.
Алғаш рет бала-шағаммен жатқанмын. Түнгі 2 мен 3 арасында келіп, атымды атады. Үш рет "Света" деді.
Адамның даусына ұқсамайды, желмен бір дыбыс келеді. Бөлмеде заттар құлайды", - дейді ол.
Сондай-ақ, кейіпкер өзі көретін тылсым жаратылыстың түрін сипаттап берді.
"Бойы жарты метрден төмен, үстін түк басқан, талтаңдап жүреді", - дейді Светлана.
Әйел адамның сөзінше, ол жатар алдында үй аруағына арнап кәмпит қойып қояды екен, ал таңда тәтті өздігімен жоғалып кететін көрінеді.
Алайда танымал экстрасенс Виктор Александровский келіншектің іс-әрекетін құптаған жоқ. Оның сөзінше, үй аруағымен тікелей байланыс орнатқан дұрыс емес екен.
"Үй аруағын жындармен шатастырудың қажеті жоқ. Ол барлық үйде бар. Үйдің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Сіз одан қорықпаңыз. Оған назар аударған сайын ол өзін көптеп көрсете бастайды. Мұндай затпен ойнауға болмайды. Оны тамақтандыратын болсаңыз, ол өсіп, күш жинай бастайды", - дейді экстрасенс.
Түсірілім тобы бағдарламаның алдында Светлана Берекееваның шаңырағына барып, камера орнатқан.
Видео кадрларынан келіншектің ұйықтап жатқан кезінде жарық түсті әлдененің кіреберісте жүріп өткенін және үстелдегі қораптың жерге құлап, әйелді оятқанын көруге болады.
Светлананың сөзінше, тылсым дүние ұйықтап жатқан келіншекке келіп, көрпесін тартып алып, оятады екен.
"Түнде көрпемді тартады, кейде сипалайды. Бетіме жақындап "уф" дейді...
Емізулі балам бар, түнде шыңғырып жылады. Емізіп жатып қарасам, қолы тырмаланған, кір саусақтың ізі тұр. Үлкен балам жасаған болар, таңертең сұраймын деп ойлағанмын. Таңда шай ішуге тұрып, қарасам, не саусақтың ізі жоқ", - дейді ол.
Сондай-ақ, Светлананың айтуынша, ол 15 жасында клиникалық өлімді басынан өткеріп, о дүиеге барып келгенін де айтты.