Кәсіби дәрігер қолданған гипноз пайдасын тигізсе, алаяқтар үйренген гипноз қылмыс әлеміне қызмет етуі мүмкін. Расында құпиясы мол гипноз ілімін үйренуге ұмтылушылар жетерлік. Көп жағдайда оны өзгелерді емдеу үшін емес, ұрлық қарлық тонау үшін қолданып жататыны өкінішті. Биылғы жылдың ақпан айында Алматы қаласында бір әйел тапа-тал түсте ломбардты тонап кеткен болатын. Миллиондаған ақшаны кассир өз қолымен санап берген. Кейін белгілі болғанындай әккі әйел гипноз қолданған болып шықты. Мұндай мысалдар біреу ғана емес.
Соңғы әлетте сиқырдың көмегімен сан соқтырып кететіндердің көбейгені көңілге көлеңке түсіріп тұр. Бұрындары қалаларда топ-тобымен жүріп, бал ашатын сыған тоборлары адамның көзіне қарап тұрып-ақ қалтасындағы бүкіл ақшасы мен қолы басындағы алтын әшекейлерін сыпырып кететіндігі аңыз болып айтылатын. Бүгінде сыған тоборлары да, олар туралы аңыздар да келмеске кетті. Дегенмен дәл сол сығандарша болмаса да жаңаша гипноз түрлерін үйреніп, кісі тонаумен айналысатындар әр аймақтан бой көрсете бастады... Дәрігерлердің айтуынша гипноз ілімі осыдан екі мың жыл бұрын пайда болған көрінеді. Ежелгі Египеттен табылған жазбаларда гипноз туралы егжей-тегжейлі жазылыпты. Ресейлік академик Евгений Шапошников гипноз ілімін зерттеп жүрген ғалымдардың бірі. Оның айтуынша гипнозды үш сатыға бөліп қарастыруға болады. Бірінші сатыда сананың нейроэмоциональды түрге өтуі және ағзаның босаңсуы. Екінші сатыда ұйқыға кету. Үшінші сатыда терең трансқа түсу. Үшінші сатыға көп адамдар түсе бермейді, екінші сатыдан қайтады. Ұйқыға бас қойғанымен оның миы жақсы жұмыс істейтін көрінеді. Классикалық, директивті гипнозда дыбыс арқылы ми жұмысына белгі беріледі. Көру гипнозын қолданғанда онда жарқырауық шар қолданады. Оған ұзақ қарап отырған адам жайлап ұйқыға кете бастайды. Бүгінде көбіне дыбыстық гипноз қолданылады. Шетелдік клиникаларда гипнотикалық техникаларды терең меңгерген, оларда көбіне акупунктурлы гипноз пайдаланылады. Сондай-ақ, Эриксон гипнозы кеңінен қолданылып жүр. Бұл әдіс арқылы сөзбен емдеп, адамның жан жарасын жеңілдете алады. Милтон Эриксон әмірсіз гипноздың негізін қалаушылардың бірі болып саналады. Фармакогипноз яғни, дәрі егу арқылы емдейтін гипноз да бар. Бір таңқаларлығы гипноз арқылы шет тілін үйрететіндер де бар. Гипноздың медикаментозды, рефлексотерапевтикалық, физиотерапевтикалық түрлері арқылы нервті-психикалық дерттерді емдеуге болады.
АҚШ пен Жапонияда осы тәсілді қолдану арқылы жүрек қан тамыр аурулары, асқазан ішек жолдары, эндокринді, тері ауруларын емдеуде 60 – 70 пайызы оң нәтижеге қол жеткізген. Қарапайым гипнозбен психологиялық, стресс, ішкі жан күйзелістерін емдеуде зор нәтижеге жетуге болады. Австрияда тіс дәрігерлерінің ассоциациясы анестезияда гипнозды қолданады. Сомнамбулизм, каталепсияны гипнозшылар циркте трюк ретінде қолданып жүр... Мәскеуде гипноз орталығы жұмыс істейді. Бұл Ресей бойынша жалғыз орталық Мәскеу гипноз мектебінің негізінде құрылған. Орталық шылымқорлар мен «алқаштарды», депрессияға түскендерді, неврозды да гипнозбен емдейді. Алғашқы сатыға жататындарды Довженконың тәсілі бойынша емдеп жазады. Емдеу нәтижесі 80-90 пайызды құрайды. Орталықтың басшысы Андрей Резниченконың айтуынша гипнозға берілмейтін адамдардың үлес салмағы 10 ақ пайызды құрайды екен. Ондайларды басқа да тәсілдермен емдейді. Физиолог Павлов пен Бехтерев та осы тәсілді тиімді санаған. Бұл әрине, психикалық, психосоматикалық аурулар алдыңғы қатарға шыққан кезеңде таптырмайтын тәсіл... Гипноздың қыр-сырын терең меңгерген гипнотерапевтер көп емес. Гипнозбен кез-келген адамды бірдеңе жасауға көндіруге болады деген сөз жарым жартылай рас. Мәселен, гипноздың көмегімен пиязды жек көретін, аузына алмайтын адамға бұл алма деп алдап жегізуге болады. Мұндайда тек сана ғана емес, ағза да гипнозға бағынғаны сонша ащы пиязды жегенде де көзі жасаурамайды. Өйткені оның ақыл сезімі оны алма деп қабылдап тұр. Гипноз емдік терапия болып саналады. Ол тек қана көмекші құрал ретінде ғана жүреді. Емдеудің негізгі бағыты емес. Онымен тек қана кәсіби мамандар ғана айналысуы тиіс. Оның көмегімен өткенін ұмытқан адамдарға есіне түсіртуге болады. Қылмыскерге қылмысын мойындатуға көмектеседі. Бірақ оның сотта ешқандай салмағы жоқ. Гипноз арқылы сұрақ жауап алуға өркениетті елдерде тиым салынған...
Сан қатпарлы сиқырлы әлемнің бүгінде пайдасынан гөрі залалы көп болып тұр. Көбіне гипнозды көріпкелдер, сығандар, алаяқтар пайдаланатыны белгілі. Олардың қатарына бүгінде сектанттар да қосылды. Шетелден келген кейбір өзге дінді уағыздаушылар бұл әдісті халықты өзіне тарту үшін барынша пайдаланатындығы жасырын емес. Көше кезген миссионерлердің кейбіреулерді айтқанына көндіріп, айдағанына жүргізетіндігінің арғы жағында гипноз жатыр. Адамды зомбиға айналдырудың нешетүрлі амал айласын терең меңгергендер қоғамға қауіп төндіріп тұр. Әрі олардың гипнозды қолданып жүргенін дәлелдеп, мойнына қиып салып беретіндей мықты мамандарымыз жоқ, заңымыз да солқылдақ....
Айжан Орманова, дәрігер:
- Гипнозды терең меңгеріп, кеңінен қолдануға нағыз кәсіби маман ғана ие болуы тиіс. Алайда оны икемі бар кез-келген адам өз кәдесіне жаратуда. Оның гипнозбен айналысатынын дәлелдеп, мойнына қойып берудің өзі қиын шаруа. Қылмыстық жауапкершілікке тарту мәселесі де мыңның бірінде ғана кездесетін сирек факт.
Автор: Жанар Байжан