Елес автобус туралы сюжет көрген соң, бала кезде естіген әңгіме есіме түсті. Төменгі сыныпта оқитынмын. Ата-аналарымыз кешке қонаққа кеткенде көршінің балаларымен бірге үйде отырыңдар деп, сыртымыздан қамап кететін. Олар келгенше ұйықтамай, небір қорқынышты әңгіме айтатынбыз.
Соның бірі.
Ауылдың шетінде бір үй болды. Оған көшіп келгендер әрі кеткенде 2 жеті тұрып, көшіп кететін. Өйткені түн ауа ошақтан сәбидің шырқырап жылаған дауысы шығады екен-мыс."Қарасаң, пештің ішінде дым жоқ. Оянып кетсең бітті. Ана дауыстан соң ұйықтау мүмкін емес. Аза бойың қаза болып, денең түршігіп, дірілдеп жатасың. Күнде солай"-деп айтатын көрінеді ол үйге көшіп келгендер. Оған кім шыдасын.
Ол кезде ауылға үй салуға сырттан құрылысшылар келеді екен. Бір жылдары шешендер, бір жылдары молдаван дейме әйтеуір бригадалар бір жазда 10 шақты үй тұрғызатын кез. Содан сол құрылысшылар арасынан жарасып, отбасылы болған жұп ауылда қалғылары келіп , сұранады. Ауыл басшысы бізге маман керек деп қуанып, бір үйді береді. Әйелі сауыншы, күйеуі фермада оны - мұны техникаларды жөндейтін болады. Сырттан келген деп діні бөлек, тілі бөлек демей, барымен бөлісіп, ел құрақ ұшады. Өэдері де елгезек. Жұрт риза. Алайда ол ұзаққа бармайды. Отағасы мен әйелі арақ ішетін боп кетеді. Ішкенде салынып кететіндері сонша, апталап жұмысқа шықпай қалатын болды. Сөйтіп жүргенде әйел босанады. Ауылдағы үлкендер құтты болсын айтып барып, дүниеге сәби келді, енді ішуді доғарыңдар деп ақылдарын айтады. Ері де, әйелі де: "болды, болды" деп бас шұлғиды. Кешірім сұрайды. Сонымен 1-2 күн өтеді. Ауыл ақсақалына әлгілердің көршісі жүгіріп келеді.
- 1-2 күндікте көршілерім қатты мас болды, бір-бірімен қырылысты. Содан қазір тым-тырыс. Пештен түтін шықпайды. Өздері де көрінбейді,- деді аптығып.
Барлығы жиналып барады. Есіктерін қағады, дыбыс жоқ. Содан ауылсоветке хабар береді. Ол келген соң есікті бұзып, ішке кіреді. Ешкім жоқ. Заттары, киімдері шашылып жатыр. Арақтан босаған бөтелкелер анда-мында домалап жатыр, үстел үсті тіскебасардан қалған оны- мұны қалдықтарға толы,жуылмаған ыдыстар...
Үйге кіргенде сезілген бір күлімсі иіс қолқаны алады. Күйген қоламта сияқты ма.. Ол пеш жақтан шығады. Ашып қараса, кішкентай сәбидің сүйектерін көреді. Шарананы пешке өртеп, екеуі қашып кеткенге ұксайды. Артынан олар ұсталыпты дейді. Нақтысын ешкім білмейді. Ауылдағы сол үйге кіруге тұрғындардың жүректері дауаламаған. Сырттан келгендер білмейді, тұрады ғой деп берген екен. Бірақ олар да тұра алмай, мына үйде пештен түн ауа сәбидің шырқырап жылаған үні шығады деп, шошып , тұрудан бас тартатын болған. Құран оқытып, үйді аластағандар да болған. Ақыры адам тұра алмайтын болған соң, қиратып тастауға мәжбүр болыпты.
Ауыл шетінде сол үйінді жаққа ешкім жоламайды. Сұрасаң, ауыл үлкендері ешнәрсе айта бермейді. Кейде мал іздеп, сол жаққа баруға мәжбүр болғандар сәбидің жылаған дауысы күндізде шығады деп айтады екен.
Бақыт Жаншаева