Дуалау қазақтардың арасында ғана еемс, жалпы әлем халықтарының, оның ішінде мұсылман дінін ұстанатын халықтардың арасында да ертеден бар құбылыс. Біздің блогымызда дуалауға қатысты бірнеше мақала жарияланған болатын. Содан болар, соңғы кезде вадсап арқылы, тіпті телефон соғып хабарласып, кетіп қалған күйеулерін, жігіттерін дуалау арқылы қайтарып алуға бола ма дейтіндер көбейді. Осы мақаланы жазуға да сол жағдай түрткі болған еді.
Дуалау адамды еркінен ғана емес, ақылынан да ажыратады
Мен қазағы қалың ауылда туып өстім және бала кезімнен қазақы салт-дәстүрлерді санама сіңірдім. Айта кету керек, дуалау деген қазақтардың арасында ертеден жиі кездесіп қалатын құбылыс десек, артық айтқандық болмас. Өз басым дуаланған біраз әйелдер мен ер адамдарды көрдім.
Біздің бір немере ағайымыздың тұрмысқа шығып кеткен бізге апа болып келетін сол тұста жасы елулердің үстіне шыққан әйел ауылға қыдырып жиі келіп тұратын. Сөйлегенде, жүріп-тұрғанда оның ақыл-есінің аздап ауысқаны сезіле қоймайтын. Дегенмен, ол кісі көктемде құстар келгенде және күзде құс қайтар кезде ауруы қозып, құтырынып кететін. Ол кезде баласы мен келіні оны үйлерінен шығармай күшпен ұстайтын.
Әлгі кісінің өз аузынан мынадай жайды естідім. Жас келін болып түскен кезінде енесі жалғыз ұлын басынып кетеді деп ойласа керек, келінін дуалап, оған байлап қойғысы келеді. Бірде жастығының арасынан ол тұмар сияқтандырып үшбұрышты етіп тіккен затты тауып алады. Ашып қарағанда араб тілінде жазылған жазуды көреді. Адамды дуалайды дегенді бұрыннан естіп өскен ол әлгі дуаны алып отқа жағып жіберіпті. Көп ұзамай ол ауруға шалдығады. Көктемде құстар келгенде, күзде құс қайтар тұста ауруы қозып, ақыл-есінен айрылады екен. Кейінірек молда-тәуіптерге барып көрінеді де, дегенмен емі болмапты. Бір тәуіп оған «дуаны отқа бекер жағыпсың, отқа жанған соң ол өршіп қозып кетеді, керісінше суға тастау керек еді, сонда күші азаяр еді» дегенді айтыпты.
Кеңес заманында ауылымызда Құранды түгел жатқа білетін бір қари болды. Соның Ташкентте институтта оқып жүрген сол тұста жиырмадан енді асқан ұлын бірге жүрген қыздардың бірі дуалатыпты. Әлгі жігіт ақыл-есі дұрыс сияқты жүргенімен, кейде ақылынан айрылып, жынды адам сияқтанып кететін.
Біздің бір ағайымыздың әйелін оның шешесі дуалап, әлгі жеңгеміз ақылынан айрылып қалды. Ол ұжымшарда жұмыс істеп жүрді, дегенмен ара-тұра ақылы ауысып, құтырынып кететін. Міне, дуалау деген нәрсенің адамға тигізетін әсері осындай екен. Әйел немесе ер адам өзі ұнатқан адамды дуалау арқылы өзіне байлап қойғысы келеді, бірақ оның соңы әлгі дуаланған адамның ақыл-есінен айрылып, жарымжан болуына соқтырады екен.
Дуалаудың басқа да залалдары
Күйеуінен немесе ұнатқан жігітінен, болмаса қызынан айрылып қалудан қорқып, оны ұстап тұру үшін дуа жасататындар сыйқыр немесе дуаның үлкен күнә екендігін, дінде ол қатты айыпталатынын білмейтін сияқты. Дуалаған адам да, дуа жасатқан да бұл күнәні бөліп арқалайды және оның күнәсі ауыр болмақ.
Дуалаудың тағы бір зардабы, жоғарыда айтқанымыздай, дуаланған адам міндетті түрде еркінен және ақыл-есінен айрылып, жарымжан пендеге айналады. Ондай адамды, тіпті дуаның күшімен өзіне қайтарып алғанымен, әйел де, ер адам да одан бұрынғыша бақытты болып кете алмайды. Яғни, дуалаудың күшімен отбасын сақтап, бақытты боламын деу жәй ғана АҚЫМАҚШЫЛЫҚ.
Оның үшінші залалы &ndash дуаланған адам психикалық дертке ұшырап, жаны мүгедек адамға айналады. Ондай адамдар енді ешқашан толыққанды адам болып өмір сүре алмайды. Осылайша, дуалау арқылы ұнатқан жанды қайтарып алып, бақытқа жетемін деген жан керісінше сүйгеніне жамандық жасап, оны мүгедек еткенін білмей қалады.
Түйін: Егер ақылыңыз болса, дуалату арқылы мақсатыма жетемін деген ойдан әрдайым аулақ болғаныңыз жөн. Сайтанның құралы болып саналатын сыйқыр арқылы бақытқа жетемін деу ЕСУАСТЫҚ. Сондықтан ақылыңыз болса ешқашан ондай іске бармаңыз. Егер бақытты болғыңыз келсе, отбасы бүтіндігін ойласаңыз, онда психологтардың кеңесіне жүгініп, сүйгеніңізбен ара қатынасты қалпына келтірудің табиғи жолдарын қарастырғаныңыз дұрыс. Бұл қауіпсіз ғана емес, оның көп көмегі де тиеді.