Бала туған еркек
Бала көтеріп, табиғи жолмен дүниеге сәби әкелген еркектер жайлы естігеніңіз бар ма? Естімеген болсаңыз, естіртеміз, ондай еркектер бар. «Алаш айнасы» бүгін солар жайлы сөз қозғайды.
Табиғи жолмен дүниеге сәби әкелген ең алғашқы ер адам – Томас Бити. Ол 2008 жылы алғашқы перзенті – қыз баланы дүниеге әкелген. Алайда Томас онымен тоқтамай, үлкен қызын туғаннан кейін екі рет жүкті болып, тағы екі ұл тапқан. Сөйтіп Томас Бити үш перзенттің ата-анасы атанған.
Түсінікті болу үшін әңгімені әріден бастайық. 1974 жылы Гоннолулуда туған Трэйси Лагондино жастайынан өте көрікті болған. Кішкентай кезінен бастап әртүрлі сұлулық байқауларына қатысып жүреді, тіпті «Гавай аруы» байқауының жеңімпазы атанады.
Сұлулар сайысына қатысып жүрген «Гавай аруы» бодибилдингпен айналыса бастайды. Трэйсидің айтуынша, ол еркектерді елемей, көңілі қыздарға ауады. Сөйтіп ол өзінен 11 жас үлкен бодибелдингші Нэнси Гиллеспиді ұнатып қалады.
Бодибилдингпен айналысқан ару 23 жасынан бастап гормоналды дәрі-дәрмек пайдаланады. Араға көп уақыт салмай-ақ бұрынғы нәзік ару қыз адам танымастай өзгереді. Бұлшық еттері сомдалып, даусы жуандап, бетіне сақал-мұрт өсе бастайды. Сонан соң Трэйси 2002 жылы жыныс өзгерту отасын жасатып, омырау бездерін алдыртып тастайды. Сонан соң Трэйси Лагондино барлық құжаттарын қайта рәсімдеп, есімін Томас Бити деп өзгертіп, еркек атанады. Сөйтіп Томас пен Нэнси отбасын құрады. Олардың некесі ресми түрде 2003 жылы Гавай аралдарында «ерлі-зайыпты» болып тіркелген.
Ересек қыздары болғанмен, сол кезде Нэнси бала көтеруге қабілетсіз болған екен. Ал Томас болса, артында ұрпақ қалдыруды армандапты. Томастың бұл ойын Нэнси де қолдап, балалы болуға бел буады. Жұбайлар баланы дүниеге Томас әкеледі деп шешеді. Одан әрі олар медицинаның көмегіне жүгінеді.
Содан кейін Томас, гормоналды дәрілер ішуді уақытша тоқтатады. Дәрігерлер донорлық ұрықты Томасқа салады. Көп ұзамай Томастың жүкті екені белгілі болады. Айы-күні жеткенде Томас аман-есен аяқ-қолын бауырына алып, салмағы 4,600 кг қызды дүниеге әкеледі.
Бір қызығы сәбиді Нэнси емізген, ал Томас әкенің рөлін атқарған.
Қыздары Сюзан бауырын көтеріп қалғанда, Томас екінші рет дүниеге сәби әкеледі. Ол 2009 жылдың 9 маусымында шекесі торсықтай ұл тапқан!
Араға жыл салып, 2010 жылы 25 шілдеде Томас үшінші сәбилері Дженсенді туады.
«Әлемдегі бала туған тұңғыш еркек» ретінде Томас Бити Гиннестің Рекордтар кітабы кірген. Сондай-ақ Томас Бити көптеген телешоуларға қатысып, жұлдызға айналған.
Десе де, 2012 жылы Томас Бити мен Нэнси Гиллеспидің отбасы ажырасады. Сол жылы Томас Бити әйелдік репродуктивті органдарының бәрін алдырып тастап, толықтай еркек атанған.
Қазіргі уақытта, гендерлік қозғалыстың белсендісі Томас Бити Американың Аризона штатында жаңа жұбайы Амбер Николаспен тұрып жатыр. Балалары өз қолында.
Томас Битидің оқиғасынан кейін осыған ұқсас бірнеше жағдайлар болған. Әйелдер еркекке айналып, қайта әйел болып, бала туып, кейін қайта еркекке айналған.
Мақала blogtime.kz сайтынан алынған