Жапонияның Тояма префектурасының аңызы
Тояма префектурасының Касудзука деген талы өлкесінде өте бай кісі болыпты. Алтын мен күмістен тұратын дүние-мүлкінде есеп жоқ, даңқы алыстағы елдерге дейін тараған дәулетті екен. Ондаған зәулім сарайларын аппақ дарбазалармен қоршап, ал үй артындағы тау ішіне жер қоймасын қаздырып, асыл дүниелерді сонда тасып, жасырады екен. Касудзукалық бай сонымен қатар ұшы қиырына көз жетпес егістік алқаптарын ұстапты. Құрғақшылықта да байдың егіні жайқалып шығып, қамбасы астыққа толыпты.
Байдың жалғыз қызы бар екен. Алтын шықтан жаратылғандай сұлу екен. Шашына ақ түскенде көрген жалғызы болғандықтан бай қызын ерекше мәпелеп өсіріпті. Ауыл адамдары қыздың сұлулығын алтын түсті шыққа теңеп, «ол дүниеге келгенде алтын тамшыларынан жиналған суға шомылдырған-ау, сірә» деп, тамсаныпты. «Бұл қызды алған адамда арман бар ма екен?» десіпті. Қысқасы, касудзукалық сұлуды жұрт аңыз ғып жүргенде, байдың қызын Кунгиямадағы (Ниюдзэн қаласы) Бандоу деген байдың баласына ұзататын болыпты. Бай қызының ұзату тойын бұрын-соңды болмағандай етіп, айрықша салтанатты етіп жасамақ болады. Той өтетін жерге жеті сарай салдырып, сексен саба сакэ әкелінеді.
Бай ауыл-аймақтан жұртты жинап, жеті күн жеті түн тойлапты. Ауылдастары «Мырза, алтын ыдыстардағы мына астың өзі алтыннан жасалған жоқ па?» деп, тамсаныстарын жасырмапты.
Бай «Үркердің қызындай үлпілдетіп өсірген жалғызым. Ұзатқанда жер бастырып жүргізгенім болмас» деп, жұртты одан сайын таңдандыру үшін қызының жүретін жолына ерекше бірдеңе төсеуді ойлайды. Сөйтіп, бай қызын мочидің (күріштен жасалатын күлше) үстімен ұзатпақ болады. Ол қызметшілеріне айнадай жылтыраған мочи әзірлеуді бұйырады. Аспазшылар жеті күн жеті түн күлше илеумен болады. Жеті тәулік өткенде бай мен оның Бандоу құдасының үйіне дейін созылған сегіз шақырымдық күлшеден жасалған жол дайын болады. Былтыр құрғақшылық болғандықтан ел асқа жарымай отыр еді. Тек байдың егістігі ғана мол өнім бергендіктен даңқы үшін күлшеден жол төсеуден аянбапты. Бір түнде төселген аппақ жолды көрген ауыл ақсақалдары «апырай, не болар екен?» деп жағаларын ұстапты.
Айнадай жол көктемнің күн сәулесімен жылтырай шағылысқанда үлде мен бүлдеге оранған бай қызы сарайдан шықты. Аппақ боп жылтырап жатқан алғашқы күлшені аяғымен баса бергені сол екен, о тоба, домалақ нан аққуға айналып әуеге көтерілді. Екінші қадам, үшінші қадам... Қалыңдықтың аяғының астынан аққулар бірінен кейін бірі ұшып жатыр, ұшып жатыр. Жұрт таң-тамаша. Аспанға көтерілген бір топ аққу байдың үй-жайының үстінен бір айналды да алысқа ұзап, көзден ғайып болды. Байдың бар бақыт берекесі аққу киемен осылайша ұшып кетті.
Күз келді. Ел егін жинауға кіріседі. Ал қызын ұзатқан байдың егістігіне бір түйір дән шықпайды. Келесі жылы да егістік өнім бермейді. Одан кейінгі жылы да.. Сөйтіп, бұрынғы алтын дәнді алқап тақыр шөлге айналыпты. Берекесі кеткен байдың дүние-мүлкі бірте – бірте азайып, ақырында сіңірі шыққан кедей болады. Оның қызын алған Бандоу байдың әулеті де көп ұзамай тақыр кедейге айналыпты дейді.
Жапон тілінен аударған Шарапат Жылқыбаева