Анамның рухы екен...
Әдетінше кеш түсе ұйқыға жаттым. Басым жастыққа тиісімен қор ете түстім, көп ұйықтадым ба, аз ұйықтадым ба білмеймін, перденің сусылынан оянып кеттім. Қарасам бөлме іші қаракөлеңке.
Ешкім көрінбейді, тек терезеге түскен ай сәулесінің жарығынан перденің сыртынан адамның сұлбасын көргендей болдым. Бірақ, тәйірі жеті түнде перде арасында кім тұрушы еді, көзіме елестеген болар деп жата бергенмін. Жоқ, перде қозғалғандай болды. Жұбайыма қарасам ол қаннен- қаперсіз ұйықтап жатыр. Зайыбымның тәтті ұйқысын қимай перденің арасынан көрінген бейнені бақылап жата бердім. Бір кезде «Белгісіз сұлбаның» пердеден бері өткенде абдырап қалдым. Өйткені адамның физикалық заттан тікелей өтуі мүмкін емес қой, ендеше ол астралды денемен жүрген «Тылсым дүние өкілі» екеніне шүбәм қалмады.
Оқыстан пайда болған «елес» бейнені көріп тілім байланып қалғандай болды. «Тылсым бейне» маған жақындап келе жатты. Шашы иығына төгілген, қара торы, зерленген қазақы қамзол киген сұсты әйел екен. Жұбайымды оятайын десем дауысым шықпайды. Не істейін? Жаным мұрнымның ұшына келді. Осы кезде бөлме іші сүттей ақ нұрға бөленіп жүре бергені. Ақ нұр төгілген жаққа көз салып едім анама ұқсаған әйел бейнесі бас жағымда тұр екен... Ол ентелеп келе жатқан «елес бейнеге» сұстана қарап қалыпты. «Елес әйелге» көз салсам жүзінде үрей, нұр шашқан әйелге қарап шалт тұрып қалыпты.
Осы кезде нұрлы әйел әдемі мақаммен «Биссимиллә-ә –и – и- и» деп үш мәрте айтқан кезде «елес бейне» көз алдымда ғайып болғаны. «О, Құдайым-ау, мына нұр шашқан әйел періштем болғаны ғой, дауысы анамның дауысына ұқсайды екен және Анамның да осындай мақаммен «Биссимиллә-ә –и – и- и деп айтушы еді. Анам, адамның періштесі оған өмір бойы қорған болады деуші еді, мүмкін анамның рухы періште болып маған қорған болып жүр ме екен» деген ойлар ойымды әлем - тапырақ қылды.
Ойымды жинақтағанша періште анам мейірлене қараған күйі бір шөкім ақ буалдыр бұлтқа айналып түн қараңғылығына сіңіп жоқ болғаны! Онымен тіл қатыса алмағаныма қатты өкіндім! Осы кезде зайыбымда оянып «Неге ұйықтамай жатырсың?» деп жатты. Ал мен көрген әсерден арыла алмай «Иманың кәміл, жаның жәнәттә болсын, Анашым» деп анама дұға бағышылап жатып ұйықтап кетіппін. Міне осылай маған қорған болып жүрген періштем – анамның рухы екенін білдім ғой! - деп еді досым Еркін.
Ерсін Ерғалиев