– Кім білсін, дегенмен үлкендердің айтуынша бұл араға жарты ғасырдан бері ешкім ат ізін салмаған көрінеді.
– Рас та шығар, самсап тұр екен. Осыншама тамаша жерді неге ел мекендемеген сонда?
– Аңыз ба, ақиқат па, оны тек бір жаратушы білер. Ел аузында осыдан жарты ғасыр алдын бұл ара лықсыған мал мен жанға толы еді дей-тұғын… Әлде бір зұлмат бір түнде барлығын жұтып кетіпті дегенді айтады. Содан бері ешкім де бұл жерге келуге батпаса керек-ті.
– Сен екеуміз сықылды жанын қайда сақтарын білмеген қашқындар болмаса дейсің ғой, сонда.
– Шынымен-ақ, бұл жер сен екеуміздің жанымызды сақтап қалатын жер бетіндегі жалғыз панамыз. Ешкімде бұл жерден бізді іздемесе керек. Тар шатқалға енген екеуі сонда барып тізгін тартты. Екеуі де қылмыскер. Үкімдері анық. Өлім. Есерленіп жүріп бүкіл ауылды тас-талқан етіп өртеп жіберген. Өртеген де, естерін жиып қашқан. Барар жер, басар тау қалмаған олар ел аузындағы қарғыс атқан делінетін жерге ат басын тірегендері осы.
– Сонда, бұл жердегі ауыл қалайша ғайып болып кеткен?
– Жетер енді, соның барлығына несіне бас ауыртасың.
– Қорқынышты ғой…
– Қолға түссең бұдан да қорқынышты болатынын білерсің.
– Осында келгендер тірі қайтпайды дейді ғой.
– Көрерміз.
Сай түбіндегі жылып аққан бұлақтан аттарын суарған олар беті қолдарын жуып, бұлақ шетіндегі шоқайма тасқа шығып темекі тұтатты.
– Аттарды жасырып қоялық.
– Керегі не, жібере сал.
– Неге?
– Енді бұл жерден ешқайда кетпейміз.
– Неге?
– Өзің айттың ғой. Мұнда келгендер қайтпайды деп.
– …
Аз-кем отырған соң жасы кішісі:
– Ананы қара! Кәдімгі адамның ізі, жалаңаяқ адамның ізі, – деді.
Шатқалдың терістік бетіне қарай созылған ескі сүрлеуде шәкене ғана құмдауытта қалған ересек адамның жалаңаяқ ізіне екеуі де ентелей үңілісті. Ары қарай қайда кеткенін таба алмады бірақ:
– Демек, бізден де басқа тірі жан бар деген сөз.
– Сайтан шығар.
– Қайдағыға сенеді екенсің.
– Басқа жаққа кетпедікпе…
– Аттарды мықтап арқандап қой.
Батыс жиекке қарай бет алған күн жал басынан тез құлады. Алакеуім шақ бастала жасы кішісі үлкенін бүйірден түртіп:
– От жағайық па, – деді.
– Жоқ, бүгінше жақпаймыз. Аман болсақ ертеңнен бастап.
– Қорқып отырмын.
– Ұйықтап қалсаң білмейсің.
– Ұйықтай алар емеспін.
– Қойшы енді, басты ауырта бермей, жол соғып шаршап қалыппын.
Олар түнді біреуі қорылдаған қатты ұйқымен, біреуі сыбдыр еткен дыбысқа елеңдеумен, көз ілместен жанын жеген мың күдікпен атқызды. Күн көтеріле кешегі аттарды арқандаған тоғай арасындағы шағын алаңқайға келген екеуі аңырып тұрды да қалды. Аттардың бірі ғана тұр. Екіншісін тура қазықтың түбінен арқанды әлде бір өтпес дүниемен жұлмалап қырқып алып кетіпті. Жылқының жас құмалағының үстінде – кешегі бұлақ бойындағы адамдікіндей із.
Кешке дейін біраз жерді шарлады. Бірақ ешқандай белгі табылмады. Әупірімдеп жүріп қара су қайнатып ішкеннен соң үлкені қынынан пышағын шағарып, бұлақ басында жатқан алақандай ғана жалпақ тасқа қайрай бастады. Қабағын қарс түйіп алған ол жанындағы жолдасының ешқандай да сауалына жауап қайтармады. Тек пышағының жүзін бас бармағымен сипап көріп, қылпылдап өтіп тұрғанына көзі жеткен соң:
– Атты алып кел, – деп бұйырды.
– Неге? – деген серігіне:
– Елге жем қылғанша өзіміз азық қыламыз, – деді тістеніп тұрып.
Оның қан сөлін ішіне тартқан ызғарлы жүзінен сескенген серігі басқа сұрақ қоюға бата алмай, еріншектеп барып атты жетелеп келді. Екеулеп жүріп атты жығып төрт аяғын буған олар, әп-сәтте-ақ санын-сан, қолын-қол етіп жәукемдеп тастады.
Түн ортасы ауа ұйқыға бас қойды. Кешегі ұйқының зары өткен жасы бүгін алдымен қор ете түсті. Сақ жатқан ересегі түнде өздерінің маңайына әлде ненің келіп ұзақ торуылдағанын біліп жатты. Жас басынан қорқу деген сезімнен ада өскен ол, жақындап келсе бір-ақ көрермін деп күтіп жатты. Өз пайымынша, не болса да адам кейіпті нәрсе.
Таң ағара аз ғана көз шырымын алған ол орнынан тұра серігін оятты да, қайтадан әр түп қарағайдың түбіне дейін тінтіне қарап келе жатты. Ұзақ күнді батырып, кешкіре әлде неше адамның құшағы жетпейтін қарт қарағайдың қалқасында тұрған қақпақ тасқа келіп жетті. Астында аузынан атты кісі сиярлық үлкен үңгір бар екен. Үңгірдің аузынан енді кіре бергенде қол аяғы дір-дір еткен серігі етегіне жабысып:
– Ағатай-ау, ертең жарықта кірейікші, – деп шыж-пыж болды.
– Қорықсаң сыртта күте тұр, – деп, оны сыртта қалдырды да, кеше ғана қылпылдатып қайрап алған пышағын қолына ұстап, ішке қарай ақырын жылжып келеді. Үңгір өте үлкен екен. Шамамен он қадамдай жүрген соң түп жағынан лапылдап жанған от көрінді. Мұрнына түтіннің иісі келді. Шамасы төбеде тесік бар болу керек деп ойлады. Жақындағанда барып көрді. Лаулап жатқан оттың жанында шашы аппақ болып жалбыраған, кеудесі мен бөксесін әлде бір жұлым-жұлымы шыққан бірдеңемен орап алған біреу отыр. Оттың арғы жағындағы тас қабырғаға сүйеулі адалбақан іспетті арса ағашта қара қошқылданған ет салбырап тұр. Оттың басында кешегі жоғалған атының басы жатыр. Ол пышағын мыт ұстап жақынай беріп, байқаусызда әлде бір темір дүниені шалдыр еткізіп басып қалды. От басындағы оған жалт қарады да, баж ете түсіп орнынан атып тұрды. Шамасы шелекпен су құйып жіберген болса керек. От бот етіп барып сөніп қалды. Төбеден өлеусіреген әлсіз жарық түсіп тұр. Баж ете түскен кәдімгі әйел адамның даусы екенін аңғарды. Соның арасынша қасынан сүйкеп өте шыққандай болды. Өзін қаншалықты жүректі санағанмен, ол абдырап қалды. Үңгірден атып шықты. Серігі анадай жерде серейіп жатыр. Есінен танып қалыпты. Әрі-бері жұлқылап көріп еді, есін жия алар емес. Ақыры арқалап бұлақ басына әкелді де, бұлақтың мұздай суық суынан бетіне шашып кеп жібергенде барып көзі ақиланып, алақтап орнынан атып тұрған ол:
– Албасты көрдім… өз көзіммен көрдім. Мені соғып құлатып кетті… – деп өзеуреді.
– Жоқ, ол албасты емес, кәдімгі адам… бірақ қатты шошытты… – дегеніне есе бермей:
– Нақ албасты, – деп күш беретін емес. Ол серігін беттен жанып-жанып жіберді. Сонда барып ол басылғандай болып:
– Қатты қорықтым, сені өлтіріп кеткен шығар дегенді ойлауға мұрсам езер жетті, онан соң білмеймін. Ол шынымен адам ба? – деп сұрады.
Бұл түні екеуі де ұйқысыз елеңдеумен өткізді.
Ересегі күн шыға:
– Кешегі үңгірдің маңайын байқастайық. Ол да ұйықтай алмаған болса керек. Бүгін кеште үңгірге келіп ұйықтайды, сонда ұстап алып сөйлесеміз, – деді.
– Бұл жерден кетейік, – деген серігінің сөзін елегенде жоқ.
Ұзақ торуылдаған олар кешке қарай өздерінің ұзақ күткен құбыжықтарының үңгірге кіргенін көріп, баспалап жақындай бастады. Үңгірге кіріп кеткен құбыжық әлденеше рет сыртқа шығып қарауылдап жүрді. Жақын келгенде ғана байқады. Шамасы алпыстардан асқан кемпір.
– Бұл шынымен де албасты. Мынадай иен үңгірде кемпір қалай күнелтеді, – деген серігіне Үлкені: - Басқа түссе баспақшыл деген бар, – деді де қойды. Ет асым уақыт өткеннен соң үңгірдің тура алдына келген олар, қолдарына арнайы дайындап алған кеспелтек ағаштарын серт ұстап кішісі аузында қарауылда қалды да, үлкені ішке кіріп кетті.
Кешегідей емес, ол бүгін еркін басып келеді. Үңгірдің түбіне таяғанда ала кеуім қараңғылыққа көзін сәл тоқтатып үйретті де, жан-жағына тінте қарай бастады. Қор-қор еткен дыбыс үңгірді жаңғыртып тұр. Шамасы шикі етті көп жеген шығар деп ойлады ол. Кешегі от жанып тұрған жердің өр жағында бүк түсіп, үстіне тері іспетті бірдеңе жамылып жатыр екен. Әлсіз буалдыр сәулемен жалбыраған аппақ шашы анық көрініп жатыр. Таяқ тастам жерге дейін жақындаған ол қолындағы кеспекпен басынан бір салмаққа ыңғайланды да, ол ниетінен қайтты. Не болса да кім екенін біліп алайын деп, баспалап барып алқымнан ала кеп түсті. Кемпір өтірік ұйықтап жатқан болса керек-ті. Алқымына оның қолы тиген заман әлде бір үшкір қаруды оның бүйірінен қорс еткізіп тығып алды. Бүйірден кірген қанжар іші-бауырын от қылып өртеп бара жатқан оның қанша тырбынса да дыбысы шықпай қойды. Қос қолы сусып алдына келді. Жүрелеп аз-кем отырды да, бір жағына қарай қисая берді.
Орнынан жер таяна тұрып жатып кемпір:
– Міне, енді болмаған да екі айға жететін азақ табылды, – деп күңкілдеді. Сосын үңгірдің аузына қарай келе жатып:
– Сендер екеу болсаңдар мен үшін қауіпті. Осылай, біреуің ғана қалғандарың жақсы… Адам баласымен тіл қатыспағалы қанша… – деп күбірледі.
Оның өз үні өз құлағына ұғынықсыз болып жеткендей болды. Үңгірден сыртқа шыққанда манағы қарауылда тұрған жігіт мұны көріп есі ауысып аңырып тұрып қалды. Кемпір қасына келді де оның қолындағы ағашты жұлып алып сайға қарай лақтырып тастады. Үнсіз жетелеп үңгірге алып кірді. Қарсыласарға дәрмені қалмаған жігіт үңгір түбіне жеткенде өз серігінің сұлап жатқан денесін көріп, есін жоғалтып құлады.
Есін жиғанда өзінің қол-аяғының тас байлаулы жатқанын біліп, құтқарыңдар деп біраз уақыт айқайлап жатты. Кемпір білтеленген шаштарын жұлмалап, лаулаған оттың басында отыр. Манағы серігінің өлігі жоқ. Үңгірдің ішін қапырық күлімсі иіс кеулеп тұр. Жан-жағына алақтап қарап жатқан ол, от басындағы серігінің киім-кешегінің жатқанын көріп, дір ете түсті. Сескене отырып бітеу тас қабырғаға көз салды. Арса толы ет. Бір шетте өзінің атының басы жатыр. Онан ары тағы бірдеме қараяды. Не екенін айыра алмады. Оттың сәулесін кемпір қалқалап қалыпты.
– Менің досым қайда?
Ол кемпірге бірінші рет тіл қатты. Кемпір орнынан тұрып манағы арт жағында қарайып жатқан затты нұсқады. Досының басы. Кәдулгі кесілген бас. Ол ышқынып барып шыңғырып жібірді.
– Неге?
– Маған азық керек.
Ол кемпірдің сөзін ежіктеп әзер ұқты. Шамасы көп заман сөйлемеген болар, үні ішіне түсіп тоқтамайды екен.
– Адамсың ба, албастысың ба?
– Елу жыл алдын адам болатынмын.
– Одан кейін.
– Міне, өзің көріп отырғандай.
– Неге?
– Е, сен қайда барарсың, адам мен сөйлеспегеніме отыз жыл болыпты. Сенімен бір шерімнен шыға сөйлесіп алайын, содан кейін көрермін.
– Не істемексің?
– Азық етемін.
– Мен адаммын ғой.
– Ас ретінде адамның етінен тәтті ет еш уақытта болмайды.
Оның жүрегі аузына тығылды. Кемпір сөйлеп жатыр. Сөздері емес-еміс құлағына жаңғырып жеткендей болды. Басы айналып барады. Кемпір қанша сөйлегенін кім білсін, оның бар ұққаны: «Осы шатқалды қыстап отырған аз ауыл қалың қардан еш қайда шыға алмай қалып, дерлік аштық пен аяздан қырылыпты. Осы үңгірдің іші өліктен аяқ алып жүргізгісіз болыпты. Адамдардың ең соңында қалған ол әл-дәрмені құрып, аштық пен аяздан өлгелі өлеусіреп жатқанда, әлде бір жыртқыш таңертең ғана өлген көршінің үлкен қызының бір санын жұлмалап жеп жатқанын көріп, солай қарай сүйретіліп жүрген екен. Бұны көрген жыртқыш тайып тұрыпты. Жақын құрбысын құшып, егіліп жылап жатып ол манағы жыртқыш жұлмалаған санының үстіне бетімен құласын. Аш өзегіне түсіп өліп бара жатқан ол, ылжыраған қанды еттен аузын тартып алайын десе шамасы жетпей өлі қанды құныға сорсын кеп. Содан көзі ілініп кетіпті. Ояна келсе әжептәуір әлденіп қалған. Құрбысының денесіне қараған ол, шыңғырып барып талып қапты. Көзі қарауытып жатып жыртқыштан қалған бір санның жартысына таяу жерін жеп қойған екен. Кір сіңген көйлегінің етегімен аузын сүртіп қалса, қып-қызыл қан. Басын тауға да, тасқа да ұрып зар жылапты. Одан ештеңе өндіре алмаған ол екі күннен соң өлмес үшін, ақыры екі көзін тарс жұмып аязда қатқан денелерді жыртқыштармен бірге кеміріп жүріп, көктемге әзер жетіпті. Көктем келіп жер жібіген соң, осы ауылды іздеп келгендер қар астында күйреп қалған үйлердегі жыртқыштардан аман қалған адам денелерін жерлеп кетіпті. Адамның етін жеп қысты өткізген қыз адамдармен кездесуге дәті жетпей, тығылып қалыпты. Содан кейін бұл маңды адам аяғы баспапты. Жабайы аңдар мен жайылып келген малдардың етімен күн өткізіп жатыпты. Содан жиырма жылдан соң бір аңшы жолығыпты бұған. Қыс басында келген аңшының аты тастан құлап, өліп осы үңгірді мекендеуге мәжбүр болыпты. Аңшының көзін құртпақ болған ол түн ортасында үңгірге келіп еркектің ашты қаңсық иісіне елітіп, ойлағанын орындай алмапты. Сонымен қойшы, әйтеуір аңшы екеуі бірге тұрып қысты өткізіпті. Аңшы бұны ауылға алып кетпек болған екен. Бұл да келсімін берген іспетті. Содан елге қайтуға қамданып жатқанда аңшыны сыртта қасқыр талап, әзер деген де құтылып үңгірге жетсін. Жиырма жылдың алдындағы адамның етінің дәмі мұның таңдайын қуырып тоқтамайды. Қан көп ағып талмаурап жатқан жігіттің қанын сүртіп отырып, сұқ саусағына жұғып қалған бір тамшы қанды жалап қалған екен. Тұла бойы дүр етіп, өз-өзіне ие бола алмай манадан таңған орауышты тарқатып, қанын сорсын кеп… Өлеусіреген аңшы тырп ете алмай ышқынып жатыпты да, жан тәсілім еткен екен. Енді манағы жігіттің бүйірінен атқақтаған қанды сіміріп, жадырап отырғанны осы екен. Қан сағынған күні өзінің де қанын ішпекші».
Ол бейберекет шыңғыра бастады. Таңдайы кеуіп, талығып барып есінен қайта адасып қалды. Таңдайына жылымшы бірдеме тиіп, тамағынан ары бір былжырақ кесек дүние кетіп жатып есін жиды. Аштықтан бұралып, таңдайы әбден кеуіп қалған екен. Аузына салынған дүниені ары қылғытып жатып әлін жинаған ол, кемпірдің қарқ етіп кекіргенінен кейін барып көзін ашты. Алдында астау іспетті бірдемеде қан-қан болып адамның мылжаланған саусақтары жатыр екен. Өзінің манадан бері адам етін жегенін білген ол, шыңғырып барып талып қалды. (Тақырыбы өзгертілген. Өз тақырыбы - Аушы)
Қойшыбек Мүбарак