Өлім...Ешкім өлімнен қашып құтыла алмайды және адам дәм тұзы қашан таусылатынын білмейді. Бәлкім тірі жан иесі өлімді сезетін қасиетке ие шығар? Көп адамдар жақын адамдарының өлімі туралы білгенін айтады. Олардың айтуынша, бірнеше апта бойы қайтыс болатын адамның да оның жақындарының да бір-біріне деген қарым-қатынасында өзгерістер байқалады. Бірі мұны жай ғана сәйкестік деп ойласа, енді бірі өлімнің жақындап келе жатқанын адам сезеді дегенді айтады.
Ғалымдар адамдардың өлімнің иісін сезе алатынын дәлелдеген. Әрине біз әрқашан оны байқай бермейміз. Десек те, біздің денеміз оны сезеді және оған жауап береді. Біздің иіс сезу қабілетіміз саналы түрде ғана иіс сезіп қана қоймай, түрлі химиялық белгілерді байқай алады. Оны адамның миы қауіп, қорқыныш және жайлылық ретінде сұрыптайды. Бұл иістердің «нәзік» болғаны соншалықты оны біз бейсаналы деңгейде қабылдаймыз. Десек те, біз оған жауап береміз.
Адамның денесі ажырай бастағанда ол путресцин атты химиялық затты бөледі. Оның иісі тірі жанның барлығынан некрофобиялық сезімді тудырады. Яғни иісті сезген тірі жан мәйіттен, жерлеуге қатысты жоралғылар мен заттарға деген қорқыныш пайда болады. Ғалымдардың пайымдауынша, адамдардағы бұл реакция 420 миллион жыл бұрын қалыптасып үлгерген. Жануарлар үшін путресцин екі қауіп түрінің негізі болып есептеледі. Біріншісі: жақын маңда жыртқыш жүр деп қорқады. Екіншісі: физикалық қарым-қатынас болған жағдайда өлі денедегі патогенді микробтар олардың өміріне қауіп төндіреді. Екі жағдайда да жануарлар бірдей әрекет етеді. Яғни, өлімнің иісін сезген жерден қашады.
Ғалымдар адамдар да дәл осылай әрекет етеме әлде жоқ па соны зерттеп көрді. Олар арнайы тәжірибе жүргізіп, көкейдегі сауалдарына нақты жауап ала алды. Зерттеу барысында адамдар да жануарлар секілді әрекет ететіні анықталды. Мамандар 4 түрлі тәжірибе жүргізді. Оған қатысушылардың путресцинге, аммиак пен суға реакциясын тексерді.
Сақтық
Бірінші тәжірибеде ғалымдар адамдардың путресциннің қысқа уақытқа әсеріне деген қырағылығын байқады. Нәтижесінде барлық тірі жанның сақтық сезімі жоғары деңгейге дейін жеткені анықталды. Басқа сөзбен айтқанда, су мен аммиакпен салыстырғанда путресциннің иісін сезгендер екі есе тез сезіп, екі есе тез сақтық шараларын ойластырады.
Қашу
Зерттеушілер екінші тәжірибеде ештеңеден хабары жоқ адамдарға ненің иісі екенін анықтап, оның жағымдылық деңгейіне баға беруге тапсырма берді. Шын мәнісінде ғалымдар адамдардың пуресциннің иісін сезгеннен кейін 8 метр қашықтықта қаншалықты тез кетуге тырысатынын анықтауды көздеді. Нәтижесі - путресцинді иіскеген адамдар зерттеу жүргізіліп жатқан жерден тезірек кетуге тырысады екен. Өлімнің иісі адамдарда қашуға итермелейтіні белгілі болды.
Қатер мен қорғаныс сөздері
Ғалымдар үшінші тәжірибеде адамдар путресцинді иіскегеннен кейін бастаған сөйлемді аяқтауын сұрайды. Аталмыш химиялық заттың иісі адамдардың сөйлемді негативпен немесе қорғанатын сөздермен аяқтауға итермелеген. Тәжірибеге қатысушылардың кейбірі қоқан-лоқы көрсеткенде пайдаланатын сөздерді айтқан.
Қоғаныс пен өшпенділік
Соңғы тәжірибенің қатысушылары белгілі бір мәтінді оқып, оған баға беру керек. Олар оқып жатқан уақытта тәжірибе жүргізушілер путресциннің иісін сездіреді. Ешқайсысы аталмыш заттың иісін сезгенін білмесе де мәтін авторына деген өшпенділік сезімдерін білдірген. Бұл адамдардың бейсаналы түрде өлімнің иісін сезгенінің өзінде қорғанатын әрекеттер жасайтынын көрсетті.
Қорытынды
Жүргізілген 4 тәжірибе де адамдар путресцинді саналы және бейсаналы түрде де сезе алатынын көрсетті. Белгілі болғандай, біз өлмінің иісін сезіп қана қоймай, оған айрықша жауап береді екенбіз.
Дайындаған: Әсем Әлмұханбет