Қасиетті Құранда Алланың 99 сыйпаты, яғни есімі берілген. Бірақ бұл Жаратқанның барлық сыйпаты 99-бен шектеледі деген сөз емес. Оның сыйпаттары шексіз көп және санап тауысу еш мүмкін емес. Дегенмен де, Алланың барлық сыйпаттарын немесе қасиеттерін білу адамға қажет те емес, ең бастыларын, өз өміріне, болашағына ықпалын тигізетіндерін білсе жеткілікті. Біз баяндағалы отырған Алланың сыйпаты – адам үшін аса маңызды және кез-келген пенде міндетті түрде Жаратқанның ол сипатымен ұшырасады. Ол – АЖАЛ.
Адамдар неге ажалдан қорқады?
Веда ілімінің қайнары саналатын Бһагавад Гитада Жаратқан Өзінің адамдарға ажал бейнесінде келетіні айтылады. Егер ажал, яғни өлім Алланың бір сыйпаты болса, одан адамдар неге сонша қорқады? Жалпы, барша тіршілікті жаратқан Алладан қорқу дұрыс па? Ол Жаратушы, яғни барша тіршіліктің Әкесі емес пе. Ендеше әкесінен ұрпағы неге қорқуы қажет?
Шындығында Алла барша тіршілік иелерінің жаратушы Әкесі. Бірақ та, Оның біз білетін әкеден үлкен айырмашылығы бар. Барша әлемнің Әкесі отбасының иесі, балаларын бауыр етіндей жақсы көретін және ұрпағының бар еркелігін көтеріп, кешіріммен қарайтын, тіпті шектен тыс кешірімшіл болып кететін пенде сияқты емес. Ол Әке қара қылды қақ жарардай әділ, сондықтан ақты ақ, қараны қара деп танып, әр пендені өз әрекетіне сай бағалайды. Оны алдап кету мүмкін емес немесе өз әкемізге жасағанымыздай шектен тыс еркелігімізді көтеруге мәжбүрлей де алмаймыз. Алланың алдындағы адамдардың қорқынышының басты және негізгі себебі де осында.
Егер Жаратқан әділ болса, онда Өзі берген қасиетті кітапта айтылған шарттарды орындамаған, Алланың заңдары саналатын шариғат жолымен жүрмеген, тіпті Алла тиым салған күнакар әрекеттерді жасаған пенделері міндетті түрде сол теріс әрекеттері үшін жазаланатын болады. Ал ол жаза біз білетін фәни дүниедегі ұсақ-түйек жазалаулардай емес, өте ауыр және мерзімі де айтарлықтай ұзақ болмақ.
Қасиетті кітаптарда күнакар пенденің жасаған теріс әрекеттері үшін жазаланатын орны – тозақ туралы айтылады. Ондағы пенденің тартар азабын айтып жеткізу мүмкін емес. Адамдардың ажалдан қорқуының себебі де сол тозақ отына күйіп, жантөзгісіз тауқымет тарту екені анық.
Мысық пен тышқан
Мысықтың тырнағына ілінген тышқанның жайының қандай болатынын есі дұрыс әрбір пенде жақсы біледі. Тышқанды желкесінен тістеп алып, кетіп бара жатқан мысықты көргеніңіз бар ма? Оның тісін сезінген тышқан байғұстың үрей мен қорқыныштан жүрегі жарылардай азапты күйге түсетіні айтпаса да белгілі. Ал мысықтың кейде жаңа дүние есігін ашқан кішкентай баласын тістеп көтеріп бара жатқанын да көруге болады. Бірақ та, анасының тісі бала мысыққа еш қорқыныш әкелмейтіні, керісінше өзін қауіпсіз сезініп, жәйбарақат күйге түсетіні дау туғызбас шындық.
Мысықтың аузына түскен тышқан мен мысық баласының екі түрлі ахуалда болатыны сияқты, ажал алдындағы күнакар мен иманды адамның ахуалы да екі түрлі болмақ. Күнакар үшін ажал тозаққа түсірер есік болып, бойына айтып жеткізгісіз үрей мен қорқыныш ұялатса, иманды адам үшін ажал жұмаққа енгізіп, жан рахатына кенелтер жаңа өмірдің хабаршысындай сезілері күмәнсіз.
Осыған орай, иманды жан мен күнакар пенде ажалды екі түрлі көңіл күй жағдайында қарсы алады. Мен өмір бойы құдайсыз тірлік кешкен, о дүниеге де, Аллаға да сенбейтін бірнеше атейстің өлімін көрдім. Олар қатты қиналып, өмір үшін күресіп, ақтық демі біткенше өмірге жабысып айрылмастай күй кешті.
Ал керісінше, иманды адам ажал жақындағанда оған мойынсұнып, туыстарымен, таныстарымен қоштасып, ажалдың жақын қалғанын айтып, өлімді еш қорқынышсыз қарсы алады. Тіпті, иманды адамдар ажалды құтты қонағындай жылы көңіл күймен қарсы алатынын аңғарасыз. Олардың бойында ешқандай қорқыныш болмайды. Бұның өзін мысықтың аузына түскен тышқан мен мысық баласының ахуалына ұқсатуға болатындай. Яғни, ажал күнакар үшін оны өлтіретін мысық-тажал сияқты сезілсе, иманды жан үшін өзін сүйер жанашыр анасына ұқсайтындай.
Енді мынаған назар аударыңыз: егер ажал Алланың бір сипаты болса, онда біз оны қорқынышты құбыжықтай көріп үреймен қарсы алсақ, бұл өміріміздің дұрыс өткенін білдіре ме? Яғни, біз бар тірлігімізді күнаға батып, Алланың Өзіне де, заңдарына да қарсы шығып, босқа өткізген болып шығамыз ғой. Керісінше, Жаратқанның заңдарын сақтап, діни парызымызды орындап жүрсек, ажал түріндегі Алла бізге соншалықты құбыжық болып көрінбесі анық және ажалдың қорқыныш пен үрей әкелмейтіні де даусыз. Біз бұл екі жолдың қайссын таңдаймыз: ажалға деген көзқарасымыз да соған тікелей байланысты болмақ.