2010 жылы алғашқы әскери дайындық пәні аясында біз Ұржар ауданындағы Мезенцев заставасына бардық. Бұл Қытай мен Қазақстан шекараласатын аймақ. Сонда мектеп оқушысы болсам да, ауылдың біраз мәселесін көзбен көрген едім. Яғни шекарадағы ауылдардың жағдайын айтамын.
Қазақстандағы шекарадағы ауылдардың жағдайы бір-бірімен ұқсас деп ойлаймын. Шекаралас ауылда халықтың болуы маңызды. Мемлекеттік саясат, ұлттық қауіпсіздік үшін аса маңызды. Шекара бос қалса &ndash мемлекет қауіпте дей беріңіз.
КСРО кезінде шекара маңында тұратын халыққа қосымша үстемақы төленетінін естіп едім. Бұл система қазір бізге керек деп санаймын. Әсіресе солтүстік және шығыс өңірінің шекаралық ауыл тұрғындары кетіп жатыр. Жыл сайын бірнеше мектеп жабылып, ауылдар бос қалуда. Кей бейресми деректер бойынша 2013 жылдан бері шығыста 85 мың адам, ал солтүстікте жүз мыңнан астам адам шекаралық ауылдардан қоныс аударған деседі.
Шекараны сақтап қалу үшін шекаралық ауылдарға қатысты арнайы ұсыныстар айтылып, бағдарламалар қабылдануы тиіс.
Мысалы, шекаралық ауыл мектептері жабылмауы үшін, шекаралық ауыл мектебінде оқитын балаларға оқуды бітірген соң ЖОО-ға түсуге жеңілдіктер, арнайы гранттар мен стипендиялар тағайындалса. Арнайы шекаралық ауыл тұрғындарына айлық үстемақы ретінде 25% қаржы қосылып отыруы керек. Шекаралық ауылда тұратын жандарға арналған арнайы мал өсіру, бау-бақша егуге қатысты бағдарламалар, субсидиялар мен лизингтер берілуі міндетті. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бар, неге «Шекарадағы ауыл» бағдарламасын қабылдамасқа? АУЫЛ партиясы өз бағдарламасында осыны шегелеп айтса, дұрыс болар еді.
Асхат Қасенғали
Фейсбуктегі парақшасынан