Шетелде оқып жүрген қазақ Мәскеуге барыпты. Талай тау тұлғаның табаны тиіп, ізі қалған қаланы көзімен көруге оқуының арасында уақыт тауып жеткен. Алайда қалаға түскен уақыты тым қолайсыз болған көрінеді. Түннің бір уағында жататын жер іздейді. Бір хостелді тауып барса, алдынан сызыла сөйлеп, майысып тұрған жігітті көргенде ат тонын ала қашып, әлгі жерден шығып кетіпті. Тұрақ іздеуді көшеде жалғастырған ол алдынан шыққан егделеу жұптан: «Осы маңайда қонатын пәтер ме, қонақ үй ме, хостел ме, бірдеңе бар ма?», деп жөн сұрайды. Сонда әлгі екеу ойланбастан: «Алыстан келген екенсіз. Біздікіне жүріңіз», депті. Айдаладағы танымайтын қос орыстың мұндай қылығына әрі қуанып, әрі сенімсіздікпен қараған қазақ төрін ұсынғандарға қайта-қайта «Шын айтасыздар ма? Сенімдісіздер ме?» дегендей таңырқап, сұрақтарын жаудырған ғой. Сөйтсе жомарт жұп байыппен басын изей, алыстан келген қонақты үйіне ертіп әкетіпті.
Осының бәрін күні кеше болғандай, әдемі әсермен, сол сәттегі сезімін қаз-қалпында жеткізген ол: «Үй сондай жайлы екен. Біраз танысып, әңгімелесіп, дәм ауыз тигеннен кейін жерге төсек салып берді. Шынымды айтсам, таңертең тұрғанда алдымен дене мүшелерімнің орнында екеніне қуандым», деп күлді.
Иә, қатігез қоғамда жақсылықтан да жасқанамыз, мейірімнен де үрейленеміз. Ең қорқыныштысы да &ndash осы. Ал бұдан бізді, жалпы адамды алып шығатұғыны &ndash тек қана сенім. Сенім даладағы адамды үйіне кіргізген кең пейілді жұпта жоғалмапты. Бір қызығы олар шаңырағына ат байлаған жолаушысының «Сіздер қалайша өмірде бірінші рет көріп тұрған бөгде кісіне үйге кіргізесіздер? Ұры болып шығуы да мүмкін ғой» дегеніне: «Сен &ndash қазақсың ғой. Қазақ &ndash иманды халық. Ал ондай адамдардан жамандық күтпейміз», деп жауап берген екен.
Баяғыда бір қария баласына «Қала сайын үй соқ» деп өсиет айтқан екен дейді. Онысы әр &ndash қалада түсетін бір үйің болсын дегені. «Сыйға &ndash сый, сыраға &ndash бал» дейтін қонақжай қазақтың пейіліне бергені де шығар, әйтеуір жер ауып келген талайды паналатқан қазақтың әр елде бір үйі бар деуге болады. Бірақ мені елең еткізгені &ndash осы оқиғаны естігенде «Шіркін-ай, жақсылық пен ізгілік ұлт таңдамайды екен-ау» деген ой еді...
Айдана Шотбайқызы
Фейсбуктегі парақшасынан