Өз елімде полициядан әбден запы болғанмын деп шынымды айтуым керек шығар

АҚШ-қа келгелі бері жол тәртібін бұзғаным үшін бірнеше мәрте полиция тоқтатты. Біріншісі алғаш келген кезде еді. Алыс болса да сабаққа бүгін велосипедпен барып көрейін дегем. Қайтарда жолдың көбі өр болды ма, біраз жүрген соң діңкелей бастадым. Автобуспен жүре бермегеніме өкініп келем. Демалуға тоқтаған кезде картаға қарасам, негізгі жолдан бөлек төте жол бар сияқты. Дұрыс емес екенін сезіп тұрсам да соған бұрылып кеттім. Бір уақытта озып бара жатқан машинадан біреу айғайлағандай болды. Анық естімей қалдым, "Қаттырақ жүр, құтыласың!" деп күлген сияқты. Артыма қарасам, оттары жарқылдап полицияның машинасы келе жатыр. Жолдың шетіне шығып тоқтадым. Елу жас шамасындағы полицей түсті. Бұл жолмен велосипед жүруге болмайды ғой деді. Құжаттарымды сұрады, аты-жөнім, туған күнімді жазып алды да, машинасына кіріп кетті. Не жаза тағайындайды, қанша штраф салар екен? Онымен құтыласаң жақсы, университетке хабарласа ше? Мұны ойлап көңіл-күйім одан әрі бұзылды. Біраздан соң полицей шықты. Құжаттарымды берді. Қазір машинаға отырасыз, қаруыңыз жоқ па тексерейін деді. Жолдың бойында қолымды көтеріп тұрам, полиция үстімді тінтиді деген үш ұйықтасам түсіме кірмеген нәрсе. Қарусыз екеніме көзі жеткен соң офицер машинасының артқы есігін ашып, велосипедті салды, мен алдына отырдым. Қайда барамыз деп сұрап үлгергем жоқ, адресімді тағы анықтап алды да, мен бұл көшені білетін сияқтымын, жақын болу керек деді. Бес минутта үйге келдік. Жолда "қашан келдіңіз, Америка қалай, ұнап жатыр ма" деген сұрақтар қойып, аз-кем әңгімелестік. Үйге жеткен соң, велосипедті түсіріп берді де, бұдан былай хайуэймен жүрмеңіз деп қоштаса бастады. Ешқандай шара қолданбай ма? Еш уайымдамаңыз, сау болыңыз.

 

Бір айдан аса уақыттан соң ескілеу машина алдық. Қазақстандық жүргізу куәлігімен бір жыл жүруге болады. Келіншегім таңертең мені, баламды сабаққа әкеп тастайды. Өзім айдамауға тырысам. Өйткені, мойындаймын нашар шопырмын.

 

Бір күні кешкісін пробкада ақырын келе жатқам. Айнадан қарасам, артымда полицияның машинасы келеді екен. Соған алаңдаймын деп, стоп белгісіне тоқтамай өтіп кеткенімді кеш байқадым. Қап, құртатын болды ау. Қарап қоям, тыныш. Бірақ не озбайды, не қалмайды. Қой, өткізіп жіберейін деп тупик көшеге бұрылып кеттім. Масқара болғанда ол да бұрылды. Кері айналып келгенде ол алдымнан тоқтап терезесін ашты. Мен де тоқтадым. "Неге жол белгісіне бағынбайсыз? Штраф салуыма болар еді, бірақ бұл жолы ескерту берем" деді зілді дауыспен. Ок, ок дей бердім.

 

Тағы бірде, осы жақында ғана, бір америкалық досыммен кездесіп, түннің бір уағында үйге қайтып келе жатқам. Үлкен көшеге түскенім сол еді, арт жақтан сиренаның даусы баж ете қалды да, бір көшеден оты жарқылдап полицияның машинасы атып шықты. Көшеде менен басқа машина жоқ. Жүрісімді баяулаттым. Ол да ақырындады. Тоқтадым. Тағы не бүлдірдім? Тереземді ашып күтіп отырмын. Азиялық, бәлкім тегі қытай офицер екен.

 

"Ей, теріс жолға түсіп кеттің ғой!"

 

"Теріс жол?"

 

"Иә! Білмейсіз бе, мына жол бір бағытты, ал сіз кері кетіп бара жатсыз!"

 

Полицейдің бетіне бір, жолға бір қараймын.

 

"Жүргізуші куәлігіңіз".

 

Орнымда отыруды ескертті де, полицей құжатымды алып машинасына кетті. Не қара басты? Қалайша байқамадым? Екінші полицей келіп, машинаны бір айналып шықты. Фонарының жарығын терезеден түсіріп, ішін қарады. Әй осы жолы оңдырмайды ау. Бұлар неге сонша жоғалып кетеді, не істейді екен осынша уақыт?

 

Шамамен он бес минуттан соң жаңағы полицей келді. Қолында менің құжатымнан басқа тағы бір қағаз бар. Үйдің адресін сұрады. "Мынау куәлігіңіз. Ал мынау полиция тоқтатқан жағдайда не істеу керектігі туралы нұсқаулық. Қазір кері айналып ана көшеден солға бұрыласыз да Юниверсити авенюге түсесіз. Абайлап жүріңіз". Сөйтті де, біреуі қарсы келе жатқан машиналарды тоқтатты. Екіншісі маған жүр деп белгі берді. Тереземді ашып, "Офицер рахмет!" деп айғайладым да, зыттым.

 

Бұған қарап, Америкада полиция тәртіп бұзғанның бәріне көзжұмбайлық жасайды деп ойламау керек. Арақ ішіп ұсталсаң аяушылық жоқ. Мектептің жанында жылдамдықты асырсаң да солай. Бірақ менің түсінгенім, полиция әуелі адам екеніңді, адам болған соң қателесуің мүмкін екенін ескереді. Қасақана емес, байқаусызда істегеніңді түсінсе, көп жағдайда ескерту жасап қоя береді.

 

Бір күні қас қарайған кез еді, светофорға тоқтап тұрғам. Әйелім "Ойбай, Ержан, ана полицей бізге бірдеңе деп жатыр!" дейді. Қарасам, жанымда полицияның машинасы тұр. Терезені аштым. Фарыңды жақ деп жатыр екен. Жағып қайта қарадым. Бас бармағын шошайтты.  

 

Сонда да полиция көрсем, әлі күнге ішім қып ете қалады. Дұрыс келе жатырмын ба? Фар жағулы ма? Тәртіп бұзған жағдайда олар әуелі себебін сұрайды. Енді тоқтатып жатса, "Офицер, өз елімде полициядан әбден запы болғанмын. Сондықтан сендерді көрсем, сасқалақтап тәртіп бұзам" деп шынымды айтуым керек шығар.

 

 

 

 

Ержан Әбдіраман

Фейсбуктегк парақшасынан

 

 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста