Шалдың екі көзі аяғыма қадалып қалыпты. Көзбен ішіп-жеп, көйлегімнің етегін ойша түріп барады. Өзімнен де бар, қолыма мата ілінбей қалғандай тап бүгін көйлек киіп алғанымды қарашы.
 
 Жұтынып қалғанда шалекемнің кеңірдегіндегі шаригі  домалаң ете қалды. Жүрегім зырқ ете түсті.
⠀
Өзімді тура бір азғынның алдына топ ете түскендей жаман сезініп кеттім. Жасы келген адамды "шал" деп шеттетіп тұрғаным жоқ, қылығы жасына сай емес бір міскін еді.
⠀
&mdash Жасың қаншада? - көзбен ішіп-жеп барады.
 
&mdash 18, - деп зірк ете түстім. Алдына келген жұмысымнан тыс басқа сұрақ қойып жатқаны шамыма тиді.
 
&mdash Бұл шәріде жататын жерің, қонатын үйің бар ма? - дейді жаны ашығансып.
 
&mdash Бар, сізден қонақ үй емес, қол қойып бергеніңізді сұрап келдім- дедім.  Дегенде дауысым дірілдеп, тамағым қарлығып шықты. Жылағым кеп тұр. Тағы бірдеңе десе, боздап қоя беретін сияқтымын. Өзімді барынша сабырлы ұстауға тырысып отырмын.
⠀
Бүкіл студенттік жұмысым, ай сайын алатын шәкіртақымның ақшасы өсбіреудің қолында тұрғанына өзімді аяп кеттім. Тағдырымның сұрағы осы қыз-қырқынға қырғиша тиіп жүрген имейген шалға тиесілі екеніне жыным келді. Алдына келгендегі сұрағымды тезірек шешіп,  мына суық, қуықтай кабинетінен қашып кеткім кеп кетті.
⠀
Документіме "птичка" қойып, қолын басып бергені үшін соншалық бәлсініп, жер-дүниені тіреп тұрғандай шіренді-ай кеп.
⠀
Өкіметтің студентке үлестірген бес тиынын қалтасынан суырып, кәшөлөгінен беріп жатқандай кеудесі жалпайып, танауы делдиіп кетті.
⠀
Бұдан зорғы мәселені шешсе сары шалдың қайтіп өзгерерін бір құдайдың өзі білсін. "Е, Алла енді алдына келтіре көрме" деп жаратқаныма жалбарынып тайып тұрдым.
Ақсақал болып ақ кемпірінің құйған шайын  сораптап,  немере қызығын қызықтап отырар уақытта шөбересімен жасты қыздардың етегін аңдитын шалдарды шаруа басынан, жұмыс жағасынан қалай қуамыз?  Қашан кетеді осы?
 
 
Гүлден Әбдібақыт
Фейсбуктегі парақшасынан