Бүгінгі АТА ТІЛ мерекесі құтты болсын, қазақтар!
"Қазақта екі сөз шешілмей жүр: бірі - "Ана тілі" деген... Шешілмегеннің себебі: "Ана тілі" деген - қазақтың бұрынғы қазақ болған күніндегі ескі тілі. Ол ескі тіл кімде қалды?! Жалғыз-ақ қатындарда қалды...
Қазақтың ең алғаш көрген молдасы: сауат-сауан, ноғай-нопай. Олар өзі қазақ тілін дұрыстап білмейді...
Сарттан оқығаны сарт тіліне еліктеді, ноғайдан оқығаны ноғай тіліне еліктеді. Анан сұратқан орыстан оқығаны орыс тіліне еліктеді. Өзінің желгілікті тілінен айырылып қалды. Қатын ешқандай, ешкімнен оқыған жоқ. Бұрынғы қазақ тілі қатында қалды...
Ана тілі" дегеннің мәнісі - осы."
(Мәшһүр Жүсіп Көпей)
Әулие Мәшһүр Жүсіп айтқан "Қазақтың қазақ болғандағы ескі тілі" - Ата Тіл. "Аталы Сөз", "Сөз Атасы", "Атасы тегін Жел-Сөз", "Атасы арзан қара сөз", тағы сол секілді көптеген тұрақты тіркестер - оның дәл солай екенінің бұлтартпас қосымша дәлелі. Бірақ, сол Ата Тіл "жалғыз-ақ қатындарда қалғандықтан", "Ана тілі" аталып кетті. Осыны ұқсақ, "шешілмей тұрған Сөз" деп әулие айтып отырған "Сөздің" де "шешілгенін" түсінеміз.
Және бір дәлел.
Қазақта айбарлы атаулардың барлығы "Атадан" басталады. Ата жұрт, Атамекен, Ата қоныс, Ата кәсіп, Ата мұра, Ата дәстүр, Ата салт, Ата жол, Атам заман, жеті Ата, т.с.с. болып кете барады.
Қазақта қаздың "атасы" да - Ата қаз, керек десеңіз, қазақ үшін, қас-дұшпанның өзі де - Ата жау! Қарғысының бір "атасы" да - "Атаңа нәлет!"...
Жә, сол сансыз "аталы" атаулардың ең басында, бұрын, "Ата Тіл" атауы тұрған.
Айналайын қандастар, енді сана ішінде жөнсіз адаса бермей, "АТА ТІЛ" деген баяғы қасиетті, дұрыс атауға "аталық" өз мәртебесін қайтарайық!
Тыныштықбек Әбдікәкімұлы
Фейсбуктегі парақшасынан