"Әпенді" ұсыныс
Дәл бүгіннен бастайықшы...
Әзірге бір-екі ауыз сөз ғана... Бірақ, міндетті түрде...
Сонымен, енді күн сайын бәрімен:
1. Тек қазақша амандасыңыз! (Сәлем! Сәлеметсіз бе? ... т.б.)
2. Тек қазақша қоштасыңыз! (Сау болыңыз! Көріскенше! ... т.б)
3. Тек қазақша ілтипат! (Рахмет! Тәңір жарылқасын!... т.б)
4. Ресми тілде сөйлеп тұрып, арасына қазақша сөз қыстыра беріңіз.
(Қойыңызшы! Рас па? Қалайсыз? Тамаша! Шүкір! Жақсы! Керемет! Жаман емес! Кеше... Бүгін... Ертең... Не болды? Шіркін ай! Кіруге бола ма? Кіріңіз! Отырыңыз! Құдай қаласа! Асықпа! Тезірек! Қойыңызшы! Солай де...! Апырай! Масқара! Дұрыс! Олай емес! Болмайды! Тоқташы! Не болып кетті? Ас дәмді (сіңімді) болсын! О тоба! Қымбат қой..! Арзандатсаңшы! Бағасы қанша? Көп! Аз! Шығасыз ба? Түсесіз бе? Кім соңы? Мен... Сен... Ол... Қайда? Қашан?... т.б)
Осы ғана... Әзірге артық ештеңе қажет емес... Бірақ, жоғарыдағы мысал сөздерді міндетті түрде пайдаланыңыз!
Ескерту: Түсінбейтін адамға бірден мемлекеттік тілде сайрап кете алмайсыз. Қазақша сөзді күнделікті қолданысқа бірте-бірте қоса бастаған тиімді (әрі ұтымды). "Артық қыламын деп тыртық қылу" "аспанда да" жерде де абырой әпермейді. Ашу мен айғай, асығыстық пен науқаншылық алысқа апармайды.
P.S. Егер сіз осы "әпенді" ұсынысқа келіссеңіз, кері шегінбеңіз!
Өз "ұмытшақтығыңыз" үшін күлкілі болса да өзіңізге "айыппұл" тағайындаңыз:
Айталық, әрбір "әттеген-ай" үшін дәл сол күні жағдайы нашар туыс-танысыңыздың карточкісі (немесе телефоны) есебіне 500 теңге аударып отырыңыз.
Бұл әрекет баланың тірлігіне көбірек ұқсайтын шығар?
Бірақ, ана тілді аяқ асты етіп жүрсеңіз, сізді өзіңізден басқа кім жазалай алады?
Бейшара тіліміздің айтарға тілі, жұмсауға қолы жоқ. Оның үстіне, қазақ бірдеңеден қорықпаса, өмір бойы қалыптасқан әдетінен оңай арылмайды.))) Іске сәт, ендеше!
Cерік Абас-Шах
Фейсбуктегі парақшасынан