Менiң асқар тауым, әкешiм Стаханшыл бүгiн 78-ге толды. Ол туғанда ауылға стахановшылар келiп, ырымдап атын «Стахановшыл» деп қойыпты, оған кемпiр-шалдың тiлi келмей, Стаханшыл болып кетiптi.
Әйтпегенде мен Сәуле Стахановшыловна болатын едiм. Әкемнiң атын айтуды қиынсынды ма, әлде жақын тұтқаны ма, менi қызметтестерім әпке дейдi.
Атам Жанпейiстiң біріншi жарынан бала болмайды. Әжемiз Зейнеп те әкемдi 40-қа таянып өмiрге әкелген. Бiздiң ауылдан 5 шақырым жердегi Баба түктi Шашты Әзіз әулиенiң басына түнеп, Құдайдан сұрап алған жалғыз ұлы 11 жасында шоколадтан ұшынып, қатты ауырып, өлетiн халге жетедi. Сонда атам мен әжем ақылдаса келе, әулеттiң үлкенi, жазушы Берiк Шаханов ағамыздың атасына барып, рұқсат сұрайды: "Мына жалғыз ұл өлсе, бiздiң өмiр сүргенiмiзден не пайда, баланың жолына атам жанын құрбан етсiн" дейдi. Содан атам мойнына бұршақ салып, "Қара қозың болайын, жалғызымды аман калдырып, орнына менi ал" деп баланы үш рет айналып тiлеген екен. Алла тiлегiн қабыл еткенi болар, әкем аман қалып, келер жылы атам өмiрден өтедi. Әжем әкемдi арқалап жүрiп жеткiзiптi. Ұрпағы үшiн жанын қиғанының өтеуi болар, мен атамның атын алтын әрiппен жаздым! Ал әкем – арқа тұтар айбынымыз. Қара шаңырағымыздың Қасиетi, Киесi!
Жанпейiсұлы Стаханшыл! Мен әкеммен мақтанамын! Алла қалған ғұмырын уайымсыз, қайғысыз етсе екен!
Cәуле Жанпейісова
(Facebook-тегі парақшасынан)
Әкемнің аты – Стаханшыл
Последние статьи автора