Испаниялық «Севилья» UEFA Еуропа лигасының жеңімпазы болды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі "ҚазАқпарат"-қа сілтеме жасап.
Венгрияның Будапешт қаласындағы Ференц Пушкаш стадионында Испанияның «Севилья» және Италияның «Рома» клубтары бас жүлдені сарапқа салды.
Кездесу барысында командалар бірден шабуылға шықты. Бір-бірінің қақпасы маңында жиі бой көрсетті. Дегенмен оған екі команданың қақпашысы мен қорғаушылары лайықты төтеп берді.
Ойынның 35-минутында «Рома» сапынан Пауло Дибала қарсылас команда қателігін пайдаланып, қақпа торын тулатты. Осыдан кейін «Севилья» таразы басын теңестіруге ұмтылды.
Ал 55-минутта италиялық клубтан Джанлука Манчини автогол авторы атанды.
Ойынның негізгі және қосымша кезеңдері 1:1 есебімен аяқталып, жеңімпаз пенальти сериясы арқылы анықталды. Бұл жолы «Севильяның» жолы болды.
Айта кетсек, қазірге дейін 2006, 2007, 2014, 2015, 2016, 2020 жылдарда «Севилья» алты мәрте финалға шығып, барлығында жеңімпаз атанды.
Ал «Рома» 1991 жылы Италияның «Интер» командасына 0:2 есебімен жол берген еді.
Енді 7 маусымда Англияның «Вест Хэм Юнайтед» және Италияның «Фиорентина» клубтары шеберлік байқасады.
Еске салсақ, енді 10 маусымда Чемпиондар лигасы финалында «Манчестер Сити» және Италияның «Интері» кездеседі.