Біздің елде 15 жыл доп теуіп, заң жүзінде Қазақстан азаматтығын алған қайсыбір футболшылар биылғы маусымда легионер санатына жатқызылып, ешбір клубтың сапына іліге алмай жүр, деп жазады "Алаш айнасы".
Бұған дейін хабарлағанымыздай, бүгін Қазақстан футболшылары мен бапкерлері кәсіподағы отандық журналистермен кездесу өткізген. Осы кездесуге елімізге танымал футболшы Сергей Куцов та келді. Ол кездесу соңында өзінің "мұң-мұқтажын" ортаға салды.
Осы ретте айта кетейік, өткен жылдың соңында (11 қараша күні) еліміздің футбол федерациясы "Қазақстан футбол түлегі" деген ереже қабылдаған. Осы ережеге сәйкес, Сергей Куцов сияқты біздің елде бірнеше жыл доп теуіп, Қазақстан азаматтығын алған футболшылар да "Қазақстан футбол түлегі" емес. Бұл жөнінде Куцов былай дейді:
– Қызық біз шет елге барсақ, Қазақстан футболшысы ретінде – легионерміз. Енді өз елімізде де легионерлер санатына жатқызылып отырмыз. Кейінгі жылдары Қазақстан азаматтығын алушылар көбейіп кетті де, солардың бәрін осы ережемен бірақ "сыпыру" қолға алынды. Бірақ солардың кесірінен біз зардап шегіп отырмыз. Өз басым Қазақстан азаматтығын заң жүзінде алдым. Бала-шаға асырап, салық төлеп отырмын. Бұл қалай, Қазақстан азаматы болсам да, легионер болып саналамын?
Содан соң Куцов журналистер сұрақтарына жауап бере отырып, Қазақстан чемпионатында 1999 жылдан бері ойнап келе жатқандығын айтты. Бекітілген халықаралық футбол ережесіне сәйкес, біздің елде бес жыл доп теуіп, содан соң Қырғызстанға барып, ол елдің азаматтығынан ресми түрде бас тартқан. Қырғызстан азаматтығынан бас тартқан анықтамасын әкеліп, оған өз клубының (жұмыс берушінің) құжаттарын қосып, Қазақстан азаматтығын алуға өтініш берген. Содан біраз уақыт тосып, ақыры біздің елдің азаматтығын алған. Алайда "Қазақстан футбол түлегі" ережесінде мұндай жағдайлар қарастырылмаған...
Негізі, жаңа ережеге сәйкес легионерлер санатына ілігіп отырған жалғыз Куцов емес. Жиырма шақты футболшы бар екен. Олардың тізімі де көлденең тартылды. Бірақ сол жерде отырған журналистердің көбісі "олардың бәрі Қазақстан азаматтығын Куцов сияқты таза, заң жүзінде алды, әрі оларда тек Қазақстан төлқұжаты бар" дегенге күмән келтірді. "Бізде әлі екі төлқұжаты, қос азаматтығы бар футболшылар бар" деушілер де болды.
Кейбір футболшылардың біздің елде спорттық карьераларын аяқтаған соң төлқұжатымызды өртеп, өз елдеріне тайып тұрғандықтары да тілге тиек етілді. Қазақстан чемпионатында екі төлқұжат тұрмақ, төрт төлқұжаты болған футболшының доп тепкендігі де айтылды. Бұл ретте, мысал ретінде түркімен де, украин да, өзбек те, қазақ та болған А.Крохмальдың аты-жөні аталды...
Қазақстан футболшылары мен бапкерлері кәсіподағы Куцов сияқты алдағы уақытта да біздің елдің футболын дамытуға үлес қосқылары келетін, біздің елдің азаматтығын заң жүзінде алған ойыншыларға көмектесу үшін Қазақстан футбол федерациясына хат жолдауды қолға алып отыр екен.
Жалпы, бұл кездесуде қалталарына екі елдің төлқұжатын салып алып, жалғанды жалпағынан басып жүрген футболшылар мәселесі көп талқыланды. Ондай футболшыларды анықтау үшін ҚФФ тікелей Ішкі істер министрлігі мен Әділет министрлігіне шығып, солармен бірлесе шара қолдануы керек сияқты. Футбол федерациясын алдап, қос азаматтықпен ақша тауып жүрген футболшылар бірден Қазақстан азаматтығынан айырылып, лезде біздің елдің аумағынан кетірілуі керек.
Иә, көптеген елдің футболшылары үшін қазақтың – наны тәтті, суы мен нуы нәрлі, ала добының ақшасы – қомақты. Олар мынандай "түлкі" заманда "тазы" болып шалып, ақшамызды қалталарына қаттап та жатқан болар. Алайда араларында Қазақстан азаматтығын заң жүзінде алып, біздің елде қалып, еңбек жолдарын жалғастыра бергілері де келетіндер бар шығар.
Қазақстан футбол федерациясы осының бәрін реттеп, бір шешімін табады деп ойлаймыз. Тек, тіпті ең бастысы, футболымызды екі-төрт төлқұжаты бар алаяқтардан тазартып, өзіміздің талабы зор жас жеткіншектеріміздің жетіле түсулеріне мүмкіндік беруіміз керек.