Пеленің көлеңкесінде қалып қойған жұлдыз

Бразилия өз жерінде өткізген әлем чемпионатында топ жара алмады. Тіпті, Сколари шәкірттері жартылай финалда Германия құрамасынан 1:7 есебімен ойсырай ұтылып, жанкүйерлерінің алдында масқара болды. Осыдан кейін футбол мамандары мен спортсүйер қауым «селесаоның» бұрынғы жұлдыздарын еске алып жатты. Футбол королі Пеленің өнерін тамсанып жырлайтындар әлі күнге табылады. Біз бүгін оқырманға сол Пелемен бірге өнер көрсеткен Бразилияның атақты ойыншыларының бірін ұсынбақпыз.

Бразилия құрамасы 1958-1970 жылдар аралығында өткен төрт әлем біріншілігінің үшеуінде бас жүлдені ешкімге берген емес. Бұл сөзсіз футболмен тыныстайтын елдің «алтын дәуірі» еді. Сол кезде әлемде Пеле, Гарринча, Диди, Зито, Н.Сантос, Амарилдо, Герсон, Жаирзиньо секілді Бразилия жұлдыздарының аттары дүркіреп тұрды. Осылардың ішінде 1970 жылы Мексикадағы футбол тойында қатарынан алты матчта мергендік танытқан бір футболшы бар. Ол – Жаирзиньо. Бүгінгі әңгіме биылғы жылы 70-ке толатын осы футбол аңызы жайлы болмақ.
Жаирзиньоның азан шақырып қойған шын есімі – Жаир Вентура Фильо. Жаирзиньо деген лақап атқа қалай ие болғанын футболшының өзі былай түсіндіреді: «мен алғаш «Ботафого» командасына қабылданғанда тағы бір Жаир Бала деген футболшы бар еді. Екі Жаирдың бір командада ойнауы комментаторлар мен журналистерге қиындық тудырды. Мысалы, Жаир Жаирға пас берді дегенді олар қалай айтсың? Сондықтан журналистер менің есімімді осылай қысқартып атай бастады. Сондай-ақ «Фуракан» (ураган) деген тағы бір лақап атым болған. Негізі мені кім қалай атайды ол жағы ешқашан маңызды емес. Бастысы, футбол ойнасам деген принциппен өмір сүрдім».

Жаир да Бразилияның өзге балалары секілді аладопты аулада ойнаудан бастаған. Оның үйі Женерал Севериано көшесіндегі «Ботафогоның» стадионынан екі аттам жерде орналасқан екен. Бірақ соған қарамастан бала кезінде «Ботафогоның» емес, «Фламенго» клубының «Эстрела де Ботафого» деп аталатын балалар академиясында тәлім алды. Кейіннен команданың жасөспірімдер құрамасына да шақырылады. Алайда құраманың бапкерімен тіл табыса алмай, «Эстрелуге» қайта оралады. Қайта оралған тұста оның командасы көрші ауданның «Форте ду Лезе» командасымен кездесу өткізеді. Бұл ойында Жаир екі доп соғады. Жас футболшының талантын байқаған «Форте» клубының қожайыны Лукас («Ботафого» қорғаушысы болған) оны өз командасына шақырады. Осыдан соң 1961-1963 жылдары Рио-де-Жанейро аймағының біріншілігінде үш рет чемпион атанды.
1963 жылы Панамерика ойындарына қатысты. Бұдан кейін жанкүйерлердің көпшілігі оны «Ботафогоның» негізгі құрамына алынатын шығар деп ойлаған. Бірақ барлығы жұрт ойлағандай оңай болмады. Сол кездері бұл клубта Гарринча, Диди, Амарилдо, Загало, Куарентинья секілді әлем футболының жарық жұлдыздары өнер көрсететін. Сондықтан бұлармен тайталасып негізгі құрамда алаңға шығу әсте оңай емес еді. Жаир тек анда-санда матчтың соңғы минуттарында Куарентиньяны алмастырумен шектелді. Ал қалған уақытта клубтың жасөпірімдер құрамасында (фарм клуб) ойнап, жыл сайын чемпион атанып жүрді. Оған мүмкіндік Гарринча аса ауыр жарақат алған соң берілді. Әлемнің ең атақты оң қанаттағы шабуылшысын ұзақ уақытқа алмастыру Жаирзиньоға жүктелді. Команданың бас бапкері оны алдымен оң қапталда сынап көрді. Он сегіз жастағы футболшы осылайша өзінің басты кумирінің орнына алаңға шыға бастайды. Жаттығу кезінде Гарринчадан финттерді жасауды да үйренген болатын. Сол финттерінің пайдасы тиіп, қарсыластарын оп-оңай алдап өтіп жүрді. Кейіннен бапкерлер штабы Жаирдың орталық шабуылшы болып ойнағанын дұрыс деп табады. Ал Гарринча жарақатынан толыққанды айығып шыққанда, екеуі бірге өнер көрсете бастайды.
1965 жылы алғаш рет ұлттық құрама сапында өнер көрсетті. Бір жылдан соң, Бразилиямен бірге әлем біріншілігіне аттанды. Англиядадағы доп додасында чемпиондардың жолы болған жоқ. Бірақ сол кездері қанша бапкер ауысса да, Жаирзиньо құрамадағы көшбасшылардың бірі болып қала берді.
1967 жылы жолдастық кездесуде аяғын екі жерден сындырып, футболдан бір жылға алыстап қалады. Тіпті, жасыл алаңға қайта оралатынына да күмәнданғандар болған. Дегенмен ол тек жарақатынан толық айығып қана қойған жоқ, сонымен қатар бұрынғыдан да жоғары деңгейде ойнай бастады. Мексикадағы әлем чемпионатына (1970 жылғы) керемет дайындықпен барды. Өзінің қаншалықты қабілетті екенін алғашқы матчтан-ақ көрсетті. Бразилияның топтық кезеңдегі алғашқы қарсыласы Чехословакия еді. Ол бұл ойында екі гол соқты. Жаирзиньоның 81-минуттағы соңғы төртінші голы турнирдегі ең әдемі голдардың бірі болды. Өзінің керемет жылдамдығының арқасында орталық алаңнан қарсыластың қақпасына қарай жүйткіген футболшы жолына тосқауыл болғысы келген қорғаушыларды әр түрлі финттерінің арқасында қапы қалдырып отырды. Нәтижесінде қақпашыдан айласын асыра салу аса қиындық тудырмады. Бразилиялықтар келесі турда Англиямен кездесті. Төрт жыл бұрын әлем чемпионы атанған ағылшындармен болған матч аса тартысты өтті. Қарсыластар бір-бірімен лайықты өнер көрсетіп, жанкүйерлердің махаббатына ие болды. Бұл ойынның тағдырын біздің кейіпкер Жаирзиньоның жалғыз голы шешті. Сол голдың қалай соғылғанын суреттеп көрсек. Алдымен Тостао сол қапталда үш бірдей қорғаушыны алдап өтеді. Оларды қапы қалдырғанымен, Тостаоның жолын команда капитаны Бобби Мур тосып тұрады. Тостао сол кездегі әлемдегі ең мықты тасқамал қорғаушылардың бірі саналатын Мурмен алдасуды жөн көрмейді. Сондықтан допты шабуыл өтіндегі Пелеге асырады. Футбол королі допты өзі теппей, жүгіріп келе жатқан Жаирдің аяғына салып береді. Арада бірнеше секунд өткенде, доп ағылшынның атақты қақпашысы Гордон Бэнкстің қақпасында тулап жатты.
Жаирзиньо гол соғуын әрі қарай жалғастыра түсті. Топтағы үшінші кездесуде Румыния қақпасынан да саңылау тапты. Бұл ойын 3:2 болып Бразилияның жеңісімен аяқталды. Ширек финалда Перу (есеп – 4:2), жартылай финалда Уругвай (3:1) құрамаларына да гол соғуды ұмытпады. Осы қарқынмен финалға да жетті. Бразилия ақтық сында Италияны 4:1 есебімен жүндей түтті. Пеле, Жерсон, Жаирзиньо, Карлос Албертолар мергендік танытты. Осылайша 26 жастағы футболшы алты матчта да гол соғып, сұрмерген әрі әлем чемпион атанды. Оны бүкіл әлем мойындады. Пелемен бір қатарға қойғандар да болды сол кезде.
Жетістіктері:
Бразилия құрамасы
Әлем чемпионы: 1970 жылы
Рио-Бранко кубогының иегері: 1968 жылы
Бразилия тәуелсіздік кубогының иегері: 1972 жылы
«Ботафого»
Бразилия кубогының иегері: 1968 жылы
Бразилия кубогының финалисі: 1962 жылы
Бразилия чемпионатының күміс жүлдегері: 1972 жылы
Бразилия чемпионатының қола жүлдегері: 1971 жылы
Рио-де-Жанейро штатының жеңімпазы (3) 1962 1967 1968 жылдары
Рио-де-Жанейро штатының күміс жүлдегері (2): 1969 1971 жылдары
Рио-Сан-Паулу турнирінің жеңімпазы (3) 1962, 1964, 1966 жылдары
«Олимпик» (Марсель)
Франция чемпионатының күміс жүлдегері: 1975 жылы
«Крузейро»
Минас-Жерайс штатының чемпионы: 1975 жылы
Либертадорес кубогының жеңімпазы: 1976жылы
«Португеза» (Акаригуа)
Венэсула чемпионатының жеңімпазы: 1977 жылы
«Хорхе Вильстерманн»
Боливия чемпионатының жеңімпазы: 1980 жылы

Төрт жылдан кейін өз күшін Еуропада сынап көргісі келді. Диди сияқты кәрі құрлықта оның да жолы болған жоқ. Танымал шабуылшыны француздың «Марсель» клубы сатып алғанымен, түсінбеушіліктер көбейіп кетті. Жаттығудан көп қалатын болды. Спорттық режімді жиі бұзады. Ақыр соңында Бразилияға қайта оралады. «Марсель» басшылары бұған өкінген жоқ. Жаирзиньо осыдан соң бір жылдай футболға мүлдем жоламады. Тек 1976 жылы «Крузейро» командасымен келісімге келеді.
Отанына оралғаннан кейін қайтадан жоғары деңгейде ойнай бастады. Футболшының екінші тынысы ашылады. Оның шеберлігінің арқасында «Крузейро» Оңтүстік Американың Чемпиондар лигасы саналатын Либертадорес кубогында топ жарды. Бразилия командасы 13 матчта 46 доп соғады. Оның он төртін Жаирзиньо өз атына жазып, осы турнирдің үздік мергені атанды.
Футболдағы карьерасын Венесуэланың Акаригуа деген ауылының «Португеза» командасында аяқтады. Бұл ауыл мемлекет астанасы Каракастан үш жүз шақырым қашықтықта орналасқан. Команданы футбол әлемінде ешкім танымаса да, сол кездегі Венесуэланың ауылшаруашылық корпорациясы демеушілік жасап жүрген еді. Соның арқасында клуб танымал ойыншыларды шақырады. Атақты ойыншылардың көбі карьерасын аяқтайтын жаста болса да, жақсы табыс табады. Жаирзиньоның қасында 1970 жылғы тағы бір әлем чемпионы Брито да бар еді.
Жаир футболдағы мансабын аяқтағаннан кейін Бразилияға қайта оралып, бірден бапкерлік қызметке кірісіп кетеді. Дегенмен ол танымал клубты емес, жас футболшыларды жаттықтырады. Ол дайындаған жас балалардың көбі кейіннен әлемге танымал болды. Тек бір мысал, атақты Роналдоны айтсақ та жетеді. Екі дүркін әлем чемпионы Роналдоны бапкер Жаирзинью 14 жасында тауып, талантын ашып, сосын «Крузейроның» негізгі құрамына қабылдатады. Естеріңізде болса, Роналдо 17 жасында осы клубтың сапында өнер көрсете бастаған болатын.
2003 жылы Жаирзиньоға Африканың Габон құрамасынан ұсыныс түседі. Ол осында екі жыл жұмыс істейді. Қара құрлықтағы аутсайдер құрамамен ешқандай жетістікке жете алмады.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста