Жаңа ғасыр басталғалы республикалық «Sport» және «Спорт газеттері» отбасылық командалар арасында футбол додасын өткізіп келеді. «Бір атаның балалары футбол ойнайды» деген айдармен дәстүрлі түрде ұйымдастырылып жүрген турнирдің авторы – осы газетті ұзақ жыл басқарған танымал спорт журналисі Несіп Жүнісбайұлы.
Бұл дода әр жылдары әр қалада өткізілген. Биылғы жылы Алматы қаласына қайта оралды. Оның үстіне биыл бұл турнир Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнімен тұспа-тұс келді. Турнир еліміздің қара шаңырақ оқу ордасы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жабық спорт кешенінде өтті. Үш күнге созылған доп додасында екінші жыл қатарынан «Көкеевтер» отбасының мерейі үстем болды.
Жанұялық футбол шарты – қызық та қымбатты. Өйткені бұл жарыс шарты бойынша бір командада бір ғана атаның балалары ойнай алады. Бұл, біріншіден, отбасында салауатты өмір салтын орнықтырса, екіншіден, патриоттық сезім тәрбилейді, татулыққа баулиды...
Бұған дейін аталмыш додаға Қазақстанның әр аймағынан 60-қа жуық команда қатысып жүретін. Биылғы жылы Алатаудың баурайына 29 команда жиналыпты. Кәсіпқой мен әуесқой деңгейдегі футболшылар бір алаңда өнер көрсететін еліміздегі әзірге жалғыз турнир осы болып тұр.
Бұл турнирдің тұңғыш жеңімпаздары «Көкеевтер» отбасы өте мықты құраммен келіпті. «Уэмблиде» 89 мың жанкүйердің алдында Англия қақпасына гол соққан, «Қайрат» және Қазақстан ұлттық құрамасының жартылай қорғаушысы – Жамбыл Көкеев пен «Жетісу-Сұңқар» клубының қорғаушысы Жігер Көкеевтер алаңға шықты.
Басқа футболшылар демалыста жүргенде, Жамбыл мен Жігердің осы додаға қатысуының өзі көрермендерді бір серпілтіп тастағаны анық. Оның үстіне Жамбыл биылғы жылы жарақат алып, маусым бойы жасыл алаңға шықпап еді. Сондықтан Жамбылдың өнерін сағынған жанкүйерлер сүйікті футболшысының өнерін осы додада көре алды.
Көкеевтевтер тәрізді осы турнирдің ең тұрақты қатысушыларының бірі Розыбакиевтер әулеті де доп додасы көрігін қыздырды. Былтырғы жылы Талдықорғанда өткен турнирде осы отбасының мақтанышы Рақымжан қатысып, өрнекті ойын өрнегін көрсетіп еді. Бұл жолы «Қайсардың» үздік футболшысы келе алмады.
Сондай-ақ футзалдан УЕФА Кубогының 2013 жылғы жеңімпазы «Қайрат» командасының ойыншысы Серік Жаманқұловтың әулеті де келіпті. Одан бөлек Алматы, Тараз, Талдықорған, Алматыға таяу аудан-ауылдардың командалары келгені былай тұрсын сонау Батыс Қазақстан облысынан Нағымовтар жанұясы,Көкшетау өңірінен Сұлтановтар жанұясы, Атырау облысының Мақат ауданынын Тәмпиевтер жанұясы, Оңтүстік Қазақстанның Созағынан Есімбековтар жанұясы, Қызылорда облысының Қазалысынан Тоқмырзаевтар жанұясы, Қырғызстанның астанасы Бішкек қаласынан Сәрсенбаевтар әулеті ат сабылтып келгені мәлім болды. Бұл да республикалық спорт баспасөзінің бастамасының бағалылығына дәлел бола алады.
Сегіз топқа бөлінген командалар айналым жүйесі бойынша бәсекеге түсіп, 1\8 финалға шығатын командаларды анықтады. Одан кейін ширек, содан соң жартылай финалдың ойындары өтті.
Үздік төрт команданың қатарынан көрінген Сұлтановтар финалдың жолдамасын Көкеевтермен сарапқа салды. Бұл ойында Жамбыл бастаған жігіттер жеңіске жетті. Алматы облысының Тарғап ауылынан келген Иманқұловтар турнирдің екі дүркін чемпиондары Шелек өңірінің командасы Сәрсембековтерді ұтты.
Ал финал аса тартысты болды. Есепті Иманқұловтар ашты. Бірақ Көкеевтер есепті жылдам теңестірді. Ұзамай Иманқұловтар тағы да алға шықты. Осы жерде Жігер Көкеевтің айып соққысынан ғажап доп соққанын айту керек. Ойын 2:2 есебімен тең аяқталды. Турнир шарты бойынша 6 метрлік пенальтилер соғылды. Бұл жерде тәжрибелі Көкеевтердің бағы жанды.
Жан алып, жан беріскен екі команда құшақтасып тарқасты. Олар бір ауылдың түлегі болып шықты. Көкеевтер жеңіп алған бас кубогын Иманқұловтар командасына сыйға тартып, құрмет көрсетті.
«Бір атаның балалары доп тебеді» додасында топ жарған Көкеевтер командасына 110 мың теңге табысталса, екінші орынға – 80 мың, үшінші орынға 60 мың теңге сый жасалды.
Сонымен қатар, Қазақстан футбол федерациясы турнирге қатысушы барлық командаларға естелік сыйлықтар үлестірсе, турнир демеушілері үздік ойыншыларға арнайы жүлделер табыстады.
Жамбыл КӨКЕЕВ, «Қайрат» командасының ойыншысы:
– Республикалық спорт газеттеріне, Несіп ағаға да алғысым шексіз. Мен бұл жанұялық додаға 11 жасымнан бастап қатыстым. Ең алғаш атамыздың атын ту етіп,намысқа тырысқанымыз есімде. Сол жолы біздің жанұялық командамыз чемпион болды. Содан бері бұл турнирде мен үзбей ойнап келемін. Жанұлық жарыстың маған бергені көп. Шеберлігім де өсті, отбасыммен тату болуға үйретті, әрине,намыс жыртудың нағыз сәті осы додада туды. Маған қуаныш бергені – осы турнирге қатысқан қазақ жанұясының көптігі. Яғни болашақ құрама команда өкілдері өсіп келе жатыр деген сөз!
Найзабек САҒЫНБАЕВ, Алматы қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасы бастығының орынбасары:
– Мен бұл турнирді бұрыннан білемін. Несіп аға екеуміз Халықаралық бизнес Академиясының спорт клубын басқарғанда бірге жүрдік. Бұл турнирдің мақсаты жоғары, саясаты айқын: қазақ отбасында футбол өнерін өркендетіп, болашақ шеберлерді тәрбиелеу мақсаты тұр алда. Оның үстіне отбасылық береке, жанұялық бірлік, ата баба атынан намыс жырту деген ұлы тәрбие де айқын көрінеді мұнда. Яғни жанұялық бұл дода мемлекеттік мақсаттарға жұмыс жасап жатыр деген сөз. Бұл жанұялық футбол додасының болашағы жарқын. Келешекте мұны халықаралық бәсекеге айналдырса, нұр үстіне нұр!
Асқар ҚОЖАБЕРГЕНОВ,Жетісу командасының бас бапкері:
– Мен Несіп аға ойлап тапқан бұл футбол додасын ерекше құрметтеймін. Кейбіреу құр сөз айтуға құмар, ал Несіп аға осы турнирді ойлап табу арқылы қазақ футболына мол пайда келтірді. Қандай және қаншама жас футболшылар ойнап жатыр турнирде?! Өткен жылы бұл додаға біз де, яғни Қожабергеновтер әулеті де қатысып, рахатқа бөленгенбіз. Соны жыл бойы әңгіме қылдық... Биылғы дода да керемет тартысты болды. Жаұялық сайысқа 28 команда қатысу деген – үлкен жетістік! Қанша баланың арманы оянды, қаншасы өз өнерін сынап көрді! Біле білсек Несіп ағаның бұл жобасы – халықтық, мемлекеттік жоба. Олай болса, ол кісіге жалпыхалықтық көлемде көмек беру керек деп ойлаймын.
Әзімбек ТІЛЕШЕВ, танымал футболшы Мұрат Тілешевтің әкесі:
– Жанұлық футбол додасын ойлап тапқан Несіп Жүнісбайұлына зор алғыс. Бұл жігіт кезінде ұлттық «НАМЫС» футбол клубын да ойлап тауып, қазақ халқының құрметіне бөленіп еді. Сол кезде Намысқа ұлымыз Мұрат та барып, кейіннен елге танымал футболшы болды. Біздің Тілешевтер жанұлық командасы бұл турнирге үзбей қатысып жүрміз. Алған әсер, түйген сабақ ұшан теңіз. Отбасымызда жыл бойы осы турнирді әңгімелейміз. Жас алпыстан асқанына қарамай, алаңнан кеткіміз келмейді, бірер гол да соғып жібердік... Жалпы жанұялық командалар арасында өтетін бұл турнирдің балалар тәрбиесі үшін, жас футболшыларды баулу үшін ролі – орасан. Олай болса, көп болып, Несіп Жүнісбайұлына қолғабыс жасайық. Бұл турнир де кезіндегі «НАМЫС» секілді үзіліп қалмасын. Ең үлкен өтінішім осы!