«Алаш айнасы» интернет-порталы назарларыңызға әлем жанкүйерлерін мойындатқан мұсылман және ислам дінін қабылдаған футболшыларды ұсынады.
Әлемді мойындатқан мұсылман футболшылар
Мұсылман дінін қабылдаған футболшыларды тізбектемес бұрын біз әлемді мойындатқан мұсылман футболшыларға тоқтап, «Әлемді мойындатқан алғашқы мұсылман футболшы кім?», - деген сауалдың басын ашып көрсек дейміз.
Бүгінде футбол әлемінде жанкүйердің ыстық ықыласына бөленіп жүрген мұсылман аяқдопшылары көп екені белгілі. Десек те, біз тізімнің көш басына Франция құрамасының бұрынғы капитаны, бүгінде Мадридтің «Реал» клубының екінші командасын жаттықтырып жүрген Зинеддин Зиданды қойғанды жөн санап отырмыз.
Зиданның әрбір ойынның алдында бетін сипап, Жаратушы иемізден көмек сұрайтынын талай мәрте көргенбіз. Тіпті, 2006 жылғы Әлем біріншілігінің финалының алдында да Зизу жасыл алаңға шықпас бұрын, біраз дұға оқып тұрғаны да әлі есімізде.
Бірде Зиданнан тілшілер: «Сіз дінге сенесіз бе?», - деп сауал тастапты. Сонда Алжирдің тумасы еш қиналмастан-ақ: «Иә, мен – мұсылманмын. Мен әлемді жаратқан жалғыз Аллаға сенемін», - деп жауап қатыпты. Осыдан кейін күллі мұсылман қауымы мен футболды бағалайтын өзге де дін өкілдері Зиданды әлемді мойындатқан бірінші мұсылман ретінде бағалап келеді.
Футболды серік етіп, әлем назарын өзіне қаратқан мұсылман футболшылардың екіншісі Мезут Өзіл десе болады. Бұл футболшының түбі түрік. Бірақ, Германияда туып өсен. Сол жақта футбол әліппесін үйренген. Қазір Алемания құрамасының ең белді ойыншыларының бірі.
Ол Йохим Левтен шақырту алатын футболшылардың қатарына ылғи да ілігіп жүреді. «Неміс машинесімен» бірге соңғы әлем біріншілігін жеңіп алды. Қазір Лондонның «Арсенал» клубының намысын қорғайды.
Өзіл де әрбір матчтың алдында дұға оқиды. Ал, қолы бос кезде Қасиетті Құран кітабын жаттайды. «Құранның әрбір аятын оқыған сайын күшім артып, жігерлене түсемін. Сол үшін әрбір матчтың алдында Жаратушымыздан жақсы тілек тілеймін», - дейді ислам дініне қатысты айтқан пікірінде Өзіл.
Футбол жанкүйерлерінің қошеметіне бөленген мұсылман футболшылардың тағы біреуі – Кәрім Бензема. Франция құрамасы мен «Реал» клубының шабуылшысы да бес уақыт намыз оқып, Құран оқиды.
Бес уақыт намаз оқитын футболшылардың қатарында Түркияның «Фенербахче» командасының намысын қорғайтын Демба Ба да бар. Ол өзінің отаны Сенегалда мұсылмандар үшін мешіт салдырып берген көрінеді.
Мұсылман футболшылары арасында әлем футболы жанкүйерлерін мойындатқан футболшылардың қатарында Хасан Салихамиджич (Бавария), Мұхаммед Салах (Челси), Самир Насри (МС), Халид Булахруз (Штутгарт), Абу Диаби (Арсенал), Эрик Абидаль (Монако), Хамит Алтынтоп (Гамбур), Эмре Жан (Ливерпуль), Денни Блюм (Нюрнберг) және өзге де футболшылар бар.
Мұсылман дінін қабылдаған футболшылар
Енді мұсылман дінін қабылдаған футболшыларға тоқталсақ. Мұсылман дінін қабылдап, жұртшылықты өз өнерімен тәнті еткен футболшылардың бірі – Франк Рибери. Батыстық тілшілердің мәліметі бойынша, Франция құрамасы мен Мюнхеннің «Бавария» клубының жартылай қорғаушысы өзінің ғашығы, алжирлік ару Вахиб Бельхамиға үйлену үшін мұсылман дінін қабылдаған екен.
Франк 2009 жылы Сауд Арабиясына сапар жасап, жақын достарының бірі Хамит Алтынтоппен бірге Меккеге қажылыққа барған. Өзінің сұхбаттарының бірінде Рибери: «Ислам діні – маған күш пен рухани тыныштық береді. Сол үшін де мен бұл дінді қабылдадым», - деп ағынан жарылыпты. Бүгінде ол мұсылман екенін дәлелдеу үшін мұртып өсіріп, бес уақыт намаз оқиды.
Ислам дінін қабылдаған атақты футболшылардың қатарында Лондонның «Арсенал» клубының аңызға айналған шабуылшыларының бірі – Тьерри Анри де бар. Ол ислам дінін 2006 жылы қабылдаған. Мұсылмандықты қабылдағаннан бастап Тьерри соққан әрбір голы үшін сәжде жасап, Жаратушыға ризашылығын білдіріп тұрған.
«Мұны қалай түсіндіру керек екенін білмеймін, бірақ, мен Ислам дініне өте жақын болдым. Мұсылмандықты қабылдағаным өмірімдегі ең дұрыс шешімдердің бірі деп білемін. Мына өмірде болып жатқан жаңалықтар, құбылыстар әлдеқашан Құран кітабінда жазылып қойған. Өкінішке қарай, көп адамдар Ислам дінін толық түсінгісі келмейді. Оларға мұсылман десе болды, көз алдарына лаңкестер елестеп кетеді. Шын мәнінде олай емес. Ислам – адамдарды ігілікке, сабырлыққа шақыратын дін», - дейді даңқты шабуылшы сұхбаттарының бірінде.
Мұсылман қатарына өткен футболшылардың тізімінде Тьерри Анридің жақын досы – Николя Анелька да бар. Ол 2004 жылы Ислам дінін қабылдап, есімін Абду-Салам Билал етіп өзгертіп алған.
Испанияның «Севилья» клубының шабуылшысы, 2007 жылғы Африка құрлығының ең үздік футболшысы Фредерик Омар Кануте де ислам дінін қабылдаған футболшылардың қатарында бар. Ол мұсылман қатарына 20 жасында қосылған. Қазір Испанияның мұсылмандарына арнап мешіт соғып жатыр екен.
Жоғарыда санамалап берген футболшыларда бөлек, ислам дініне бет бұрған Брюно Метсю (Абдул Карим Метсю), Абел Шавьер, Яя және Коло Туре, Хатем Бен-Арфа, сынды футболшыларды да атап өтуге де болады. Бұл футболшылар да түрлі себептерге байланысты ислам дінін қабылдап, мұсылман атанған.
Шет елдік басылымдардан ықшамдап дайындағын: Уалихан Қосанбай.