UEFA Чемпиондар лигасы 1/4 финалына шыққан алғашқы екі команда анықталды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі "ҚазАқпарат"-қа сілтеме жасап.
Мұндай мүмкіндікке Португалияның «Бенфика» және Англияның «Челси» командалары ие болды.
7 наурыздан 8-не қараған түні өткізілген екі ойынның бірінде Португалияның «Бенфика» және Бельгияның «Брюгге» командалары кездесті.
Ойын барысында португалиялық клуб қарсыласынан 5:0 есебімен басым түсті.
Екі команда арасында 15 ақпанда өткен алғашқы кездесуде португалиялық футболшылар 2:0 есебімен жеңген еді.
Сондай-ақ, тағы бір кездесуде Англияның «Челси» командасы өз алаңында Германияның «Боруссия Дортмунд» клубын қабылдады. Алғашқы кездесуде 1:0 есебімен германиялық клубтың мерейі үстем болды.
Бүгін англиялық клуб 2:0 есебімен жеңіске жетті.
Енді 8 наурыздан 9-на қараған түні «Тоттенхэм Хотспурс» (Англия) мен «Милан» (Италия), «Бавария» (Германия) «Пари Сен-Жермен» (Франция) тағы екі жолдаманы сарапқа салады.
Ал 14 наурызда «Порту» (Португалия) мен «Интер» (Италия), «Манчестер Сити» (Англия) мен «РБ Лейпциг» (Германия), 15 наурызда «Наполи» (Италия) мен «Айнтрахт» (Германия), «Реал Мадрид» (Испания) мен «Ливерпуль» (Англия) ойнайды.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қазақстан құрамасының Еуропа чемпионаты іріктеу сатысындағы алдағы екі ойынына кеңейтілген тізімі жарияланды.