Бразилиядағы әлем чемпионатының 11 былығы
Футболдан бір ай бойы төрткүл дүниені дүрліктерген әлем чемпионаты аяқталды. Алаң талғамайтын «неміс мәшинесі» Оңтүстік Америкада топ жарып, төртінші рет әлем чемпионы атанды. Әйтсе де, бұл әлем чемпионатында жасыл алаңдағы қызықты ойындардан басқа былықтар да болды, деп жазады «Алаш айнасы» газеті.
Негізі, биылғы мундиальдың «басы қатты» болған еді. Әрі ұсақ-түйек былықтары да жетерлік. Бірақ ФИФА оның бәрін жария қылмай, білдірмеуге тырысты. Бәрінің де жігін жасыл алаңдағы тартысты ойындар жауып отырды. Төрткүл дүние бар назарын тек тартысты додаға аударуға тырысты. Әлем чемпионаты аяқталған соң, біз солардың біразын тізіп шықсақ деп едік.
1.Бразилия әлем чемпионаты дайындығын дер кезінде аяқтап үлгермеді. Қонақтары келіп орналаса бастағанда, үйін жинап үлгермеген қожайындай асып-састы. Мысалы, әлем чемпионатының ашылу салтанаты мен алғашқы ойыны өткен «Коринтианс-Арена» стадионында тіпті билеттері сатылған орындықтар болмай шыққан. Кейбір жанкүйерлер орындығы бекітілмеген бетон үстіне отыруға мәжбүр болған...
sovsport.ru
2. Жалпы, әлем чемпионатының стадиондары мундиаль басталысымен көлеңкеде қалып қойды, десек те болады. Әу баста олардың қайсыбіреулері «қауіпсіздік ережелерінен толықтай өтпеген» деген ақпарат та тараған. Әлем чемпионаты барысында кейбір матчтар да бос орындар көп болды. Бұл тұрғыда «кейбір орындарға билеттер әдейі сатылмаған, бұл қауіпсіздік шараларына байланысты» деушілер бар. Қалай десек те, биылғы әлем чемпионаты стадионнан жанкүйерлер ең көп тамашалаған мундиаль болған жоқ.
3. Қанша жарияланбағанымен, әлем чемпионатын өткізуге қарсы болған Бразилия халқы наразылық білдіріп, ереуілге де шықты. Әр түрлі қайғылы жағдайлар да болды. Мысалы, Белу-Оризонти қаласында салынып жатқан эстакада құлап, бірнеше автокөлікті басып қалды. Тіпті «екі адам шейт болып, 19 адам жарақат алды» деген ақпарат та тарады. Кейбір шетелдік басылымдар асыра сілтеп, бұл доданы «қан жұққан кубок» деп салды...
4. Сыйақы мәселесі қайсыбір құрамалар үшін ел намысын қорғау мәртебесінен де жоғары болды. Әсіресе Африка елдерінің футболшылары арасында ақша дауы ушығып кетті. Камерун құрамасы әлем чемпионаты басталмай жатып, өздеріне берілетін сайақыға көңілдері толмай, ырду-дырду болды. Тіпті әлем чемпионатына уақытында ұшпай, ұлттық федерацияларына қоқан-лоқы көрсетті. Ол, ол ма? Әлем чемпионаты барысында Камерун құрамасы «келісілген ойындар өткізіп, жеңіле салған» деген қауесет тарады. Әсіресе олардың Хорватиядан 0:4 есебімен ұтылулары шетелдік басылымдарда біраз «жыр» болды...
5. Гана футболшылары да олардан қалысқан жоқ. «Сыйақымызды қолымызға әкеліп бермесеңіздер, топтық кезеңдегі соңғы ойынға бармаймыз» деп қонақүйден шықпай қойған да. Осыдан кейін Гана басылымдары осы елдің Үкіметі ұшақ арқылы, тікелей рейспен 3 миллион доллар сыйақы беріп жібергендерін, оны футболшыларға үлестіргендерін жайлы ақпарат таратты. Ал ФИФА футболшыларға сыйақыны қолдарына ақшалай үлестірмеу керек екендігін ескертіп, кейіс білдірді.
6. Заңсыз билет сату деректері табылып, Бразилия полициясы бірнеше адамды ұстады. Күдіктілер арасында Бразилия құрамасының шабуылшысы Неймардың әкесі һәм агенті, Бразилияның бұрынғы футболшылары Жуниор Байано пен Карлос Альберто, Бразилия құрамасының бұрынғы бас бапкері Дунга, Рональдиньюдің бауыры Роберто де Ассиса болды. Сондай-ақ ФИФА президенті Йозеф Блаттердің де туысы басқаратын билет агенттігі де күдіктілердің бірі ретінде аталып қалды. «Сыбайластар әрбір елдің ұлтық федерацияларына бөлінетін билеттерді иемденіп кетіп, сатқан және бір миллион доллардан артық пайда тапқан» деген шу шықты.
7. Әлем чемпионаты төрешілер қателігінсіз де өткен жоқ. Чемпионат басында Бразилияға болысу байқалды. Әсіресе, Хорватия, Мексика және Колумбия құрамаларымен болған кездесулерде. Бірақ мұның бәрі айналып келіп, Бразилияның өзіне тиді. Колумбиямен болған матчта басаспап шабуылшысы Неймардан айырылды. Ал үшінші орын үшін өткен матчта, керісінше, төрешілер Бразилияны «аяған» жоқ. Бірінші гол соғылғанда, ойын ережесі айып алаңы сызығына жетпей бұзылса да, чемпионат қожайындары қақпасына пенальти белгіленді. Ал екінші гол соғылғанда, шабуылдағы құраманың футболшысы ойыннан тыс қалса да, ескерілмеді...
8. Уругвай және Италия құрамалары арасындағы матчтың аяғына қарай Уругвай шабуылшысы Луис Суарес Италия қорғаушысы Джорджо Кьеллиниді иығынан тістеп алды. Суарестің футболға жат, адамгершіліктен тыс қылығы аяқсыз қалмай, ол жазаға тартылды. Нақтырақ айтқанда, ол Уругвай құрамасының тоғыз ойынына қатысу құқығынан айырылып, футболдан төрт айға толықтай аластатылды. Осы төрт ай ішінде стадион маңына жолауына тыйым салынды. Суарессіз Уругвай бірден жеңіліске ұшырады.
Реті келгенде айта кетейік, ФИФА-ның бұл шешімін қош көрмегендер де болды. «Кейде қайсыбір ойыншылар ауыр жарақат алып, футболдан қаншама уақыт шет қалып жатады. Сондай да оны жарақаттап, денсаулығына зақым келтіргендер жазаға тартылмайды. Ал мына жағдайда Кьеллинидің денсаулығына ешқандай да зақым келген жоқ» деушілер де табылды...
bbc.co.uk
9. Әлем чемпионатындағы футболшылар денесіне сурет салдырып, әр түрлі татуировка жасатумен көзге түсті. Құдды, қазіргі футболшылар өз денелерін көркем сурет галереясына айналдырып жібергендей. Әлем чемпионатын миллиардтаған көрермендер тамашалайтындығын, олардың арасында жас жеткіншектер көп екендігін ескерсек, бұл да ешқандай өнеге-тәрбиеге жатпайды...
10. Аргентина құрамасының ойыншысы Лионель Мессидің әлем чемпионатының үздік ойыншысы атануымен келіспейтіндер көп. Германия құрамасының ойыншылары бұл атаққа Т.Мюллер немесе Ф.Лам лайық деп санайды. Тіпті оның отандасы, әйгілі Марадона да Мессидің биылғы әлем чемионатының үздік ойыншысы деп санамайды...
11. Әлем чемпионаты басталмай тұрып, Сан-Паулуда ФИФА Конгресі өтті. Онда 78 жастағы Йозеф Блаттер алдағы мерзімге тағы да өз кандидатурасын ұзартқысы келетіндігін сездіргендей болды (ФИФА президенті сайлауы келесі жылы мамыр айында өтеді. Сонда Блаттер мырза өз орнында 83-ке толғанша отырғысы келетіндей). Бұлай дейтін себебіміз, ФИФА президентінің жасына шектеу қою туралы еуропалықтардың ұсынысы өтпей қалды. УЕФА-дан басқа бес конфедерация (әсіресе, құрамында Катар мемлекеті бар Азия) Блаттерді қолдады.