Мұхит асып футболдың Меккесі саналатын Бразилия жерінде футбол әліппесін үйренген жас қазақстандық футболшылар елге оралды, деп жазады «Алаш айнасы» газеті.
Сөз жоқ, соңғы жылдары қазақ футболында жаңалықтар көп болды. Оның біреуі жағымды болса, енді бірі көңілден шыққан жоқ. Соның ішіндегі басты жаңалықтардың бірі - қазақ жастарының Бразилияда футбол академиясында тәлім алуы.
Баршаңызға жақсы белгілі, «Оле Бразил» мектебінің бірінші түлектері аса мықты нәтиже көрсете алған жоқ еді. Ал, енді екіншісі қалай болмақ? Осыдан үш жыл бұрын сайдың тасындай іріктелген жас футболшы балалар Бразилияға барып, футбол әліппесін тереңінен үйреніп, үш жыл бойы тек футболмен ғана өмір сүрген балалар кеше Алматыға оралды.
Негізі, бұл академиямен Қазақстан сонау 2009 жылы келісімшартқа келген. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Бразилияға жасаған сапарында ел президенті Луис да Сильвамен кездесу барысында қазақстандық жастардың «Оле Бразил» академиясында жаттығуына мүмкіндік жасаған еді. Екі ел президенттері келісімге қол қойысымен Қазақстаннан алғашқы лек спортшылар аттанған болатын. 3 жылдық оқуды аяқтасымен олар Астанада жаңадан құрылған «Бәйтерек» деп аталатын команданың негізін құрды. Алғашқы лектен көзге түскендер арасында шабуылшы Рауан Сариев пен жартылай қорғаушы Берік Шайхов ғана болды. Ал, академиядан доп тебуді үйренген өзге футболшылар ұшты-күйлі жоқ болып кетті. Бірі әуесқой командаларда футбол ойнап жүрсе, енді бірі тіпті мамандығын да өзгертіп жіберген. Тіпті, 1-топ оқу-жаттығуды бастағаннан кейін 8 бірдей баланы «Оле Бразил» елге қайтарды. Оларға ешқандай да футболға икемі жоқ деген уәж айтылды. Бұл жолы ондай жағдай орын алмады.
«Оле Бразил» академиясы осы күні қағаз жүзінде жоқ. Бұл ұжым банкротқа ұшырап, оның базасы түгел «Ботафого» футбол клубына өткен. Енді қазақ жастары жаттығып жатқан оқу орны «Ботафого-Социал» футбол академиясы деп аталады. Сондықтан да Футбол ойынының қыр-сырын меңгеруге барған қазақстандық екінші топтың балалары да «Оле Бразил» академиясында емес, «Ботафого» клубының академиясында тәлім алды.
Футболдың меккесі болып саналатын Бразилияға топ тебуге баратын футболшыларды іріктеу өте мықты болған екен. Бұл туралы футболшылар мұхиттың арғы жағына аттанар алдында футболдан мемлекеттік жаттықтырушы Болатбек Жуасбаев айтқан еді.
Іріктеудің қорытындысы бойынша, Оңтүстік Қазақстан облысынан – 5 футболшы, Тараздан – 4, Ақтау – 4, Талдықорған – 2, Атырау – 2, Қарағанды – 2, Астана – 1, Алматы – 1, Қостанай – 1, ШҚО – 1 бала, барлығы 25 футболшы іріктелген.
25 баланың 9 айлық оқу маусымына 104 миллион теңге бөлінген. Ал, олардың 3 жылдық оқуына жалпы сомасы 312 миллион теңге кетеді. Демек, әр айға бір балаға 2 мың доллардан есептелінеді.
Одан бөлек биыл Бразилияға екі бапкер кеткен. Алайда, ол мамандарға ақшаны Қазақстан тарапы емес, «Ботафаго» клубының басшылары төлеген. Себебі, олар академияда қатарында тек қазақстандық балаларды ғана емес, басқа футболшыларды да тәрбиелеген.
3 жыл бойы аладоп өнерін үйренген балалар кеше елге оралды. Оларды әуежайда ата-аналары мен Қазақстан футбол федерациясының өкілдері, Ұлттық штаттағы командалар және спорт резерві Дирекциясы сондай-ақ тілшілер күтіп алды.
Ал, бүгін елге оралған балалардың басын біріктіріп арнайы баспасөз жиыны өтті. Жиын барысында балалар Бразилияда тәлім алған уақыты мен мұхиттың арғы жағынан алған әсерлерімен бөлісті.
Сондай-ақ баспасөз жиыны кезінде бұл балалардың болашағы туралы да әңгіме қозғалып, олардың алдағы уақытта Ұлттық штаттағы командалар және спорт резерві Дирекциясымен келісімшартқа отырғаны белгілі болды. Енді жас футболшылардың 2015 жылы арнайы емтихан тапсырып Астана қаласындағы Республикалық колледжге түсуге мүмкіндіктері бар. Жас футболшылардың тағы бір бөлігі 2015 жылдан елордалық «Бәйтерек» клубында өнер көрсетеді екен. Ал, бақтары жанғандары Қазақстан біріншілігінде өнер көрсететін клубтарға жіберіледі.
Бұл жігіттердің 3 жыл бойы не оқып, не тоқығандарын келер жылы ғана көре аламыз. Сондықтан да Бразилияға барған екінші лектегі балаларға мін айту әлі ерте.
Дегенмен, біз мына бір жәйтты айтып кеткенді жөн санап отырмыз. Әрине, қазақ жастарының Бразилияда жаттығып келгенінен айтарлықтай зардап шеккен жоқпыз. Бірақ, осы жобаға кеткен қаржыға өзге Еуропалық мемлекеттің академиясын жалдауға болатын секілді. Мысалы, Голландия немесе Бельгия секілді көптеген елдердегі футбол академияларын қарастырып көрсек, жаман болмас еді. Мысалға Бразилияда жаттыққан Қытай командасы академия жұмысына көңілі толмай келісім-шартты бұзды. Олардан өзге жаттығып жатқан Бенин мемлекетінің командасына аса қатты жоғалтатын ештеңе жоқ. Өйткені, олардың қаржысын ФИФА төлеуде. Енді, келесі үшінші толқын жастарды Бразилияға емес, Еуропаның бір академиясына жіберуді ойластырған жөн.