Тудағы түстердің мәні не?
Еліміздің мемлекеттік Туының мағынасын жақсы білемін. Ал Еуропа мемлекеттерінің байрақтары көбінесе үш жолақты болып келеді. Олардың мәні не?
Мұрат ТҰРДЫБЕК, 10-сынып оқушысы
Дұрыс айтасыз, Еуропаның көптеген мемлекеттерінің тулары үш жолақты болып келеді. Солардың кейбіріне тоқталып кетер болсақ, Францияның туындағы көк түс – азаттықты, ақ – теңдікті, қызыл бауырмалдықты білдіреді екен. Ал Ресейдің көлденең жолақтарындағы ақ түс – православ сенімі, көк – патшалық кезең, қызыл – орыс ұлтының символы десе, енді бір деректерде ашықтық – сенімділік – ерік-жігер мен махаббаттың белгісі деп көрсетілген. Францияның туына өте ұқсас Италияда жасыл түс – үміт, ақ – сенім, қызыл махаббатты білдіреді. Көршілес мемлекеттердің туларына келер болсақ, Қытай байрағындағы қызыл түс коммунистердің белгісі болса, сол жағындағы үлкен жұлдыз коммунистік партияның басымдылығы болып табылады. Ал қалған төрт жұлдызша – жұмысшылар, шаруалар, зиялы қауым және патриот капиталистер дегенді білдіреді. Өзбекстанның туындағы ақ түс – бейбітшілік, жасыл – табиғаттың жаңаруы, ал қызыл сызықтар тірі ағза дегенді меңзейді. Жарты ай – Тәуелсіздіктің белгісі. Қалған 12 жұлдызша шығыс күнтізбесіндегі 12 жұлдыз бен Өзбекстанның 12 облысын бейнелейді.