Жас кәсіпкерлерге қолдау көрсететін мемлекеттік бағдарламалар өз нәтижесін бере бастады. «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры жеңілдетілген несиемен қаржыландыруға 50 млрд теңге жұмсаған. Республика бойынша 720 жас кәсіп иесі өз ісін жалғастыруға мүмкіндік алған. Бұл туралы бүгін Алматыда ашылған жас бизнес өкілдерінің форумында айтылды.
Шараға Enaсtus Kazakhstan ұлттық кеңсесі серікестігі мұрындық болды. Шағын және орта бизнес саласына енді ғана аяқ басқан жастарды ынталандыру үшін соңғы жылдары «Ең үздік жас кәсіпкер» байқауы жарияланған болатын. Биыл да осы республикалық байқаудың үздіктері анықталып, оларға қаржылай демеу көрсетіліп отыр. Еліміздің әр аймағынан барлығы 8 кәсіпкер анықталып, олар түрлі салалар бойынша жеңімпаздар қатарын толықтырды. Мемлекет есебінен мұндай жобалардың әрқайсысына 7 млн теңгеге дейін қаражат бөлінеді. Оңтүстік Қазақстан облысында мақта кәсіпорындарына қызмет көрсететін жеке компания иесі Нұрсұлтан Мырзаев 24 жаста. Ол биыл жылдың өндіріс саласындағы ең үздік жас кәсіпкері аталымында жеңіске жетті. Бизнес иесі өз аймағында 110 адамды жұмыспен қамтып отыр.
Нұрсұлтан Мырзаев, жас кәсіпкер:
Менің мақсатым, міндетім - мақта саласындағы өндірісте жұмыс жасау. Оңтүстік Қазақстанда жылына 300 мың мақта талшығы өндіріледі. Соларды қабылдайтын 300-ге жуық пункт бар. Міне, біз соларға қызмет көрсетеміз. Ал «Даму» қоры бізге барлық жақтан көмек көрсетіп отыр, әсіресе оқу, үйрену жағынан кәсіптік білімдерімізді көтердік.
astanatv.kz