Жылдарға жалғасқан Стати соты
Әділет министрлігі мен «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ АҚ Анатол Стати, Габриэль Стати, Ascom S. A. және Terra Raf Trans Traiding Ltd.-ге (Стати) қарсы Нидерланды жоғарғы сотындағы процесте табысқа жетті. 2020 жылғы 18 жел­тоқсанда Нидерланд жоғарғы соты Стати мен Қазақстан ара-­ сындағы дауға байланысты KMG Kashagan B.V. компа­ниясындағы «Са­мұрық-Қа­зы­на» АҚ акция­ларына тыйым салуға қа­тысты Амстердам апел­ляциялық сотының 2019 жыл­ғы 7 ма­мырдағы шеші­мінің күшін жойды.
 
Жылдарға жалғасқан сот отырыстары
 
Молдавиялық бизнесмен Ана­тол Стати мен Қазақстанның соттасып жүргеніне 10 жылдай уақыт болды. 2013 жылы сот қазақстандық мұнай кен орын­дары мен газ өңдеу зауытына салған ин­вестициялары жоғал­ғанына бай­ланысты Қазақстанды Статиге 500 млн доллар өтемақы төлеуге міндеттеген. Дегенмен қазақ­стандық тарап бұл шешіммен келіс­пеген болатын. Одан бері бірнеше елде бірнеше сот отырысы өтті. Былтыр қарашада еліміздің Әділет министрлігі Сток­гольмдегі аппеля­циялық сотқа өтінім берді. Ондағы талап &ndash өтемақы төлеуге міндеттеген ше­шімді жоққа шығару. Әрі Статиді қазақстандық саясат­керлер мен мемлекеттік қыз­мет­керлерге пара берді деп айыптап отыр.
 
Желтоқсанда Люксембург және Брюссель соты Қазақстан талабын кері қайтарды. Статидің жағы сот процедуралары аясында Қазақ­станның Ұлттық қорына тиесілі төрелік шешім бойынша төлемдерді қамтамасыз етуге арналған 530 млн долларды «қатырып» қойған бола­тын. Одан бөлек, 6,25 млрд доллар болатын Қазақстан активтері Ни­дерланды, Люксембург, Швеция соттарының шешімімен ареске қойылған.
 
Сөйтіп, 2020 жылдың 18 жел­тоқсанында Нидерландының жоғарғы соты Амстердам апелля­циялық сотының KMG Kashagan BV-дегі «Самұрық-Қазына» АҚ акцияларына арест қою туралы шешімін қайта қарайтын болды. БҰҰ мемлекеттердің юрисди­кция­лық иммунитеті мен меншігі туралы бапқа сүйене отырып, мұны халық­аралық дәстүрге балап, істі Гаага апелляциялық сотына қарауға жі­берді. Демек, енді акцияларға тыйым салу-салмау мәселесін Гаага соты қарайды деген сөз. Қазақстан осы ретте әділ шешім шығып, арес­тің заңсыз екенін растайды деген сенімде.
 
«Қазақстан өз инвестициялық климаты мен өзінің бірқатар заң­ды инвесторын қорғауға барын с­алады. Сонымен бірге алаяқ­тық­пен, қыл­мыстық жолмен және жем­қор­лықпен алынған қаражатты жеке­шелендірумен де күресуге даяр. Міне, сондықтан Қазақстан өзінің инвестициялық жүйесін жүйелі түрде инвестицияларды қорғау қалқанының артында жа­сырынып жүрген Стати та­рапымен теріс пай­далануға қатысты құ­қықтық шара­ларды әшкерелеуге, бағалауға және қабылдауға өз жауап­­кер­шілігінен құқық үстемдігі қағидатына сәйкес бас тартпайды» деліген Әділет министрлігі тарат­қан хабарламада.
 
Стати алаяқ па?
 
Осы күнге дейін Стати жағы заңды іс атқарғандай кейіп та­ны­тып, алаяқтық операцияларды іске асыр­ғанына Қазақстан сенімді болып отыр. Мысалы, әлемдегі ең алдыңғы қатарлы бухгалтерлік фирма Pricewaterhouse Coopers (PwC) Стати тарапы Қазақ­станнан 1,5 млрд доллардай қара­жатты жалған ком­пания­лардың оф­шорлық есепшот­тарына аудар­ған деген байлам жасап отыр. Осы­лайша, Стати қазақ­стандық опе­рациялық компания­ларды алдап, жүйелі түрде тонап отырған. Ал сырт көзге бәрін кере­мет, та­бысты деп көрсетіп, жалған қар­жылық мәліметтерді өз пайда­сына қол­данған. Ол аз бол­ғандай, арбит­раждық шешім үшін де қар­жы­лай есепті өтірік құрас­тырған. Соның арқасында Қазақ­­станнан 497 млн доллар өтемақы өндіріп алуды мақсат тұтқан.
 
Айтқандай, осыған дейін істі бірнеше елдің соты қарады. Ендеше алаяқтық пен ақша жымқыру деректері жайлы қашан белгілі бола бастағанына назар салсақ. 2013 жылы төрелік шешім шыққанын айттық. Міне, содан кейін біртіндеп шындық жағаға шыға бастады. Оған бір дәлел ретінде Стати тарапының қаржы директоры Артур Лунгудың куәлік еткен кезде KPMG аудитор­ларына жалған мәлімет бергенін мойындағанын айтуға болады. Сәуірде осылай айтылған соң тамызда Стати жақтың аудиторлары Қазақстанға салынған инвести­­цияларына қатысты барлық қар­жылық есепті қайтарып алды.
 
Сарапшылар не дейді?
 
Тәуелсіз әлемдік сарапшылар, оның шінде Deloitte, PwC, про­фессорлар Джордж Берманн мен Кристоф Шройер бар, дәлелдерді тыңғылықты қарап шығып, Стати тарапының жүйелі алаяқтықпен айналысқанын айтты. Яғни, әлгі төрелік шешімге де алдау арқылы қол жеткізген. Алдыңғы қатарлы әлемдік сарапшы Стефан Каселла «қаржы жымқырғаны үшін Стати тарапы кем дегенге Латвия және АҚШ юрисдикциясына сай қыл­мыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін» деген еді. Қазір алаяқтық схемасы мен ақша жымқырғанына қатысты қыл­мыстық тергеу Люксембургте қаралып жатыр. Бұл белгілі болған дәлелдер төрелік шешім шыққан кезде қолда бол­маған. Соған қарағанда Стати жағы трибуналды қасақана ша­тастырған сыңайлы.
 
2017 жылы Лондонның жоғарғы соты Статидің төрелік шешімге алдау арқылы қол жеткізгеніне қатысты бұлтартпас айғақтар бар деген еді. Бірақ Стати тарапы Ан­глияда қаралуына қарсы шығып, фактілерді аз тексереді-ау деген басқа соттарға қарауға ұсынады. Бельгия соты биыл қарашада Қа­зақстанның алаяқтық туралы өті­німін қанағаттандырды. Нидер­ланд жоғарғы соты да апел­ля­цияны қа­рап жатыр. Қазақ­стан әділдіктің ақ таңы ақыры бір ата­тынына сенімді. Соған орай соңына дейін күресуге бекініп отыр.
 
Стати-Қазақстан ісі жайлы тобықтай
 
 Қосымша дерек ретінде қысқа-нұсқа ақпарат бере кетсек. 1999 жылы Анатол Стати негізін қа­лаған Tristan Oil Ltd офшор компаниясы Қазақстанның Tolknynneftegaz және Kazpolmunay сынды екі мұнай компаниясынан ак­циялардың ба­қылау пакетін сатып алады. Осы еншілес компаниялар арқылы Tristan Oil Боранқұл және Толқын кен орындарын пайдалануға алады. 2005 жылы Tolknynneftegaz Бо­ранқұл газ өндіру зауытының құ­­рылысына кіріседі. Араға 3 жыл салып, екі тараптың арасында дау пайда болады. Тексере келе Tolkynneftegaz бен Kazpolmunay-дың салық заңнамасын бұзғаны анық­­талады. Лицензияда көрсетіл­гені жасалмай, мұнай өңдеу үшін емес, экспортталу үшін шы­ғарылғаны белгілі болады. Бұл мәселені шешу үшін Статидің офшорлық компаниясы инвес­тициялық қордан 60 млн доллар несие алады. Оның ішінде 27 млн доллары салық наразылығын тө­леуге жіберілуі керек болған.
 
Нәтижесінде, Қазақстанның Экономикалық және жемқорлық қылмыспен күрес жөніндегі агенттігі 2002-2008 жылдары Ста­тиге тиесілі екі қазақстандық ком­панияның басшысы 1 млрд доллар табыс тапқанын анық­тайды. Яғни, осы уақытта олар магис­тральдік мұнай құбырлары арқылы мұнайды экспортқа заңсыз шы­ғарған. Сот шешімі бойынша, қаражатты мемлекеттің пайдасына беру керек болған. Kazpolmunay ди­ректоры Сергей Корнегруц 4 жылға сот­талып, Tolkynneftegaz басшы­сына халықаралық іздеу жария­ланады. Статиге де сол кезде іздеу жария­ланған еді. Ал Боранқұл газ өңдеу зауытының құрылысы уақыт­ша тоқтатылады. Tristan Oil Ltd-мен арадағы келісімшарт үзі­леді. Сөй­тіп, Толқын мен Боранқұл «ҚазМұнайГазға» бері­леді. Бұдан кейін Стати отбасы сотқа жүгініп, өтемақы талап етеді. Әрі қарай түрлі сот отырысы өтіп, не бол­ғанын жоғарыда айтып өттік.
 
Осыған ұқсас оқиға ретінде ЮКОС ісін айтуға болады. Бұл іс 2003 жылдан бері қаралып жатыр. Кремль ЮКОС-тың бұрынғы басшысы Михаил Ходорковский ұры екенін, салық төлемей, қаржы жымқырып кеткенін айтып айып­тап отыр. Мұнда да төрелік шешім шыққан. Жақында ғана өткен Нидерланд сотында Ресей­дің өте­мақы төлеу туралы шешімді алып тастау туралы өтініші қана­ғат­тандырылды. Тараптар жаңа жылдың басында тағы соттасуға дайындалып жатыр. Мұнай жүрген жерде мол ақша бар. Ал ақша бар жерде дау-дамай да көп. Бұл істердің соңы қалай болары белгісіз. Бірақ қай тарап болсын өліспей беріспеуге бекінген.
 
 
Айша ЕРСҰЛТАН