Жұмыс күшiне сұраныс пен ұсыныс
Еңбек нарығында жұмыс күшiне сұраныс пен ұсыныс арасында алшақтық ұлғайып барады.
Парламент Мәжiлiсiнде өткен техникалық және кәсiптiк бiлiм берудiң мемлекеттiк бағдарламасын заңнамалық қамтамасыз ету жөнiндегi парламенттiк тыңдау барысында палата төрағасы Орал Мұхамеджанов осылай мәлiм еттi. «Адам және еңбек ресурстарының деңгейiне жаңаша талап қойылып жатқан бүгiнгi кезеңде республиканың әлеуметтiк-экономикалық кешенiн кадрлармен қамтамасыз ету мәселесi барлық билiк органдарының қызметiндегi басым мiндетке айналып отыр. Кәсiптiк бiлiм берудiң нақты бағдарын зерделей келе, бүгiнгi күнi ресурстық және қаржылық қамтамасыз етудiң әлсiреуi, бiлiм беру үдерiсiнiң нашарлауы секiлдi келеңсiз құбылыстардың куәсi болып отырмыз. Бiрқатар өңiрлер мен салаларда көптеген мамандық иелерiнiң тапшылығы тереңдей түсуде», – дедi О.Мұхамеджанов. Спикердiң түсiндiруiнше, бұл Қазақстанда адам жетiспеушiлiгiнен емес, «өз азаматтарымыздың заманауи кәсiпорындарға бiлiктiлiгiнiң сәйкес келмеуiнен» туындап отыр.