Жүйе құрушы кәсіпорындарға жағдай жасалады
Елімізде 2011-2016 жылдарға белгіленген Дағдарыстан кейінгі қалпына келтіру бағдарламасы іске қосылды. Осыны ресми түрде мәлімдеген қаржы министрі Болат Жәмішев өткен жұмада Алматыдағы арнайы дөңгелек үстел барысында аталған бағдарламаның бәсекеге қабілетті кәсіпорындарды және екінші деңгейдегі банктерді проблемалық активтерден «зарарсыздандыру» мақсатында әзірленгенін айтты.
«Биылғы жылдың 11 ақпанында «Нұр Отан» саяси партиясының ХІІІ съезінде сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Н.Назарбаев еліміздің нақты және қаржы секторындағы мәселелерге кеңінен тоқтала отырып, Үкіметке Ұлттық банк пен Қаржылық қадағалау агенттігімен бірігіп, дағдарыстан кейінгі қалпына келтіру бағдарламасын дайындау жөнінде тапсырма берген болатын. Елбасы аталған мәселенің екі бағыт бойынша шешілуін баса айтты: бәсекеге қабілетті кәсіпорындарды сауықтыру және қаржы жүйесін оңалту арқылы», – деген қаржы министрі аталған жиында кәсіпорындарды мемлекеттік қолдау уақытша шара екенін ескертті.
Бәсекеге қабілетті кәсіпорындарға арналған бесжылдық көмек
Жалпы, дағдарыстан кейінгі қалпына келтіру бағдарламасы борыштары 4,5 миллиард теңгеден асатын бәсекеге қабілетті, жүйе құрушы кәсіпорындарды сауықтыру мақсатында даярланған. Ал борыштардың екінші деңгейдегі банкпен тығыз байланысы болғандықтан, қаржы секторын бұл арада бөле-жара қарастыру мүмкін еместігі анық. Қарызы жоғарыда аталған сомадан аз бәсекеге қабілетті кәсіпорындар «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберіндегі мемлекеттік қолдауды пайдалана алады.
Жалпы, бағдарламаға ену мүмкіндігі 2011 жылмен шектеледі. Өздерінің төлем қабілеттерін қалпына келтірген кәсіпорындар одан әрі «Өнімділік-2020» бағдарламасына және Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыруға қатыса алады.
Бағдарламада кәсіпорындарды сауықтыру кредиторлардың, меншік иелерінің және мемлекеттің бірлескен іс-қимылымен жүзеге асырылуы керектігі, ал мемлекеттік көмектің көлемі кредиторлар мен меншік иелері көрсеткен көмекпен бірдей болатындығы қарастырылған. Бағдарламаны жүзеге асыру тетігі оған қатысушы кәсіпорынның қаржылық жағдайына талдау жасау және әр кәсіпорын бойынша жеке сауықтыру жоспарларын әзірлеу мәселелерін қамтиды.
Бағдарламаға жүйе құрушы мәртебесі бар, «Жеке кәсіпкерлік туралы» Заң қағидаларына сәйкес орта және ірі кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын, өнеркәсіптің өндіру салаларында жұмыс істейтін, сол сияқты алкоголь және темекі өнімдерін шығаратындардан өзге кәсіпорындар қатыса алады. Сонымен қатар олардың қаржы ұйымдарының алдындағы міндеттемелері 2011 жылға 4,5 миллиард теңгеден аспайтын, сол сияқты қайта құрылымдаусыз оларды орындау болашақта проблема туғызады деген негіз болуы керек. Сол сияқты белгіленген алғышарттарға және «Банкроттық туралы» Заңға сәйкес 2011 жылдың 1 қаңтарына дейін сот шешімімен қалпына келтіру процедурасы қолданылған кәсіпорындар да бағдарламаға қатыса алды. Бұл ретте Б.Жәмішев: «Бұрын банкроттық бойынша іс қозғалатын, кәсіпорындар өндіріс конкурсы және оңалу процедураларынан өтетін. Ал енді біз бұл арада екі тәсілді қолдануды ұсынып отырмыз. Яғни бұл арада егер кәсіпорынға сауықтыру жұмысы жүргізілетін болса, онда құрылтайшы банкрот деп аталмайды. Сот бір ай ішінде борышкер кәсіпорынға сауықтыру процедурасы қолданылсын деп шешім шығарады. Осы уақыт аралығында ағымдағы коммерциялық операциялардан тыс мүлікті пайдалану мен сатуға тыйым салынады, айыппұлды есептеу тоқтатылады», – дейді.
Мемлекеттің қатысуындағы заңды тұлғалар, ұлттық басқару холдингілері, ұлттық холдингілер, ұлттық компаниялар және олар бақылайтын заңды тұлғалар, сол сияқты шетелдердің қатысуындағы заңды тұлғалар бағдарламаға қатысушы бола алмайды.
Аталған критерийлер бойынша іріктеуден өткен кәсіпорындар сауықтыру жоспарын әзірлеу үшін кредиторлар комитеті таңдаған кеңесшілерді жалдайды. Үкімет тарапынан консультанттар қызметі құнының 50 пайыз мөлшерін қоса қаржыландыру жүзеге асырылады. Бірақ ол бір қатысушыға 35 миллион теңгеден аспауы тиіс.
Пайыздық мөлшерлемені субсидиялау тек несие немесе лизингілік операциялар, Қазақстан қор биржасына шығарылған құнды қағаздардың купоны бойынша жүзеге асырылады. Сондай-ақ борышты субсидиялау көлемі 4 миллиард 500 миллион теңгеден аспауы тиіс. Субсидиялау мерзімі жылына 7 пайыздық мөлшерлеме бойынша бес жылды қамтиды.
Стрестік активтер қоры қаржы секторын проблемалық борыштардан тазартады
«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры жанынан 2008 жылдың аяғында ашылған Стрестік активтер қоры бастапқы мақсатын жүзеге асыра алмады. Сол себепті Ұлттық банк тағы бір Стрестік активтер қорын құруға ниет білдіріп отыр. Оның қызмет ету мерзімі шектеулі, яғни бес жыл. Бұл қордың басты акционері Ұлттық банк болып табылады. Ол борышкер құнды қағаздарды эмиссиялау үшін қаржыландырады; банктегі проблемалық несиелерді, кепілдегі мүлікті бағалап, сатып алады; банктерден сатып алған активтерді басқарады және оны жүзеге асырады. «Ұлттық банк проблемалық активтерді тікелей қаржыландыруға мүдделі емес, қор бірнеше транш бойынша бағалы қағаздар шығарады, соны сатып алғандардың қаржысы аталған мақсатқа жұмсалмақшы. Қор ұлттық банктің еншілес компаниясы болғанымен, басқарудан өзін оқшау ұстауға тырысады», – дейді Ұлттық банк төрағасының орынбасары Данияр Әкішев. Яғни қор шығарған бағалы қағаздарды жинақтаушы зейнетақы қорлары (33%), екінші деңгейдегі банктер (33%) және Ұлттық банк (34%) өзара бөлісетін болады.
Ал күмәнді және үмітсіз несие мен активтерді банк жанынан құрылған еншілес компанияларға шығарып береді (1-кесте).
Дөңгелек үстел барысында бәсекеге қабілетті кәсіпорындарды сауықтыру мақсатында қабылданған бағдарлама аясында Жеке кәсіпкерлік туралы, Банкроттық туралы, Салық, Банктер туралы және тағы бірқатар заңнамаға өзгерістер енгізіліп жатқандығы да айтылды.