Жолаушы тасымалына жүйелілік керек
Жолаушыларды тасымалдауға да арнайы лицензия керек! Мұндай мәлімдемені еліміздің Көлік және коммуникация министрлігі таратып отыр. Соңғы кездері жолаушылар тасымалына байланысты қалааралық және халықаралық жолдарда жолаушылардың қауіпсіздігі мүлдем ескерілмейтінін; осыған байланысты жол-көлік апаты жиілеп кеткенін; жолаушыларды тасымалдауға мүлде рұқсаты жоқ компаниялардың көрсеткіші артып отырғанын; айналып келгенде, олардың мемлекетке салық төлеуден жалтаратынын; бұған қоса, қайсыбір жолаушыларды тасымалдайтын автобустардың сақтандыру құжаттары, көлікті техникалық рәсімдеуі жалған құжат екенін тізбелеген Көлік және коммуникация министрлігі ендігі кезекте бұл мәселеге мамыражай қарай алмайтындығын қатаң ескертті. Министрліктің мәліметінше, еліміздегі жолаушыларды тасымалдайтын автобустардың 83 пайызының мүлде тозығы жеткен. Тіпті тексеру барысында елімізде пайдалану мерзімі 20 жылдан асып кеткен автобустар табылған.
Лицензиялау ұтымды ма?
Негізінен, жолаушыларды тасымалдауды лицензиялау туралы сөз етер болсақ, лицензияны алу үшін әрбір тасымалдаушының біліктілігі талапқа сәйкес болуы міндетті. Сосын жолсапарға шығарда тұрақты тасымалдаушы да, тұрақсыз тасымалдаушы да автобусты техникалық тексеруден, ал автобус жүргізушіні медициналық тексерістен өткізуге міндетті болады. Жалпы, бұл жүйе тұрғысында мамандардың дені: «Әрине, мұның өзіндік ұтымды тұстары да бар. Жолаушылар тасымалына лицензиялау түрін енгізсек, заңсыз жолаушы тасымалымен айналысатын көлік компанияларының саны азаяр еді. Десек те, бұл түйткілді шешетін бір ғана қадам – ол үшін елдегі жолушылар тасымалы проблемаларына қатысты кешенді зерттеу жүргізу керек», – дейді.
Бұл ретте, экономист сарапшы Мейрам ҚАБДРАХМАНҰЛЫ:
– Жолаушылар тасымалына лицензия енгізу мәселені түбегейлі шешпейді. Меніңше, бізге бұл саланы тазалау үшін автобустардың және жүргізушінің еңбек және демалыс тәртібін қадағалайтын тахографпен жабдықтау әдісін қолға алған жөн. Біздің еліміз 1995 жылы көлік құралдарының экипажына қатысты Еуропалық келісімге (ЕСТР) мүше болды. Осы келісімге сәйкес, 1995 жылдардың өзінде-ақ автобустарға тахограф орнатуға міндетті едік. Өкініштісі, әзірге бізде бұл іс қолға алынбай тұр. Егер осындай тахографтау жабдықтауына түгелдей енсек, мәселе сәл де болса шешілер еді, – деді.
Заңға пәрмен беру керек
Ескеретіні, бұған қоса мамандар елімізде тек жолаушылар көлігін ғана емес, авиарейстерге және теміржол саласына өзіндік реформа жүргізу қажеттілігін де сөз етті. Негізінен, мамандардың ой-пайымынша, қазірде бір ғана теміржол тасымалына қатысты заңнамада теміржолдарда вагондардың, контейнерлердің тұрып қалуы, тасымалдау процесіне қатысушылардың жауапкершілігі, интернет арқылы теміржол билеттерін сатып алудың ережелері жеткілікті түрде айқын көрініс таппаған.
Үсен Аманбаев, экономист:
– Естеріңізде болар, былтырғы жылы «Жолаушылар тасымалы» компаниясында пойыз бригадалары мен билет кассаларының жұмысын тексеру бойынша жүргізілген жұмыстар нәтижесінде кәсіби біліктілігі төмен немесе лауазымына сай емес тағысын тағы түрлі себептермен 109 билет кассирі, 31 пойыз бастығы, 252 жолсерік жұмыстан босатылған еді. Сондай-ақ теміржол билеттерінің алыпсатарлардың қолында жүретінін осы сала басшыларының өзі де жоққа шығара алмады. Өкінішке қарай, пойыздарға билет сатуды үрім-бұтағымен, әулетімен кәсіпке айналдырып алған топтар жоқ емес. Әсіресе жолаушы тасымалы қызатын жазғы маусымда олар билет тапшылығын қолдан жасап, үш-төрт есе қымбат бағасына сатып, қарық болады. Бүгінгі таңда электронды билеттер сату үрдісі де осы алыпсатарлыққа ұшырап жүр. Қазақстанда теміржол билеттерінің 40 пайызға жуығы осындай жолмен сатылып жатыр. Бізде жолаушылар тасымалына қатысты жабайы сауда қызып тұр. Мұның себебін өз басым үйлестіруші жүйенің болмауынан деп есептеймін. Біз жедел арада заңға пәрмен бергеніміз жөн. Заңды қатайтпай, ешқандай реформа нәтижелі болмайды.
Ұшуға да жүйе керек...
Тағы бір басымдық беріп айта кетерлігі, мамандар біздің елдегі авиарейстер арқылы ұшуды да өзіндік жүйелеу қажеттігін алға тартты. Бұл ретте, «Эйр Астана» АҚ, «Халықаралық Астана әуежайы» АҚ және «Халықаралық Алматы әуежайы» АҚ тәрізді тараптарға соңғы күндері рейстердің кідіруіне байланысты жолаушылардың наразылығы күшейіп тұрғанын сөз еткен мамандар «Азаматтық авиация комитеті жолаушыларды тіркеудің автоматтандырылған жүйесін дамытуы қажет» дейді... Жалпы, елдегі жолаушылар тасымалы саласына қатысты ой қаузаған мамандардың дені «тіптен такси жүргізушілеріне де арнайы лицензия талап етілуі керек. Олар да арнайы салық төлеп, жауапкершілік жүгін сезінгені абзал» десті. Сөйтіп, мамандардың тілімен түйіндесек: «Еліміздегі жолаушылар тасымалын жабайы саудадан дереу арылтқанымыз жөн. Өйткені нақ қазір осы сала бойынша авиарейстерді қоса айтсақ, аспанда да, жерде де заңбұзушылық терең тамырлап тұр».
Дерек пен дәйек...
Жалпы, Көлік және коммуникация министрлігіне қарасты көліктік бақылау комитетінің деректеріне сүйенсек, соңғы екі жылдың ішінде қалааралық және халықаралық жолдарда автобустардың қатысуымен болатын жол-көлік апаты жиілеп кеткен. Мәселен, 2009 жылы жол-көлiк апатынан республика бойынша 133 адам көз жұмса, 2010 жылы бұл көрсеткіш 150-ге жетiп отыр. Бір ғана Шымкент қаласы бойынша 90 бағытқа 36 көлік компаниясы қызмет етеді десек, олардың басым бөлігі жолаушыларды тасымалдауда өрескел заңбұзушылыққа жол берген. Мысалы, Шымкент қаласынан Леңгір, Түркістан, Отырар, Түлкібас, Жетісай, Сарыағаш және Жібек жолы бағытына жүретін 240 автобус тексеріліп, сол бойынша жолаушыларды рұқсатсыз тасымалдау, сақтандыру құжаттарын жалған жасату, техникалық рәсімдеуі жалған, көлігі ұзақ жолға шығуға мүлде жарамсыз 118 заң бұзу актілері тіркелген. Бүгінде заңды белден басқандарға 893 мың теңгенің және 1 млн 300 мың теңгенің айналасында айыппұл салынған. «Міне, осындай заңбұзушылықтарға жол бермес үшін жолаушылар тасымалына арнайы лицензиялау түрін енгізу керектігі хақында шешім шығарылды. Лицензиялау туралы шешім 4 шілдеден бастап күшіне енеді», – дейді Көліктік бақылау комитетінің төрағасы Әділет Берманқұлов.