«Жол картасы» Жамбыл ауданында қалай іске асып жатыр?
Қазіргі кезде Үкіметтің «Жол картасы» бағдарламасы еліміздің жер-жерлерінде қарқынды жүргізіліп жатыр. Осы ретте біз дағдарыс кезінде аудан-ауылдардың әлеуметтік-экономикалық жағдайы қаншалықты екендігін білу мақсатында Алматы облысы, Жамбыл ауданына арнайы барып, тұрғындармен де, жергілікті басшылармен де пікірлесіп қайтқан едік.
Өз кезегінде, аудан әкімі Ләззат Тұрлашев аталған бағдарламаны іске асыру үшін республикалық бюджеттен 593 млн теңге бөлінгенін айтты. Қазіргі таңда екі бірдей білім ордасына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. Бұл мақсатқа 160 млн теңге бөлінген. Ал денсаулық сақтау саласы бойынша аудандағы орталық емханаға облыстық бюджеттен 50 млн теңге бөлініп, құрылысы қарқын алуда. Аудан басшысы: «Жеке кәсіпкерлердің инвестициясының арқасында ауданымызды газдандырып жатқан жайымыз бар. Қазіргі таңда Ұзынағаштағы жекелеген үйлер мен әлеуметтік нысандар біртіндеп газға көшуде», – дейді.
Алыс аудандардағы жол проблемасы шетін мәселеге айналғаны белгілі. Мемлекеттің дағдарысқа қарсы іс-шарасы аясында Жамбыл ауданының жолдарын күрделі жөндеуден өткізуге 275,9 млн теңге бөлінген. Оның ішінде 257 миллионы облыстық жолдарды жөндеуге бағытталса, 18 млн ауданаралық жолдарды жөндеуге жұмсалуда. Облыстық жолдарды жөндеудің кестелері түзіліп, жөндеу жұмыстары қызу жүріп жатыр.
«Жол картасы» аясында мәдени ошақтарды күрделі жөндеуден өткізу де ұмыт қалмаған. Осы ретте аудандағы Сүйінбай Аронұлы атындағы мұражайды қалпына келтіруге 40 млн теңге бөлінген. Бұған қаржы облыстық бюджеттен бөлінгендіктен, ауданға салмақ салынып жатқан жоқ. Ал ауданды абаттандыру жұмыстарына 67,2 млн теңге бөлініп, оның 25,3 миллионы саябақты жөндеуге жұмсалған. Қалған 41 миллион сегіз ауылды көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарына бөлініпті. Бұл қаржыға шағын саябақтар мен жалғыз аяқ жолдар жөнделініп, көшелерге жарық тартылып жатыр. Бұдан басқа Ұзынағаш пен Қарғылы елді мекендеріне қоқыс жинайтын үлкен темір жәшіктер қойылған.
Жалпы, «Жол картасы» бойынша аудан көлемінде 902 адам жұмыспен қамтылған. Мектеп жөндеу жұмыстарына жергілікті жердегі адамдар ғана тартылған. Бұл ретте аудандық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімі әр ауылдағы жұмыссыз жүрген азаматтардың тізімін жасап, мамандықтары бойынша жұмысқа тартып жатыр. Тендерде жеңіске жеткен құрылыс компанияларына жұмыс күшін сырттан тартпауға талап қойылған екен. Бұл талап екі тарапты жасасқан техникалық келісімде тайға таңба басқандай анық көрсетілген. Келісім бойынша мердігерлер жұмысшылардың 80 пайызын жергілікті жерден тартуға міндеттелген. Тек кейбір аса қат мамандар табылмаған жағдайда ғана оларды сырттан шақыра алады. Ал қалған дәнекерлеуші, сылақшы, есік, терезе қою сынды екінің бірінің қолынан келетін жұмыстарды жергілікті жердегі адамдар атқаруда. Ауылды жердегі абаттандыру, арық тазалау, асфальт төсеу сияқты жұмыстар да ауыл тұрғындарынан артылып отырған жоқ.
Жамбыл ауданына қарасты Тағамалы тас елді мекенінде «Жартас» компаниясына қарасты цемент зауытының жұмысы қызу жүріп жатыр. Зауыт цементтен бөлек қиыршық тас, әк, керамзит және түрлі қоспалар шығаруда. Зауытты «Базис-А» құрылыс компаниясы мен «Жартас» өндіріс ошағы бірлесіп салыпты. Зауыттың өнімі әзірше «Базис-А» құрылыс компаниясының алаңдарына ғана жөнелтіліп жатыр екен. Болашақта зауыт өндірістік қуатын арттырып, өнімін бүкіл Қазақстанға сатуды жоспарлап отыр. Цемент шығаруға қажетті шикізаттың басым бөлігі ауданда бар. Тек бірлі-жарым қоспалары ғана Қытайдан әкелінеді екен. Зауыт жылына 240 мың тонна өнім шығарады. Аудандағы құс фабрикасы дағдарысқа төтеп бере алмай, жұмысы тоқтатылғанда, ондағы жұмысшылардың басым бөлігі цемент зауытына ауыстырылған. Қазіргі таңда Горный, Ақтерек, Қопа, Бергітас ауылдары тұрғындарының көпшілігі цемент зауытында жұмыс істеуде.
Қазір Балқаш жылу электр стансысының құрылысы аудан үшін маңызды болып тұр. Кезінде ол жерге атом электр стансысы да салынбақшы болғаны белгілі. Жылу электр стансысын салуға «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры мен Оңтүстік Кореяның «Самсунг» компаниясы қаржы бөлген. Бүгінде зауыттың құжаттық сметалық жобасы дайындалып, құрылыс жұмысы басталған. Зауытқа қажетті көмір Екібастұздан әкелінсе, суды Балқаштан алады. Келешекте өндіріс ошағы салынып жатқан Үлкен кенті ірі елді мекенге айналатын болады. Ол жерде кезінде тоғыз қабатты үйлер бой көтерген. Алдағы уақытта жылу стансысы маңынан үш мың жұмысшыға арнап шағын қалашық салынады. Өндіріс ошағының электр қуаты қазіргі салынып жатқан Мойнақ ГЭС-інен де асып түседі деп күтілуде. Балқаш ЖЭС-і іске қосылғанда, еліміздің оңтүстік өңірлері электр қуатынан тапшылық көрмейтін болады.
Ләззат ТҰРЛАШЕВ, Алматы облысы, Жамбыл ауданының әкімі:
– Жамбыл ауданы ежелден ақындар мен батырлар елі атанған, тарихы терең, шежіресі бай құтты да қасиетті мекен. Біздің киелі мекенімізде Елбасы Н.Назарбаев пен облыс әкімі С.Үмбетов дүниеге келген. Бұл жағдай бізге үлкен абыроймен қатар ерекше жауапкершілік те жүктейді. Ауданымыздың орналасқан жері де аса қолайлы, Алматы қаласы сияқты ірі мегаполистің иек астында тұрмыз. Сондықтан да ауданға қуатты инвесторлар тартылуы керек. Өндіріс орындарын ашамын деген қаражатты азаматтарға барлық жағдай жасаймыз. Әр ауылдың азаматтары, кәсіпкерлері, осы ауданнан шыққан қалталы азаматтарымыз ортақ іске атсалысса, қанеки. «Ауылына қарап азаматын таны» дейді халық. Ауылдың гүлденіп, көркеюі азаматқа сын, елге абырой. Сондықтан бір кісідей жұмылып, ауылымыздың, ауданымыздың абыройын өсірейік, «байлығын еселейік» дегім келеді.