Жол азабы жолаушыға таныс, жетейін десем, ауылым алыс...

Қазақ әдетте сапарлап шыққан адамға «Жолың болсын!» дей­ді. Жақсы тілектің астары аман барып, сау қайт дегенге сайып тұр. Ал «Жол азабын тартқан білер» деген мәтелді естігенде бо­­йың дір ете қалады. Көз алдыңда ми батпаққа батқан кө­лігің, боранда тоңған кезің, басқа да жолдан көрген құқайың қор­қынышты түстей тұрып алады. Бұл көрініс, әсіресе, Жайық өңі­рінің жұртшылығы үшін етене таныс, әбден ет үйренген жағдай. Өйткені Батыс Қазақстан – республикадағы қатқыл табанды жолмен қамтылуы жағынан кенжелеп қалған облыс. Көлік кү­ре­­тамырының 10 пайызын асфальт жауып жатса, 90 пайызы то­п­ы­рағы бұрқыраған кәдімгі қара жол. Жалпы, газды өңірде қат­қыл табанды жамылғылы жол алты ауданда ғана бар. Қалған алты аудан халқы жол азабын тартудай-ақ тартып жүр. Әсіресе, көк­темгі және күзгі лайсаңда, сосын қытымыр қыста көлігіңіз қанша мықты болса да, сапарлап шығу шынымен қауіпті. Өткен жылғы ақпанның ақ түтегінде көлігі бұзылып, далада қалған бірнеше адам құтқарылды. Қауіп-қатерге қарамай жолға шығып, оның арты орны толмас өкінішке ұрындырған оқиғалар да тіркелді.
Жалпы, жол «жыры» жергілікті би­лікке де, жоғарыдағыларға да жақ­сы таныс. Бірақ бір шақырым жол салу үшін миллиондаған теңге қар­жы қажеттігі көп шаруаға қол­бай­лау. Дегенмен қол қусырып отыр­ған ешкім жоқ. Соңғы жыл­дары жол құрылысына жан бітті. Ау­дан-ауылды Оралмен бай­ла­ныс­тыратын бірнеше магистральдің бе­тіне асфальт төселіп жатыр. Алайда оның қарқыны халық ойлағандай емес, тым баяу.
Көп жағдайда кінәні мердігерден іздейміз. Көтере алмайтын шоқпар­ды беліне қыстырады. Көкейді ақша теседі. Тендерді ұтып алады да, тех­никасы сайлы болмай, жұмысты то­қы­ратады. Жолшы маманы түгіл, жұмысшы адамы жоқ кәсіпорындар да аз емес. Мұны болдырмас үшін республикада өтетін тендерлерге облыс­тардан өкілдер қатысса, дұрыс болар ма еді. Өйткені олар жергілікті мекеме-ұйымдар­дың әлеуетін жақсы біледі ғой. «Сол кезде аты бар да, заты жоқ қаптаған «жол салғыш» ЖШС-ларды жеп отырған «жемдерінен» айыруға мүмкіндік туады» дейді сала мамандары. Оған қоса мердігердің іс-әрекетін бақылау, қыңырайғандарын қамшылап алу құзыретін жергілікті әкім­діктерге берген де дұрыс секілді.
Мысықтабандап жылжитын магис­тральдар құрылысы тұрғындардың қалта­сын да қағып барады. Себебі жаңбыр жау­са, боран тұрса, жолақы бағасы лезде қым­баттайды. Аспанға қарап, бүгін күн қандай болар екен деп бал ашып жүрген­нің несі жақсы?! Жолақыны өсірме деп тағы айта алмайсың. «Қазаншының өз еркі:  қай­дан құлақ шығарса» дегендей, кісі таситын көліктің бәрі жекеменшік. Жол ауыр болса, жанармай көп кетеді, көлік те тез бұзылады. Қысқасы, жолақыны өсіруге себеп көп. Барайын десем, жер шалғайдың кебін киген халық, амал жоқ, төзеді.
Батыс Қазақстанның бір ерекшелігі, облыс орталығы Орал мен Бөкей ордасы және Жәнібек аудандарының арасы – 600 шақырым. Ұшқан құстың қанаты талатын қашықтық. Осы екі ауданмен қатқыл та­банды жол байланысы ешқашан болған емес. Жаздың аптабында, қыстың қырауын­да жолаушылап шыққан жан әуелі ауа райына құлақ түреді. Бәрі дұрыс болса, 12 сағат бойы «Уаз» немесе «Газельмен» сел­кілдейді. Жай күндері бір адам 6 мың теңге төлеп келсе, лайсаңда жолақы 10 мыңға бір-ақ секіреді. Жарты тәулігін жолға жұм­сап жеткенде жұмысы бітсе, жақсы. Бітпесе, тағы екі-үш күн жатып, көлік күтуге мәжбүр. Неге десеңіз, жолдың нашарлығынан күт­кен көлігіңіздің келе алмай қалуы немесе орын болмауы әбден ықтимал.
Қалыптасқан жағдайдан шығатын жол бар ма? Әрине, бар. Ол – Кеңес Одағы тұсында қос ауданды Оралмен байла­ныс­тырған жолаушылар пойызын қайтадан қал­пына келтіру. Ресеймен шекарадағы Бөкей ордасы және Жәнібек теміржолдың үстінде тұр. Кезінде Оралдан шыққан тір­кемелі вагондар Астраханьға бет алған пойызға тіркеліп, осы екі ауданға жет­кізі­летін. Одақ ыдырағаннан кейін көршілер келіспеді ме, әлде біз табандылық таныт­падық па, әйтеуір, тасымалдың осы бір жай­лы да арзан түрі көзден бұл-бұл ұшты. Қазір, Құдайға шүкір, еліміз – Кедендік одақ­тың толыққанды мүшесі. Алыс-беріс оңайлап, жолаушы тасымалы жақсара бастады. Ен­деше, екі елдің арасын жал­ғайтын қос ауданға пойыз шығарса, ешкім ұтылмайды. Бұл пойыз шыға қалса, эко­номикалық тиімділігімен қатар, туризм де дамыр еді. Тарихы терең Бөкей ордасында әйгілі Бөкей ханның мұражай-кешені, Жәң­гір ханның, дәулескер күйші Дәулет­керей­дің, даңқты ғалым Мұхамед-Салық Баба­жановтың кесенелері бар. Құм қойнауынан орын тепкен адам еңбегінің ғажайып көрінісі – қарағай орманы да талай туристің түсіне еніп жүргені анық. Қа­зақ дала­сындағы алғашқы дәріхана, 40-тан астам қарағайдан қиылған үй де – осы өңірде. Бір сөзбен айтқанда, жолдың салынуы, жолаушы пойызының шығуы халықтың тұрмысын жақсартып, өңірді ірі туристік орталыққа айналдырар еді.
Рашит АХМЕТОВ, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
– Жол мәселесі – Батыс Қазақстандағы ең күрделі тұстардың бірі. Соңғы 20 жылда ауылдың ауызсу, газ тарту, мектеп, балабақша салу секілді көптеген әлеуметтік мәселесі шешілді. Енді кезек жолға жетті. Өзіміз де осы жолдармен жүрген соң жағ­дайды жақсы білеміз. Кейбір аудандарға жол салу, күрделі жөндеу жұмыстары бас­талды. Алдағы уақытта облыс әкім­дігімен бірлесіп, жол мәселесін респуб­ликалық деңгейде көтере беретін боламыз.
Көбіне алыс аудандарға жету оңай емес. Әсіресе Жәнібек, Бөкей ордасы секілді шалғай аудандардан облыс орта­лығына қатынау қиын. Жалпы, автокөлік жолын салу аса ірі қаражатты қажет ететін болғандықтан, менің пікірімше, бұл аудан­дарға бұрын болған теміржол байланысын қалпына келтірген тиімділеу. «Қазақстан темір жолы» АҚ арнайы пойыз бөлуге келісіп отыр. Түйінді мәселе Қазақстан мен Ресей арасындағы шекаралық бақы­лауға тіреліп тұр. Ресейлік Дума депутат­тары­мен бұл жөнінде пікір ал­мастық. Енді республикалық шекара қыз­метінің бас­шылығына шығып, ресейлік әріп­тестермен бір келісімге келу үшін келіссөз жүргізуді ұсынбақшымыз. Кеден одағы аясына біріккен екі елдің эконо­микалық байланысы тығыз. Сон­дықтан бұл мәселенің түптің түбінде шешімін табары анық. Әрі теміржол бай­ланысы Тасқала және Переметный ауыл­дарын да қамтыр еді.
Қазақстан-Ресей шекарасындағы жо­лаушыларды шекаралық тексеру мәселесіне қатысты айтар болсам, ол міндетті түрде керек. Өйткені біз егемен елдерміз, шекараның болуы ұлттық қауіпсіздіктің мүддесі үшін: есірткі тасымалының, халық­аралық экстремизм мен лаңкестіктің, ұйымдасқан қылмыстың алдын алу және болдырмау үшін қажет.

Сергей ҚАБДЕШОВ, «Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ Орал тасымал бөлімшесінің директоры:
– Кеңес Одағы кезінде Батыс Қазақстан облысының оңтүстік аудандары арқылы Ресейге бағыт алған пойыздар Бөкей ордасы, Жәнібек аудандарының тұрғын­дары үшін қолайлы еді. Бүгіндері ресейлік әріптестеріміз нарықтық ахуалды алға тартып, аталмыш бағыт бойынша жолаушы мөлшері мардымсыз болғандықтан, әзірге біздің ұсынысымызға ыңғай танытпай отыр. Бірақ бұл мәселе – облыс басшылығы мен біздің облыстан сайланған ҚР Парламенті депутаттарының ұдайы назарында. Осы мәселенің оңтайлы шешілуіне Үкімет те оң қабақ танытса екен дейміз.

Санат САРИЕВ, зейнеткер:
– Мен бұрынғы Орда ауданының тұр­ғынымын, зейнеткермін. Еліміздің қуат­танып әрі көршілес Ресеймен қарым-қа­тынас күннен-күнге жақсарып келе жат­қанына қуанамын.
Біздің Бөкей ордасы мен Жәнібек аудан­дары тұрғындарының облыс орталығымен қатынасы өте қиын екенін бәрі де біледі. Әсіресе көктем мен күзде, қыс күндерінде жолаушылар жол азабын қатты тартады. Сау адам әрең шыдайтын сапарда ауру, науқас адамдарға тіпті қиын. Жолда өліп те кетуі мүмкін. Сондықтан облыс басшыларынан, мәслихат депутаттарынан өтініп сұрай­тынымыз: бұрынғы Орал-Астрахань тір­кеме пойызын қайта қалпына келтірсе. Меніңше, қазір бұл жөнінде Кедендік одаққа біріккен Ресеймен келісімге келу қиын болмас.
Сондай-ақ Сайхын мен Жәнібекке ба­ратын автожолды да тезірек жөндеу – қос ауданның мыңдаған тұрғыны талап ететін мәселе.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста