Жем жайлы қонысқа айналмақ
Ақтөбе облысындағы шағын қалалардың бірі – Жем қаласы енді жайлы қонысқа айналады. Қаланың үлкен проблемасы жылуымен байланысты болатын. Енді ол күндер артта қалды дейді шағын қала тұрғындары. Ембіден Жем қаласына 8 шақырымдық газ жеткізгіш құбыр тартылып, газ тарату бекеті салынды, Жем қаласының ішкі кварталдық газ құбырлары және 13 газ тарату қорабы орнатылды.
Мұғалжар ауданына іссапармен барған Ақтөбе облысының әкімі Архимед Мұхамбетов шағын қалаға жеткізілген газ тарату бекетін іске қосу рәсіміне қатысып, қысқа дайындықты пысықтады. Сондай-ақ ауданда атқарылған жұмыстарды қадағалап, алдағы уақытқа міндеттерді нақтылады.
Архимед Мұхамбетов, Ақтөбе облысының әкімі:
– Мұғалжар – Ақтөбе облысындағы ең ірі аудан. Оның аумағында Қандыағаш, Жем, Ембі секілді үш бірдей шағын қала орналасқан. Соңғы бір жыл ішінде Мұғалжарда, соның ішінде Жем қаласында атқарылған жұмыстар аз емес. Бұған дейін шешілмей келген мәселелер қолға алынып, нақты түрде жүзеге аса бастады. Қуаты сағатына 3543 м3 және жалпы ұзындығы 22,6 шақырымды құрайтын газ құбырының құрылысы 2011 жылы басталды. Құрылыс-монтаж жұмыстарының жалпы құны 268,079 млн теңгені құрайды. Осы жобаны жүзеге асыру барысында «көгілдір отынға» сегіз көп қабатты және 55-тен астам тұрғын үй мен 6 әлеуметтік нысанды қосу жоспарланып отыр.
Бұған дейін жергілікті халық көмір, ағаш отындарын сатып алуға және тасымалдауға қомақты қаржы жұмсап келген болса, енді осы жоба арқасында 4 мыңға тарта тұрғын арзан отын тұтынуға қол жеткізеді. Мысалы, облыс бойынша халыққа берілетін 1 мың текше метр газдың бағасы – 3900 теңге. Сәйкесінше, көршілес Батыс Қазақстан облысында тұрғындар үшін газдың бағасы –10 300 теңге, ал Оңтүстік Қазақстан облысында 19 500 теңгені құрайды, яғни ақтөбелік газ тұтынушылар олармен салыстырғанда 2,6 және 5 есеге арзан төлейді.
Жалпы, тұрғындар бұрын жылыту маусымында орташа алғанда көмірге 60 мың теңге жұмсаған болса, енді газбен жылытуға шамамен 11 мың теңге төлейтін болады. Әрбір үйге келетін «көгілдір отынның» тұрғындардың өмір сапасын жақсарта түсетіндігіне күмән жоқ. Газдың келуі елде шағын және орта бизнестің де дамуына жол ашады.
«Көркейе бер, туған жер»
Облыс әкімі бастаған жұмыс тобы Ембі қаласына кіреберістегі жол мәселесіне назар аударды. Ембі – Ақтөбе – Шалқар бағытынан басталатын Жем, Жанесов көшелерінің ұзындығы Қазақстан қалашығына дейін 3,6 шақырымды құрайды. Бұл көтерме жол 70-жылдары салынған. Жол жамылғылары көптеген жылдан бері жөндеу жұмыстары жүрмегендіктен, тозығы жетіп, қалаға кіретін автокөліктерге жүруге қиындық тудыруда.
Биыл облыс әкімінің бастамасымен қолға алынған «Көркейе бер, туған жер» акциясы бойынша жөндеу жұмыстарын 2012-2013 жылдары «ГОАР» ЖШС арқылы жүргізу жоспарланып отыр. Барлық жұмыс осы акция аясында жүргізіледі.
Мұғалжар ауданында «Көркейе бер, туған жер» акциясының жоспарлануы және атқарылуы екі бағытта жүргізілуде. Атап айтсақ, бірінші бағыт бойынша әлеуметтік объектілерге құрылыс, жөндеу және абаттандыру жұмыстарын жүргізуге 433 772,0 мың теңге жоспарланса, екінші бағыт бойынша әлеуметтік объектілердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға 9447,2 мың теңге бағытталған. Осы жоғарыдағы көрсетілген екі бағыт бойынша жоспарланған жұмыс көлемі 443 219,2 мың теңгені құрап, бүгінде көзделген іс-шараның басым бөлігі жүзеге асырылған.
Қандыағаштың да мәселесі шешілді
Қандыағаш қаласында өңір басшысы ішкі автокөлік жолдарының жағдайымен танысты. Қандыағаш қаласында барлығы 38 көше бар. Айта кетерлігі, биыл Қандыағаштағы қалаішілік жолдарды жөндеуде ауқымды істер атқарылды. Мысалы, өткен жылдармен салыстыратын болсақ, Мұғалжар ауданы бойынша 2010 жылы жолдарды ағымдағы жөндеуден өткізуге – 10 млн теңге, күтіп ұстауға 4 млн 400 мың теңге қаражат бөлінсе, 2011 жылы жолдарды күтуге 7 млн 700 мың теңге қарастырылған. Ал ағымдағы жылы жалпы құны 267,3 млн теңгеге Қандыағаш қаласының 9,7 шақырым автокөлік жолдары жөнделіп отыр.
Қалада орналасқан Жастық, Достық, Самал ықшамаудандарындағы көп қатарлы үйлер мен мекемелерді қамтамасыз етіп отырған орталық жылу қазандығы жылу беру маусымына дайындықтан өтті. Ағымдағы жылдың 1 қазанында мектептер мен балабақшалар, 15 қазанынан бастап барлық мекеме мен тұрғын үйлер жылумен қамтылды. Қандыағаш қаласының тұрғындары мен орталық жылу қазандықтарына қажетті мөлшерде сумен қамтамасыз ету мақсатында екі жер асты су ұңғымасы қазылып, пайдалануға берілді.
Сондай-ақ қалаішілік ауызсу және кәріз құбырларындағы ақаулы бөлшектер алдын ала анықталып, жөндеу жұмыстары жүргізілді. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қаланың кәріз жүйесі мен су құбырлары қазіргі таңда қалыпты жұмыс істеуде.
Ауданның басты үш қаласында болған өңір басшысы әр қалалық округтің әлеуметтік жағдайымен, қысқа даярлық жұмыстарымен танысты. Елдің әл-ауқатын арттыруға бағытталған Үкімет тапсырмаларын тиімді орындауды аудан басшылығына жүктеп, бірқатар тапсырма берді.