Зейнетақы қорынан ақша алу ережелеріне өзгерістер енгізілді
Қазақстанда зейнетақы қорынан ақша алу ережелеріне бірқатар өзгеріс енгізілді. Атап айтсақ, бұдан былай азаматтар зейнетақы жинақтарының қаржысын баспана жағдайын жақсартудан бөлек, жақын туыстарының еміне де жұмсай алады, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі 31 арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.
Ал ауыр еңбек жағдайында қызмет ететін азаматтар кәсіптік зейнетақы жарнасын бір реттік төлем кезінде қолдана алмайды. Бұл өзгерістер жаңадан енгізілген әлеуметтік кодексте қарастырылған.
1 шілдеден бастап жаңа әлеуметтік кодекс өз күшіне енді. Осыған сәйкес азаматтардың зейнетақы қорынан ақша алу ережелеріне де өзгерістер енгізілген. Мәселен, ауыр еңбек жағдайында жұмыс істейтін қызметкерлер бұған дейін міндетті зейнетақы жарнасы мен кәсіптік зейнетақы жарнасын баспана алуға немесе емдеуге жұмсай алатын. Енді бұдан былай біржолғы зейнетақы төлемін алар кезде бұл жұмысшылардың кәсіптік зейнетақы жарнасы есептелмейді. Яғни, азаматтар жарнаның бұл түрін үй алуға немесе емге жұмсай алмайды. Есесіне сенімгерлік басқаруға беретін болса кедергі жоқ.
БІРЫҢҒАЙ ЖИНАҚТАУШЫ ЗЕЙНЕТАҚЫ ҚОРЫ:
– "Міндетті зейнетақы жарналары және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы жинақтарын инвестициялық портфельді басқарушының (ИПБ) сенімгерлік басқаруына беру кезінде зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегі бұдан былай ескерілмейді. Әлеуметтік кодекс күшіне енген кезден бастап салымшы аталған зейнетақы жинақтарының 50 пайызына дейін ИПБ-ның сенімгерлік басқаруына беруге құқылы"
Екіншіден, азаматтар біржолғы зейнетақы төлемдерін жақын туыстарының еміне немесе баспана жағдайын жақсартуға жұмсай алады. Жақын туыс санатына ата-ана, туған немесе асырап алған балалар, асырап алушылар, ата-әже және немерелер кіреді. Экономист Меруерт Махмұтова бұл әсіресе, жалақысы төмен азаматтарға тиімді дейді.
МЕРУЕРТ МАХМҰТОВА, экономист:
– Қатты бір өзгерістер бола қоймайды деп ойлаймын. Алған кісілер алды. Қалғандарда онша қаржы көп емес. Бұрғынғыға қарағанда ақшасын шығарып алатындар ұлғаяды деп айтпас едім. Енді біздің зейнетақы қордағы көп жылдар жинаған қаржымыз құнсызданып бара жатыр. Былтыр инфляцияның өзі 20 пайыздан асып кетті. Не де болса, кішкентай қаржылары болса да, сол тіс емдеуді сылтауратып алып алуға тырысады.
Сондай-ақ, экономист әу баста зейнетақы қорындағы қаражатты баспана алуға немесе емдеуге жұмсау туралы шешім дұрыс емес дейді. Себебі, аз жалақығы күн көретін қарапайым халық зейнетке шыққан кезде табыссыз қалуы қаупі бар. Яғни, бұл жоғары жалақы алатын лауазымды тұлғалар мен биліктегі басшылық қызметте жұмыс істейтіндерге ғана тиімді екенін түсіну керек дейді.
Соңғы сағатта көп оқылған жаңалықтар осында Massaget.kz