Елімізде жастар санатына кіретіндер саны ұлғаюына байланысты жеңілдікпен жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасына өзгерістер енгізу қарастырылып жатыр. Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице–министрі Данияр Қадыров мәлім етті, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі "ҚазАқпарат"-қа сілтеме жасап.
«Жастар санатына кіретіндер 29-дан 35 жасқа дейін ұлғайтылғаны белгілі. Аталған санатты өзгерткенге дейін елімізде 3,7 млн жас болса, ұзартылғаннан кейін олардың саны 5,8 млн-ға жетті. Демек жастар саясатының аясы да кеңейе түспек. Мәселен, «Тәуелсіздік ұрпақтары», «Zhas Project», «Дарын» сыйлықтары, одан басқа бизнес жобаларға қатысу мен мемлекеттік гранттар алу мүмкіндігі артады. Сол сияқты жергілікті атқарушы органдарға жастарға жеңілдікпен жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасын әзірлеп, іске асыру бойынша жаңа құзырет беруге бағытталған түзетулер қарастырылып отыр. Әкімдіктер «Отбасы банкімен» бірлесіп 35 жасты қоса алғанда, азаматтар қатыса алатын жастарға арналған өңірлік тұрғын үй бағдарламаларын әзірлей алады»,- Данияр Қадыров Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Министр орынбасарының айтуынша, жастар саясаты туралы жаңа заң – аталған саланы жетілдіруге, қоғамдық қатынасты реттеудің құқықтық негізін қалыптастыруға және жастарды еңбекпен қамтуды арттыруға бағытталған.
Еске салсақ, былтыр қазанда Парламент Мәжілісі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік жастар саясаты мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдаған еді.