Жанартаудың аты – Эйяфьятлайокудль
Исландиялық жанартаудың әсерінен бір апта бойы тоқтап қалған Еуропадағы авиатасымалды қалпына келтіру үшін ЕО транспорт министрлері төтенше жиын өткізуде. Авиаколлапс жағдайында ортақ шешім қабылдауға ниеттенген министрлер «әліптің артын бағу керек пе, әлде ұшуды жалғастыру керек пе» деген мәселеде бір тоқтамға келмекші.
Бүгінге дейін Lufthansa, Air France и KLM әуе компаниялары 27 сынақ ұшуларын өткізді. Қазірше олар жанартау түтінін басып ұшқан ұшақ қозғалтқыштарынан ақау таппаған. Еурокомиссия енді жолаушылар қауіпсіздігі мәселесіне деген қатаң талаптарды жұмсарту мәселесіне бас қатыруда. Өйткені бір жағынан, бұрын-соңды мұндай құбылыспен бетпе-бет келіп көрмеген еуропалықтардың шыдамы таусыла бастаса, екінші жағынан, 1982-2000 жылдар аралығында ұшақтардың қозғалтқыштарының мұндай жағдайда істен шығуының 100-ден астам оқиғасы тіркелген. «Джакарта инциденті» деген атпен белгілі оқиғада Үнді мұхитының үстімен ұшып бара жатқан жолаушылар толы Boeing-747 ұшағының Ява жанартауының түтінінің әсерінен төрт қозғалтқышы бірдей тоқтап қалып, құлай бастаған ұшақтың соңғы минуттарда ғана бір қозғалтқышы іске қосылып, әупіріммен Джакарта аэропортына келіп қонады. Кейіннен қозғалтқыштарды тазалағанда, әрқайсысынан 80 келі күл алынған екен.
Әрине, мұндай жағдайға жол беруге болмайтыны анық. Әйтсе де атқылаған жанартаудың түтініндегі күл ұлпасының әсерінен Еуропада 313 аэропорт жұмысын тоқтатып, 63 мың рейс кейінге шегерілді. Жолынан қалғандардың саны миллиондап есептеледі. Маршруттарды өзгертуге байланысты және жолдан қалған жолаушыларға төленетін өтемақы сомаларын қоспағанда, әуе компаниялары күніне 200 миллион доллар зиян шегуде. Мәселенің шешімін кейінге қалдыра беруге болмайтыны да сондықтан. Осыған байланысты Еурокомиссия әуе маршруттарын ұшып бара жатып-ақ өзгерту, ең тиімді дейтін 10-11 мың метрлік биіктіктен төмендеу ұшу, әр аймақтағы ауадағы түтін концентрациясына ғарыштан үздіксіз мониторинг жасау тәрізді іс-шаралардың тиімділігін қарастырып жатыр.
Лондонның Хитроу аэропортындағылар «шаң басқан ұшақтардың осылайша жерде мүлгіп тұрғандарын соғыс кезіндегі немістердің әуе шабуылынан бері көрмеп едік» деп отыр.
Табиғаттың күтпеген апатынан зардап шегіп отырған еуропалықтарды аталмыш жанартау соңғы рет 1821 жылы мазалаған екен. Ол кезде жанартаудың атқылауы 2 жылға созылған көрінеді. Бұл жолы қалай болары белгісіз, бірақ соңғы екі күнде жанартаудың белсенділігі екі есе артып отыр. Зерттеушілердің айтуынша, бұл жанартау оған жақын орналасқан Мирдальсйокудль мұздығы түбіндегі екінші жанартауды оятуы мүмкін екен. «Егер жанартаудың бұл жолғы активтілігі бұрынғысындай болса, Еуропаның аспаны тағы екі жыл осы вулканның еркелігіне бағынатын болады. Аэропорттардағы қазіргі көрініс үйреншікті құбылысқа айналады», – дейді Лондон университетінің профессоры Билл Макгуайр.
Үш күн ішінде ауаға 140 миллион текше метр газ бен шаң бөліп, түтіні 10 шақырым биіктікке көтерілген, ауаны электрлендіргені сондай – 15 минут сайын аспанда ғаламат найзағайлар туғызып отырған жанартау осылайша тұтастай бір құрлықтың экономикасына зардабын тигізіп отыр. «Еуроаймақтың дағдарыстан кейін қалпына келу жылдамдығы онсыз да бәсең еді, бұл жағдай енді одан ары негативті әсерін тигізетіні даусыз», – деп мәлімдейді ЕО Саяси зерттеулер орталығының директоры Даниэл Грос.