Жүргізушілердің төбелерінен жай түсірген «жанар-жағар май қымбаттауы мүмкін» деген ақпардың расқа айналатын түрі бар. «Жел соқпаса, шөптің басы қимылдамас». Үкіметтің әртүрлі сарындағы әңгіме айтуларының өзі елді дүрліктірмей, алдын-ала дайындап алмақшы екені айтпаса да түсінікті. Бірақ, «ымды, түсінбейтін, дымды түсінбейді» демекші, халық та ақымақ емес. «Үкімет шама-шарқынша бағаны ұстап тұруға тырысып бағуда. Алайда ол дұрыс емес. Қалай дегенде де, жанар-жағар майдың бағасын еркіне жіберуге тура келеді. Басқа амал жоқ» дейді мамандар. Иә, әйтеуір жанар-жағар май қасқалдақтың қанындай қат болып кетпесе игі.
Осыдан тұп-тура бес күн бұрын отандық БАҚ-тар «жанар-жағар май қымбаттауы мүмкін» деп жарыса жазған еді, «Алаш айнасы» оған қосыла кетуге асықпады. «Тамыз айынан бастап сұранысқа ие АИ-92-нің 30 теңгеге, АИ-80-нің 33 теңгеге, ал дизельді отынның 28-теңгеге қымбаттайтыны туралы» жазған БАҚ-тар негізі үкіметтегі сенімді ақпарат көздеріне сілтеме жасаған болатын. Нақтырақ айтсақ, «ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі, Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау жөніндегі агенттігі, сонымен қатар, ҚР Мұнай және газ министрлігі өкілдері кіретін үкіметтегі ведомствоаралық комиссия келісе келе, АИ-92-145 теңге, АИ-80 122 теңге, ал дизельді отын 130 теңгеге қымбаттату туралы шешімге келді. Бұл анық» деп айттыпты-мыс.
Бірақ ресми түрде үкіметтің өзі жария етпеген соң, жұрт екіұдай ойда қалды.
Айта кетейік, естеріңізде болса, мамыр айының аяқ шенінде де жанар-жағар майдың қымбаттауы туралы сөз тарап кеткенде ҚР Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалиннің:
-Дөп басып ештеңе айта алмаймын. Алдағы маусым айында бағаның өзгермейтіні анық. Маусым айынан қалай шығатынымыз белгісіз. Ең бастысы, Ресей тарапынан өзгеріс болмасын деп тілейік, өйткені өнімнің басым бөлігін осы көршілерімізден тасымалдап отырмыз. Қорымыздың көлемін және Ресейден қанша импорт жасалатынын, сонымен қатар, өз зауыттарымыздың нарықтағы үлесін есептейтін боламыз. Ал әзірге еш қиындық жоқ. Ішкі нарықтағы жағдай бірқалыпты. Демек, алдағы айларда жанар-жағар майдың бағасы көтерілмейді. Бүгінгі күні мұнай өнімдері қоры 200 мың тоннадан астам, - деп, алдағы бір-екі айға ғана болжам жасағаны бар.
Негізі сол кездері де бензин бағасы шілде айында көтеріледі деген сыбыс болған. Оны құзырлы министрліктің өзі мәлімдеген болатын. Ол жолы оны Ресейдегі жанар-жағар май бағасының қымбаттауымен түсіндірді. Біз жыл сайын солтүстіктегі көршілерден 2 миллионға жуық тонна мұнай өнімін импорттап отырмыз. Ал қазір қордағы жанар-жағар май азайып бара жатса керек. Ресей демекші, ол елдегі жанар-жағар май шілде айының алғашы күндері 1,8 пайызға қымбаттаған болатын.
Негізі әлемдік нарықтағы жағдай тұрақты. Ондай болса, Ресейдегі бағаның құбылуына не себеп деген ой туындайды. Осы тұрғыда ресейлік мамандар бірнеше себепті атап шықты:
- Киришск мұнай өңдеу зауытының жоспарды орындай алмай жатқандығы;
- Тапшылықпен қорқытып отырған мүдделі топ бар. Сол арқылы олар мұнай биржасындағы сұранысты тікелей басқаруға қол жеткізіп алды;
- Трейдерлер. Олар бағаны арзанға алып, өзге елге қымбатқа сатып жатыр;
- Инфлияция;
- Ресейдегі экономикалық ахуал.
Сайып келгенде, Ресейдегі орын алып отырған осы факторлар бізге тікелей әсер етеді. Рас, үкімет жағдай қиындап кетпес үшін түрлі амалдарды қарастыруда. Құзырлы сала министріне сенсек, мұнай құбырлары 2015 жылдың соңына қарай салынып бітсе керек. Мәжіліс депутаттары Қазақстан мен Ресей арасындағы мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы сауда-саттық ынтымақтастық туралы келісімге енгізілген өзгертулерді мақұлдап отыр. Заң жобасына сай, екі жақ бір-бірінен қанша көлемде мұнай алатынын, қанша мұнай беретінін реттейді. Мәселен, Қазақстан ашық түсті мұнай өнімдерінің экспорттық баж салығын көтеріп, Ресейдің ашық түсті мұнайының реэкспортына тыйым салмақ.
Әңгіменің тоқ етеріне келсек, Экономика ғылымдарының докторы, профессор Олег Егоров:
-Сөз жоқ, отын нарығын қымбатшылық күтіп тұр. Сыртқыны былай қойғанда, ішкі нарықтың өзі соған итермелеп отыр. Елде инфляция деңгейі жоғары. Әзірге қордағыны талшықтап отырмыз. Олар да сарқылып барады. Үкімет «әліптің артын бағып», қандай да бір мәлімдеме жасауға асықпауда. Алайда баға ырыққа қашанғы көнер дейсіз? Бұл нарық заңдылығы. Сондықтан да халықтың жанар-жағар май бағасының қымбаттайтынын дұрыс қабылдағандары жөн, - дейді.
Жанар-жағар май қымбаттауы мүмкін
Последние статьи автора