Жалған жарнама жарға жықпасын десек...
Қазақ елі көп кешіктірмей «Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы» және «Азық-түлік қауіпсіздігі туралы» Заңдарға өзгертулер мен толықтырулар енгізуі тиіс. «Әсіресе, аталмыш заңдарға сырттан келетін азық-түлік өнімдеріне белгілі бір шектеу қою жөнінде және тағамдарды жалған жарнамалауға тыйым салуға қатысты арнайы баптар енгізілуі керек». Міне, еліміздің биолог ғалымдары осылай деп дабыл қағуда. Жуырда М.Ә.Айтқожин атындағы Молекулалық биология және биохимия институтының ғалымдары тағам өнімдерінің сапасын, сақталу барысын, өнім қаттамасындағы өнім туралы жазылған ақпараттар барысын зерттеу кезінде осындай ой түйген. Мамандардың пайымдауынша, бүгінде елде жалған жарнама беру арқылы өнім өтімділігін арттырып, тұтынушының қалтасын қақшып, құқын бұзушылық үрдісі тым жиілеп кеткен.
Ақиқатын айтсақ...
Негізінен, ақиқатын айтар болсақ, елімізде жұп-жұмыр үйлестірілген жарнамалар тұтынушылардың жүрегіне тым жылы тиюде. Ал көпшілік дамушы және дамыған елдер нақ осы жарнамасын түзеп, күзеп, әлдеқашан белгілі бір жүйеге түсіріп алған. Мәселен, біз бүгінде жарнамасын асырып жүрген энергетикалық сусындарды өндіруге АҚШ-тың өзіндік шектеу қойып отырғаны белгілі. Сондай-ақ Германия да энергетикалық сусындарды оңды-солды жарнамалауға бүгінде мүлде тыйым салды. Сондай-ақ қатырылған кеспелер мен жартылай дайын өнімдерді жарнамалауға қатысты да бірқатар елдер өзіндік шектеу қойған. Бұған қатысты биологиялық зерттеулер орталығының бас маманы, ғалым Мұрат ҒЫЛМАНОВ былай дейді:
– Қазірде жарнамасын асыру арқылы табысқа батып жүрген кәсіпорындар жетіп-артылады. Шын мәнінде, кімнің не өндіріп жатқаны белгісіз. Мәселен, біз жуырда теледидардан күнде жарнамаланып жүретін Қытайдың «Кішкентай кеседегі кеспе» деп аталатын кеспелерінің адам миына зияны айрықша екенін анықтадық. Егер адам үстіне қайнаған су қоса салатын, бес минутта дайын болатын осы кеспені жиі тұтынса, кеспедегі қоспалар адамның миына барып жинала береді екен. Бара-бара әлгі қоспалар томпайып, ісік тәрізді болып адам миында қатып қалады. Қытайда бұл өнімді тұтынатындар – некен-саяқ. Ал бізде бұл өнімдер әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың күнделікті тұтынатын тағамына айналғаны даусыз.
Зерттеулер не дейді?
Жалпы, зерттеулерге жүгінсек, көптеген тағам өнімдерінің жарнамасы мен сапасында, жасалу тәсілінің арасында тым алшақтық барын байқаймыз. Ғалымдар бұл ретте мынадай мысалдар келтіреді:
• Мәселен, белгілі бір сусынның сыртында «Тархун татитын кивиден лимонад» деп жазылып тұрсын делік. Шәрбатты дайындауға қажет өнімдер: киви – 1,15 келі; тархун – 0,25 келі; қант – 0,5 келі; жалбыз – 0,01 келі; лимон – 0,175 келі; Сарыағаш минералды сусыны – 1 дана.
Міне, аталмыш өнімді дайындау үшін осыншама қажетті нәрсе керек. Ал біздің қайсыбір отандық өндірісшілер 1 келі киви мен 0,2 келі тархунды блэндерде шайқап, 1 келі қантпен араластырып, су қоса салу арқылы өнімді ең жеңіл жолмен дайындайтын көрінеді. Мұнымен қоймай, осылай «шалажансар» дайындалған өнім сыртына «Тархун татитын таза кивиден жасалған сусын» деп өнім туралы жарнамасын асыра түсінік береді.
• Бұдан соң ананастан жасалған йогурттарды таза табиғи жолмен дайындау үшін мынадай қажетті заттар керек көрінеді: ананас – 1,25 келі, қымыздық – 0,4 келі, лимон – 0,175 келі, қайнатылып қоюлатылған сүт.
Бұл өнімді де өндірушілердің бір бөлігі ананас пен қантты араластырып, оған құрғатылған сүт қосу арқылы жеңіл әдіспен даярлайтын көрінеді. Бұл бірді-екілі ғана мысал. Ал мұндай үрдістердің барлық өнім түрлерін даярлауда кездесетінін мамандар жоққа шығармайды.
Маман пікірі...
Бұған қатысты биология ғылымының докторы, профессор Мұрат Ғылманов:
– Иммунитетті арттырады деп қазірде біз жиі тұтынатын сүт қышқылды тағамдарының, йогурттардың қаттамасында «өнім адам ағзасында иммунитетті арттырып, лактобактерия қызметін арттырады, иммунитетті көтереді» делінген. Ал ақиқатында, бұл өнімдегі қоспалардың дені дәрумендер емес. Өнімге қоспалар тек өнім бұзылып кетпеуі үшін, ұзақ уақытқа дейін қалпын сақтау үшін қосылған. Мәселен, қайсыбір сүт қышқылды тағамдарда «үш апта ішінде ағзадағы холестерин деңгейі төмендеп, қан айналымы 10 пайызға жақсарады» делінген. Қарасаңыз, өнімнің құрамы негізінен фитостериннен тұрады. Фитостерин – құрамына белсенді зат кіретін құрғақ дәрілік экстракт. Ол ішекке барып ериді. Міне, қайсыбір өнімдердің ішінде дәрілік препарат қосатын ішіне бүккен құпиясы бар. Бұған қоса, консервіленген және кептірілген балық өнімдері адам ағзасында қатерлі ісік дерті қоздырғышының қозуына апарып соқтырады. Өйткені бұл өнімдерге түрлі қоспалармен қоса, глютомат қосылады. Ал глютомат ағзада көбейген тұста қатерлі ісік дерті өршиді. Қазір осындай өнімдерді тұтынғаннан кейін ұрпағы ұсақталып, халық денсаулығы күрт төмендеп кеткенін аңғарған біраз елдер бұл өнімдерді тұтынуға арнайы заңмен тыйым салды. Ал біздің Мәжіліс бұған назар аудармай отыр. Байыптағанға, бұл – үлкен мәселе. Өз тарапымнан айтар ұсынысым, осы мәселеге қатысты арнайы заң шығарылып, мұндай өнімдерге белгілі бір шектеулер қойылуы керек, – дейді.
Түйін
Заманында Қытайдың ірі ойшылы Лао Цзы: «Адам не жесе, соған қатты ұқсайды», – деген екен. Бүгінде әлем елдері осы сөздің астарына терең мән беріп, алдындағы ас-ауқатын талғап ішуді әдетке айналдырғалы қашан?! Ал отандық ғалымдар: «Қазақ тұтынушысы әлі де әсіреқызыл жарнамаға еліткіш, өнім туралы ақпарат алуға келгенде сауатсыз», – деседі. Ендеше осы тұста бізге де дастарқанымыздағы асымыз туралы мол ақпарат алуға, сауатты таңдау жасауға пейіл таныту керек екені – даусыз. Олай етпесек, болашақта қауіпті жарнама тәнімізді дертке шалдықтырары һақ...